Медиацияның дамуы нашар. Неге?
Медиацияның дамуы нашар. Неге?

Солтүстік Қазақстан облысында медиация саласының дамуы ойдағыдай емес. Бұл көрсеткіш бойынша солтүстік өңір елімізде ең соңғы орында. Бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде  бітімгершілік институтын дамытуға ден қойылып отырғанда солтүстікте бұл сала неге кенжелеп қалды?

Медиаторлардың айтуынша, адво­каттар дауласқан тараптарға бітімгер­ші­ліктің пайдасын түсіндірмейді. Кейде, тіп­ті істі медиация арқылы шешкісі кел­гендерді райынан қайтарады екен. Өйт­кені оларға тараптардың соттасқаны әрі дау­дың неғұрлым ұзаққа созылғаны тиім­ді. Себебі соттың әр инстанциясындағы қызметі үшін оларда жеке тариф бекітіл­ген. Медиатор Данияр Құсайынов: «Егер дау сотқа жетпей, аяқталып қалса, адво­каттарға бұл тиімсіз. Оларға дауласу­шылардың соттасқаны керек. Сондықтан кейде татуласайын деп тұрған адамдарды олар соттасуға итермелеп, бітімгершіліктен бас тартуға шақырады. Олардың қызметі үшін бірінші сатыдағы сотта бөлек, апел­ляцияда бөлек, кассацияда бөлек қала­мақы белгіленген. Сондықтан дау оларға пайдалы әрі неғұрлым ұзаққа созылғаны жақсы. Медиация оларды аса қызық­тырмайды», – дейді. Бірақ адвокаттар мұны ашық айт­пайды, әрине. Біз әңгімеге тартқан адво­каттардың ешқайсысы да медиацияға қарсы пікірін білдірген жоқ. Керісінше, қолдайтындарын айтты. Алайда іс жүзінде басқаша болуы мүмкін. Мәселен, Халықаралық медиация орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Самат Нұрма­новтың тәжірибесінде кездескен жайт – адвокат істі бітімгершілікпен аяқтауға ашық қарсылығын білдіріпті. «Заң бо­йынша тек әкімшілік не азаматтық дау­ларды ғана емес, кейде жеңіл және аса ауыр емес қылмыстарды да медиация арқылы шешуге болады. Кейде ауыр қылмыстарға да медиация қолданылады. Мұндайда міндетті түрде моральдық және материалдық шығын өтелуі тиіс. Содан кейін жәбірленуші соттан қылмыскердің не күдіктінің жазасын жеңілдетуді, бас бостандығынан айырмауды сұрауға құқы­лы. Сот қылмыскердің жазасын жеңіл­детіп, бас бостандығынан айырмай, құр шектеуі мүмкін. Сондай істердің біріне адвокатты шақырып, істі бітімгершілікпен тәмамдауды ұсынғанымызда, ол кісі қарсы шықты», – деді Самат Нұрманов. Осындай жағдайлар ара-тұра кездесіп тұратыны жасырын емес. Татуласу жолы­мен шешуге жатпайтын ауыр, аса ауыр қылмыстық істер, мемлекеттік орган­дармен кейбір даулар және басқалары – адвокаттардың «жеп отырған наны». Алайда оны бәзбіреулері азсынатын бо­лар, бәлкім? «Бұл – медиацияның дамымай отыр­ғанының бір ғана себебі. Сонымен қатар бұл тәсіл халық арасында аса танылмағаны да кері әсерін тигізеді. Көпшілік бұл сөзді естігенімен, мұның не екенінен хабарсыз. Сондай-ақ бүгінде соттың өзі де бітім­гершілікпен айналысады. Сондықтан біз секілді жеке медиаторлар шетте қалып қойып отырған жайы бар», – дейді медиатор Данияр Құсайынов. Қызылжар өңіріне сәуір айында келген халықаралық деңгейдегі кәсіби ме­диатор, «RPA IMC» президентінің Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша өкілетті өкілі Алтын Қалкенқызы қазір облыста медиацияны дамытуға күш салып жүр. Қылмыстық-атқару жүйесі департа­ментімен, еңбек инспекциясымен, Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және мем­лекеттік бағдарламалар басқармасымен меморандум жасасып үлгеріпті. Осы ба­ғыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыра бермекші ниетте. «Солтүстік Қазақстан облысында медиация аса дамымаған екен. Сондықтан қазір өз командамдағы үш адаммен жағдайды түзетіп, осы олқы­лықтың орнын толтыруға атсалысып жүр­міз. Халық бізді таңдай бастады. Өйт­кені дауды бейбіт жолмен шешу көпші­ліктің көңілінен шығады. Сондықтан медиация барлық салада қолданылуы тиіс», – дейді Алтын Бесембаева.

