«Түркі келешегі – 2040» стратегиясы әзірленеді
«Түркі келешегі – 2040» стратегиясы әзірленеді
326
оқылды

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында «Түркі парламентаралық ынтымақтастығының көкжиегі» атты ТүркПА-ның X мерейтойлық пленарлық отырысы өтті.

Іс-шара барысында Түркітілдес елдер парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтіп, онда Қазақстан ТүркПА-ға төрағалық етуді Әзербайжаннан қабылдап алды. Н.Нығматулин халықаралық ұйымға төрағалық біздің ел үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік екенін айтып, әзербайжан халқына шын жүректен алғысын білдірді. – Түркі кеңесінің отырысында Елбасы, ТүркПА-ның негізін қалаушы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кеңесті толықтай халықаралық ұйымға өзгерту туралы бастама көтерген болатын, - деген Мәжіліс басшысы биылғы қарашада Стамбұлда өтетін Түркі кеңесінің кезекті отырысында мемлекет басшылары тиісті шешім қабылдайды деп күтіліп отырғанын ескерте келе, егер сондай шешім қа­был­данса, Ассамблеяның атауын «Түркі мем­ле­кеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өз­гер­туді ұсынатынын жеткізді. – Алдағы бір жыл ішінде біз қалыптасқан мұра­герлікті сақтай отырып, елдеріміздің ара­сындағы байланысты одан әрі тереңдету, парла­ментаралық ынтымақтастықты нығайту, ассамблея аясын кеңейту және халықаралық беделін арттыру жолында бірлесе еңбек ететін боламыз, – деді Нұрлан Нығматулин. ТүркПА-ның X пленарлық отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтаухат жолдады. Оны Мәжіліс Төрағасы оқып берді. Сонымен қатар ол Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығының негізгі бағыттарына тоқталды. Нұрлан Зайроллаұлы ассамблея қызметінің алдағы негізгі бағыттары түркі әлемінің ұзақмерзімді мақсаттарын іске асыруға серпін беретін «Түркі келешегі–2040» стратегиялық құжатын әзірлеу екенін айтты. – Біз Кеңесте ТүркПА-ның үлгілі заңдары туралы ережесін қабылдадық. Сонымен бірге ТүркПА заң жобалау қызметінің 2022-2027 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлейтін боламыз. Жаңа цифрлық технологиялардың дамуы ақпараттық қауіпсіздікке көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан біз «Киберқауіпсіздік туралы» модельдік заң қабылдауды ұсынамыз, – деді палата спикері. Н.Нығматулиннің айтуынша, тағы бір негізгі бағыт – халықаралық қатынастар. Отырыста қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе, Ауғанстандағы қазіргі жағдай алаңдатып отыр. БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының қызметкерлері уақытша Алматыға көшірілді. Мәжіліс Төрағасы Елбасы бастамасымен биыл «Түркістан» телеарнасы ашылғанын, үздік техникамен жабдықталғанын айтты: «Түркістан бүкіл Түркі әлемінің «рухани Астанасы» болғандықтан, телеарнадан түркі мемлекеттеріне ортақ арна жасауды ұсынамын», – деді ол. Түркі елдерінің құрылтайы аясында қоры­тын­ды құжат – «Түркістан декларациясы» қабылданды. Н.Нығматулиннің айтуынша, Түркістан декларациясы ТүркПА-ның негізін қалаушы, Елбасы Н.Назарбаевтың теңдессіз жоғары рөлін бағалап, тарихи үлесін ерекше көрсетті. Келесі сессия 2022 жылы Қырғыз Республикасында өтеді.

Елдос СЕНБАЙ