Әлеуметтік желідегі ақтаулық азаматтың атқарған қайырымды ісі жұрттың қызу талқысына түсуде. Себебі Ақтау тұрғыны Қуандық Өміров ел-жұртты қажетті мекенжайына тегін жеткізумен айналысады. Шопырдың өзі болса, елдің разылығы үшін жұмыс істеп жүргенін айтты. Ол тіпті бензинге деп берген ақшаны да алмайды.
Айтуынша, алғашқыда адамдар тегін жеткізіп тастайтынына таңданып, сенбеген көрінеді. "Қазір көбісі көлігімнің нөмірін жаттап алған. Тоқтай қалсам, қуана-қуана отыратын болды. Мүмкіндігім болса, аптасына бір рет автобусты тегін жүргізер едім", – дейді ол. Қуандық Өміров Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, мықты инженер атанған. Бүгінде өзінің кішігірім көлік жөндеу шеберханасын ашқан. Сонымен қатар 3-4 жұмысшысы бар. Қазір 42 жастағы таксист жалғызбасты әке екен. Әйелінің қайтыс болғанына біраз жылдың жүзі болған. Жақында қызы тұрмысқа шығады. Әкенің ендігі арманы қызының бақытты болуын қалайды.– Үйден таңертең ертерек шығып, жұмысқа дейін бір сағаттай адам тасимын. Жұмыстан кейін кешкі 9-дан түнгі 12-ге дейін тағы осы әрекетімді қайталаймын. Әрине, ешбірінен ақша алған емеспін. Адамдармен емен-жарқын сөйлескенге не жетсін?! Жақсы әңгіме-дүкен құрсақ, көңілім жайланып қалады. Одан басқа ештеңе керек емес, – дейді Қуандық Өміров.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=LI-rlj7sAtI[/embed]– Жақсылық жасау әр адамның ісі емес пе?! Сондықтан қолымнан келсе, аянбаймын. Күндіз көлік жөндесем, кеште тапқан табысыма бензин құйып, адамдарды тегін жеткізіп тастаймын. Елдің қуанышын көріп, өзім де риза боламын, – дейді таксист.