Өрт сөндіру қызметінің ахуалы қандай?

Өрт сөндіру қызметінің ахуалы қандай?

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан он жеті адам қаза тапты. Оқыс оқиғаға байланысты түрлі болжам да, байлам да жасалды. Алайда өрттің неден туындағаны және мұнда адами фактор болды ма, жоқ па, оған қатысты құзырлы органдар жақ ашпай отыр. Тек Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков оқ пен оттың ортасында қалған өрт сөндірушілердің өзегін өртеген мәселені көтергендей болды. Халық қалаулысы төтенше жағдайлар қызметінің осал тұстарын тізбектеп, саланың материалдық базасы мен штаттық құрылымын сынға алды.

 Өрт сөндіру қызметінің жабдықталуы 32 пайыз ғана

Депутаттың сөзіне сүйенсек, Та­раз қаласы мен облыстағы өрт сөндіру стансаларының саны, сон­дай-ақ кезекші қарауылдың жа­уынгерлік есебі мен жеке құрамы­ның штат саны нормаға сай келмей­ді екен. Сондай-ақ сенатор өрт-құт­қару техникасы мен жабдық­тар­ды сатып алуға ақшаның бөлін­бе­уінен құтқарушылар ескі жабдық­тармен жұмыс істеуге мәжбүр бол­­ғанын айтады.
«Жамбыл облысында өрт сөн­діру қызметінің автотехника паркі 136 дананы құрайды. Баланста бар автокөліктің 26-сы ескірген техни­ка, оның пайдалану мерзімі 20 жыл­дан асады. Бұдан басқа Байзақ ауданында төтенше жағдайды жою кезінде 18 дана өрт сөндіру техни­касы жарамсыз болып қалғанын атап өту қажет», – деді Бекболат Орынбеков.
Осы тұста облыстың өрт сөндіру қызметі Байзақтағы әскери қой­маны өшіруге дайын болмады ма, әлде бұл жараның орнын жазуға бағытталған әрекет пе деген орын­ды сұрақ туады. Санаға салмақ сал­ған сауалға жауап таппақ мақ­сатта об­лыстық Төтенше жағдайлар депар­таменті «Өрт сөндіру және апат­тық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне ат ізін салған едік. «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің бастығы Жомарт Бекбо­латтың айтуынша, биыл өрт сөнді­рушілер 433 өрт оқиғасы мен 238 апаттық-құтқару жұмысына шық­са, бұдан бөлек тағы 1 230 оқи­ғаға дабыл бойынша барған. Соған қарамастан өңірде 14 адам өрттен ажал құшып, 6 азамат жарақат ал­ған. Қаза тап­қан­дардың бесеуі – бала. 247 адам тілсіз жаудан құтқа­рылса, 316 тұрғын басқа орындарға көшірілген. Бөлімнің штат бірлігіне келсек, мекемеде жалпы 753 азамат жұмыс істесе, оның ішінде 652 адам аттес­татталған құрамда (127 офицер, 525 сержат). Үш жыл сайын сала ма­ман­дарының біліктілігі тексеріліп, жан-жақты дайындығы пысық­талады екен. Сынақтан сүрінбей өту үшін әрбір өрт сөндіруші ба­бында болуы қажет. Ал жас өрт сөндірушілер барлық нормативтерді тапсырған соң алғашқы дайын­дыққа жіберіліп, жұмыстың қыр-сырымен танысады. Олардың қа­та­рына 35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады. Техникалық базаға тоқталсақ, об­лыстық Төтенше жағдайлар де­пар­­таменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қыз­меті» меке­месіне қарасты аймақ бо­­йынша 130 техникасы бар. Бөлім бас­шысы Жо­март Серікұлының айтуынша, аталған көлік бірлігі ме­ке­менің қа­зіргі базасына жеткі­лікті көрінеді.
– Жыл сайын мерзімі өткен техникалар өзге өрт сөндіру бекет­теріне бөлініп беріледі. Яғни, дәл қазір жаңа көліктер алып, барлық базаны жаңартуға мүмкіндік жоқ. Оған қоса бөлімдерде техникаларды сақтайтын орын тапшы. Мәселен, аймақтағы өрт сөндіру бөлімдеріне бар болғаны 3-4 техника сыяды. Нәтижесінде, өңірдегі өрт сөндіру қызметінің нормаға сәйкес жаб­дық­талуы 32 пайыз ғана. Бұл олқы­лықтың орнын толтыру үшін жа­­ңа өрт сөндіру бөлімдерін ашу ке­рек, – дейді Ж.Бекболат.

Техникасы ескі бекеттер төтенше жағдаймен қалай күреседі?