ЕШКІМНІҢ ЕСЕСІН ЖІБЕРМЕУ КЕРЕК

Бүгінде білекке емес, білікке салып, араздасқандарды бәтуға келтіру бағытында еліміздің жүргізіп отырған саясаты құп­тарлық. Осыдан он жыл бұрын «Медиация туралы» заң қабылданып, жаңа, бірақ қазақ даласында бұрыннан бар байырғы мамандық иелері енді іске кіріскен кезде, мәмілегерліктің болашағына күмәнмен қарағандар қатары қалың еді. Бұдан түк шықпайды деушілер де кездескен. Алайда қазір көріп отырғанымыздай, соттарда медиациямен аяқталатын істер баршылық. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, облыс бойынша биылғы сегіз ай ішінде 898 азаматтық іс татуласу рәсімдерін қолдана отырып қаралған. «Бұл – барлық қаралған істердің 22 пайызы. Былтыр жыл бойына 726 іс, яғни барлық істердің 15 пайызы ғана медиация арқылы қаралға­нын ескерсек, едәуір өсім бар екенін байқаймыз. Ал апелляциялық сатыдағы істерге келсек, биылғы сегіз айда татуласу рәсімдерін қолдану арқылы 11 іс қаралған. Былтыр жыл бойына 14-ақ іс қаралған болатын», – дейді Айдар Әскербекұлы. Сотқа жүгінген адамдарға ең алдымен ашуды ақылға жеңдіріп, ымыраға келу ұсынылады. Себебі бұл тараптардың қай­сысына болса да тиімді. Мұндай жолмен дауды аз уақыт ішінде толығымен шешуге болады. «Сотқа түскен істер тек медиация­мен емес, басқа да татуласу рәсімдерін қолдана отырып қаралады. Татуласудың үш түрі бар: татуласу келісімі, медиация тәртібімен реттеу келісімі жане партиси­пативтік тәртіппен реттеу келісімі. Талап арызды қабылдағаннан кейін тараптарды татуластыруға жәрдемдесу міндетті. Сон­дықтан сот тараптардың татуласуы үшін шара қолданады, оларға дауды процестің кез келген сатысында реттеуге көмектеседі. Татуласу келісімін қолданса, ол тек талап қою арызында көрсетілген негізімен және нысанасымен қаралады. Ал медиацияда даудың негізін немесе нысанасын өзгер­туге болады. Медиациямен тараптардың арасындағы дауды толық шешуге бола­ды», – дейді Айдар Смағұлов. «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім тауып, тараптардың ешбірінің есесін жібермей, мүддесін түгендеу – медиатордың міндеті. Түйінді тарқату үшін мәмілегердің де шеберлігі қажет-ақ. «Біздің тәжірибемізде жеке сот орын­даушыларының әрекетіне, шаруашылық мәселелеріне, еңбек қатынастарына, неке және отбасына қатысты даулар көп кез­деседі. Мұндайда біз өз қызметімізді ұсы­намыз. Адвокаттарға қарағанда төле­мақы әлдеқайда аз. Әрі тараптар қаншама уақы­тын үнемдейді. Сот сергелдеңі жарты жыл­ға дейін созылуы мүмкін. Ал медиация ар­қылы дауды әрі кетсе он күннің ішінде шешіп, тараптар өз жөнімен жүре береді. Сон­дықтан бітімгершілік барлық заңгер­лердің, соның ішінде адвокаттардың да құ­ралына айналуы керек деп ойлаймын», – дейді заңгер, медиатор Самат Нұрманов. Айтқандай, тараптарды бәтуаға келті­ріп, татуластыру – адвокаттардың да қол­данатын тәсілі. Бірақ олар істі сотқа дейін жеткізіп барып, гонорарын қалтаға түсір­геннен кейін ғана бәтуалы уәжге келіп, тіл табысуды ұсынатын көрінеді.

БІТІМГЕРЛІК – БІРЛІК БАСТАУЫ

Солтүстік Қазақстан облыстық соты­ның судьясы Гүлзия Едіресова да адамның ең басты байлығы – алтын уақытын соттасуға жұмсағанын қолдамайды. «Егер татуласу тәртібімен есебін табуға болатын іс болса, одан да тараптардың ымыраға келгені жақсы. Әрі жүйкесі де жұқармайды. Бұрын бір де бір заңда мемлекеттік орган­мен татуласуды қарастыратын норма бол­мап еді. Қазір осындай мүмкіндік берілгені қазақстандық құқық жүйесі үшін кәдім­гідей прогресс деуге болады. Биылдыққа облыс бойынша мемлекеттік органдарға қатысты 165 талап арыз түссе, соның 100-і қаралып, 27-сі татуласумен тәмамдалды. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе, жеке сот орындаушылары, Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, табиғи монопо­лиялар, еңбек департаментіне қатысты істер жиі кездеседі. Бұрын мемлекеттік органдар халыққа «Бірдеңе ұнамаса, сотқа жүгініңіз» дей салатын. Қазір лауазымды тұлғалар да бұл тығырықтан шығар жол емес екенін, татуласуға болатынын түсініп отырғаны қуантады», – дейді судья Гүлзия Мырзаханқызы. «Медиация және Достастық құқығы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төра­йы­мы Галина Пехотина мен халықаралық деңгейдегі кәсіби медиатор, «RPA IMC» президентінің Солтүстік Қазақстан облы­сы бойынша өкілетті өкілі Алтын Қалкен­қызының да пікірі осыған саяды. «Біреуді темір тордың арғы жағына қамағаннан пайда жоқ», – дейді олар. Сондықтан кейбір істерді міндетті түрде бітімгерлікпен тәмамдауды міндет­теу мәселесі заңмен бекітілгені игі.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы