Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кейбір елдерде жасалып жатқан ядролық бағдарламалардың қарқын алуын үнемі төнетін террорлық қауіп-қатермен байланыстырып, ақырзаман орнататын қарулардың қолданылу қаупі арта түскенін атап өтті. Қазақстан Президенті дегенмен бұл бағытта белгілі бір деңгейде оң қадамдар жасалып жатқанына тоқталды. – Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт күшіне енді, Иранмен арадағы ядролық қаруға қатысты мәмілені қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер қайта қаралуда, шабуылдауға арналған қаруларды азайту жөніндегі жаңа шарт ұзартылды, АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық тұрақтылық туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Әрине, өзара жоюға кепілдік беретін доктрина ядролық державалардың жуық арада өз арсеналынан бас тартуы екіталай екенін білдіреді. Сондықтан 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыруға ұмтылатынымыз туралы мәлімдей отырып, көңілдегіні нақты іске асыратынымызға скептиктер күмәнмен қарауы мүмкін. Біздің тарихи тәжірибеміз мұның басқаша болатынын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдап, ядролық қуаты жағынан төртінші саналатын арсеналынан бас тартқанына биыл 30 жыл толғанын еске салып өтті. Мемлекет басшысы Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт ядролық энергияны азаматтық мақсатқа заңды түрді пайдалану мен ядролық қаруды таратудың аражігін ажырататынын айтты. Президенттің айтуынша, ядролық қуат бірте-бірте төмен көміртекті энергияның маңызды көзіне айналуда. Қазақстанда өз атом өнеркәсібін дамыту үшін кешенді техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр.