Тегін такси: Ақтауда қызметіне ақша алмайтын жүргізуші бар (видео)
Тегін такси: Ақтауда қызметіне ақша алмайтын жүргізуші бар (видео)
325
оқылды

Әлеуметтік желідегі ақтаулық азаматтың атқарған қайырымды ісі жұрттың қызу талқысына түсуде. Себебі Ақтау тұрғыны Қуандық Өміров ел-жұртты қажетті мекенжайына тегін жеткізумен айналысады. Шопырдың өзі болса, елдің разылығы үшін жұмыс істеп жүргенін айтты. Ол тіпті бензинге деп берген ақшаны да алмайды.

– Үйден таңертең ертерек шығып, жұмысқа дейін бір сағаттай адам тасимын. Жұмыстан кейін кешкі 9-дан түнгі 12-ге дейін тағы осы әрекетімді қайталаймын. Әрине, ешбірінен ақша алған емеспін. Адамдармен емен-жарқын сөйлескенге не жетсін?! Жақсы әңгіме-дүкен құрсақ, көңілім жайланып қалады. Одан басқа ештеңе керек емес, – дейді Қуандық Өміров.

Айтуынша, алғашқыда адамдар тегін жеткізіп тастайтынына таңданып, сенбеген көрінеді. "Қазір көбісі көлігімнің нөмірін жаттап алған. Тоқтай қалсам, қуана-қуана отыратын болды. Мүмкіндігім болса, аптасына бір рет автобусты тегін жүргізер едім", – дейді ол. Қуандық Өміров Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, мықты инженер атанған. Бүгінде өзінің кішігірім көлік жөндеу шеберханасын ашқан. Сонымен қатар 3-4 жұмысшысы бар. Қазір 42 жастағы таксист жалғызбасты әке екен. Әйелінің қайтыс болғанына біраз жылдың жүзі болған. Жақында қызы тұрмысқа шығады. Әкенің ендігі арманы қызының бақытты болуын қалайды.

– Жақсылық жасау әр адамның ісі емес пе?! Сондықтан қолымнан келсе, аянбаймын. Күндіз көлік жөндесем, кеште тапқан табысыма бензин құйып, адамдарды тегін жеткізіп тастаймын. Елдің қуанышын көріп, өзім де риза боламын, – дейді таксист.

[embed]https://www.youtube.com/watch?v=LI-rlj7sAtI[/embed]