Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, спорт, туризм және архив салаларында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет берілді. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, өнер және мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар туралы баяндалды. Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысына Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жұмысы, Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы, сондай-ақ «Кинематография туралы» заңға енгізілетін толықтырулар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл сарапшылар кеңесі мен ведомствоаралық комиссия мақұлдаған 42 киножобаны қаржылай қолдау жоспарланған. Министр мәдениет және спорт салаларындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар кездесу барысында ішкі туризмді дамытудың перспективалары, осы саланы цифрландыру мәселелері талқыланды. Қазір бірқатар цифрлық шешімдер іске қосылды. Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы, Туризм онлайн, View Project, eQonaq жүйесі, гидтердің бірыңғай тізімі, сондай-ақ көрсетілген қызмет сапасына қатысты пікір немесе шағым қалдыруға мүмкіндік беретін E-Shagym модулі сияқты жаңа ресурстар әзірленіп жатыр. Президентке ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықтың жағдайы туралы баяндалды. Бүгінде Қазақстан атынан Бүкіләлемдік мұра тізіміне тарихи және мәдени он ескерткіш енгізілген. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, министрлік ЮНЕСКО тізіміне материалдық және материалдық емес мәдени мұраның жаңа нысандарын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ Президент Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады. Мемлекет басшысына 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасына жүргізілген алдын ала бағалаудың негізгі нәтижелері жөнінде баяндалды. Наталья Годунованың мәліметіне сәйкес, 9 басым бағыт бойынша үш жылда жұмсалатын 3,2 триллион, оның ішінде 2022 жылға жоспарланған 1,2 триллион теңге көлеміндегі қаржыға бағалау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Есеп комитеті жұмсалатын 1,16 триллион теңгені, оның ішінде 2022 жылға жоспарланған 306,3 миллиард теңгені оңтайландыруды ұсынды. Бюджетті жоспарлау кезінде жіберілген бірқатар кемшілік айтылды. Тиісті органдарға оларды жою жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Сонымен қатар Есеп комитетінің төрағасы жекелеген аудиторлық іс-шаралардың алдын ала қорытындылары туралы айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.