Маманның сөзіне сүйенсек, өрт сөндіру қызметі саласына жыл са­йын арнайы бағдарлама бойынша Үкіметтен, жергілікті басқару ор­ган­дарынан қаражат бөлінеді екен. Бұған жаңа көліктер кезең-кезе­ңі­мен алынып жатқанымен, ескі­лерін есептен шығарып жатқан еш­кім жоқ. Ал өрт сөндіру бөлімін ашу қиын­ның қиыны. Оған респуб­ликалық бюджеттен қаржы қарал­маса, облыстың әлеуеті жетпейді. Рас, алдыңғы жылдардан бастап Жуалы ауданындағы Көлтоған, Талас ауданындағы Ақкөл, Сарысу ауданындағы Саудакент және Қор­дай ауданындағы Отар ауылынан өрт сөндіру бекеттері ашылды. Онда бүгінде он адамнан жұмыс істеп жатыр. Осы бекеттер әуелден бөлім болып құрылғанда көп мә­селе шешімін табады екен. Алайда бел­гіленген талап бойынша өрт сөн­діру бөлімі халық саны 5 000-нан асатын елді мекендерде ашы­луы қажет. Көп жағдайда ауылдар­дың халық саны бес мыңға жетпе­гендіктен өрт сөндіру бөлімін ашу мүмкін болмай жатыр. Бүгінде Қордай ауданында өрт­ке қарсы қызмет бөлімінен басқа жергілікті әкімдіктің үш өрт сөндіру бекеті бар. Шу ауданындағы Шоқ­пар ауылында, Жамбыл және Бай­зақ аудандарында жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекеттерін ашқан. Олардың негізгі міндеті – өртке қар­сы ерікті құрылымдарды жасақ­тау. Яғни, бекеттегі мамандар өрт шыққан аумақты негізгі күш кел­генше ауыздықтауға атсалысады. Бұл бірінші кезекте шалғай ауылдар үшін тиімді. Себебі орталықтан алыс орналасқан аумақтарға өрт сөндіру қызметі жеткенше, тілсіз жаудың таралуын жол бермеуге күш салады. Алайда бір алаңдайтын жері – облыстық Төтенше жағдай­лар департаменті осы бекеттерді өз­дерінен қалған тозығы жеткен техникамен қамтып отыр.
– Биыл жергілікті билік тара­пынан үш өрт сөндіру автокөлігі алынса, өткен жылы бес техника бір автосаты бөлінді. Неге аз десеңіз, мұ­ның себебі өрт сөндіру техни­ка­сының құны жай көліктерден он есе қымбат. Арнайы техниканың ішін­дегі жабдықтар да қолжетімді емес. Жыл сайын мекемеге 4-5 техни­ка алынғанымен, ол облысқа жет­кіліксіз болып отыр. Байзақтағы оқиғадан кейін бір күнде 18 бірлік техникамыз жарамсыз болып қал­ды. Оның ішінде жедел қызмет көр­сетуге арналған және штабдық автокөліктер, үш автосаты және өрт сөндіруге арналған тоғыз негізгі техникамыз бар. Өзіміз өрт сөндіру көліктерінің басын қосып, жағдай­ды енді реттеп жатқанда бұл оқиға жығылғанға жұдырық болды. Осы тұста сенатор Бекболат Орын­бе­ковтің көтерген мәселесі орынды деп есептеймін. Ол облыста жүр­генде бізге барынша қарайласып, соңғы жылдары төтенше жағдай саласына кураторлық етті. Төтенше жағдайлар болған аймаққа өзі де бірнеше рет барып, өрт сөндіру­ші­лермен құтқару операцияларына да қатысты. Сондықтан Бекболат Серікбекұлы біздің жағдайымызды толықтай біліп отыр. Қызметкерлеріміз су тасқыны, қар көшкіні, өрт пен дауылға қа­ра­май күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Осыдан кейін техникалар қалай ескірмейді? Байзақтағы оқи­ғадан кейін білікті маманда­ры­мыз­дан айырылып қалдық. Сонымен қатар 49 қызметкеріміз түрлі дене жарақа­тын алды. Енді сол азамат­тардың қайта қатарымызға қосы­луын тілеп отырмыз, – дейді бөлім басшысы.
Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін өңірлік өрт сөн­діру қызметіне әр облыстан бір-бір көлік берілген екен. Сондай-ақ ау­дандардан да өрт сөндіру көлік­тері жеткізілген. Олар 12 техникасы шы­ғын­далған өрт сөндіру бөлім­деріне беріліп отыр. Онсыз да ескі техни­камен отырған аудандар осы­лайша тағы мүшкіл күйге түскен. Беті аулақ әрине, алайда енді осы елді мекен­дерде төтенше жағдай болса, олар апатпен қалай күресер екен?

P.S. Бүгінде облыс орталығында төрт өрт сөндіру бөлімі болса, оның екеуі мамандандырылған мекеме. Енді қараша айында барлық стан­дарт­қа сай тағы бір бөлім ашылады деп жос­парланған. Бұл да болса өрт сөндіру қызметіне көмек екені анық. Алайда тек төтенше жағдай болғанда ғана өрт сөндіру қызметінің жағдайын ойла­май, осы бағытқа қаржыны кө­бі­рек бөліп, Үкімет саланың тех­ни­касын толықтай жаңартып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ ау­дан­дардан ашылған бекеттерді тек тозған техни­камен жабдықтамай, оларға да көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Осыны билік басында отыр­ғандар ескеріп, көмек қолын созады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы