Низами Гәнжауидің жинағы таныстырылды
Низами Гәнжауидің жинағы таныстырылды

Түркітілдес мемлекеттердің рухани ас­танасы Түркістан қаласында Низами Гән­жа­уидің туғанына 880 жыл толуына орай «Шы­ғыстың шоқ жұлдызы» атты алқалы жиын өтті. Басқосуда Низами Гән­жауидің «Жеті ару. Лейлі-Мәжнүн» жинағы таныс­ты­рылып, жаңа кітаптың тұсаукесері бол­ды. Халық­аралық Түркі академиясы ұйым­дастырған іс-шараға бауырлас Әзер­бай­жан Респуб­ликасынан Милли Медж­лисінің спикері Сахиба Гафарова бастаған деле­гация және еліміздің бірқатар зиялы­лары қатысты.

«Фараб» кітапханасында өткен жиын барысында мәртебелі қонақтарды Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі күтіп алды және іс-шараны жүргізіп отырды. Алқалы басқосуға сондай-ақ елі­міз­дің көрнекті жазушысы Мархабат Байғұт, белгілі ақын Нармахан Бе­галыұлы, Әзер­байжан Республикасының Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Ата­могланов, Әзербайжан Мил­ли Меджлисінің депу­тат­тары, Қазақстан Парламент Мәжілісінің депу­таттары, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, бауырлас елдердің мемле­кет және қоғам қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосу Қарабақты азат ету соғы­сының баста­луына 1 жыл толуына бай­ланысты 44 күндік Отан со­ғысында қаһармандықпен шайқасып, елдің тұтас­тығы мен егемендігін қорғау жолында қайтыс болған жауынгерлерді құрметпен еске алып, бір минуттық үнсіздік жария­лаумен басталды. Бұдан кейін Дархан Қыдырәлі ака­де­мияның жа­ңадан әзірлеп шығарған Ни­зами Гянжауидің «Жеті ару. Ләйлі-Мәж­нүн» жинағын таныстыра келе, лен­тасын қию үшін ортаға Әзербайжан Парламенті Меджлисінің спикері Са­хиба Гафарова мен жазушы Мархабат Байғұтты ортаға шақырды. Жиында сөз алған Меджлис спикері Сахиба Гафа­рова Низамидің тек түркі дүниесі мен ислам әлемінің ғана мақта­нышы емес, күллі адамзат өркениетінде айрықша орын алатын тұғырлы тұлға екенін атап өтті. Сахиба Гафарова ханым сондай-ақ бауырлас екі елдің достық қарым-қатынасы жайлы да атап өтті. Өз кезегінде академия басшысы Дархан Қы­дырәлі Низами мен Абай шы­ғармашылығындағы сабақтастыққа тоқ­талып, оның түркі әлемінен алатын орны туралы айтты. «Халықаралық Түркі академиясы «Ни­зами жы­лы» аясында бірқатар іс-шараларды ұйымның 2021 жылға ар­налған жоспарына енгізген болатын. Бүгін оқырманға ұсынып отырған кітабымыз да осы іс-шаралар жоспары аясында жарық көрді. Кітапқа түркі әле­мінің ұлы ойшылы Низами Гән­жауидің қазақ тілінде жарық көрген екі шығар­масы – «Ләйлі мен Мәжнүн» мен «Жеті сұлу» енді. Шынды­­­­­­­ғында, бұл шығар­малар Кеңес үкіметінің алғашқы кезе­ңінде – 1940 жылдары қазақтың танымал жа­зушыларының аудармалары негізінде жарық көрді. Алайда осы уақыт аралы­ғында бұл кітаптар ескірген және қол­жетімсіз болды. Осыны ескере отырып, Халықаралық Түрік академиясы шығар­маларды то­лық­тырып қайта басып шы­ғаруға шешім қабылдады. Низами мұрасы мен шығармашылығы бүкіл әлем­­де өзекті және маңызды. Оның мұрасы тек Әзер­байжан мен түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адам­заттың баға жетпес рухани қазынасына айнал­ды. Ол бүкіл Шығыста жаңа әдеби мек­тептің негізін қалады. Низамиден кейін, Насими, Физули, Науаи, Абай және бас­қа да ақын-жазушылар оның шығар­ма­шы­лығының әсерінен үлкен туын­дылар жасап, идеяларын дамытты», – деді Дархан Қуандықұлы. Оқырманға жол тартқан еңбекке Ни­замидың қос жырының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Жақан Сыздықов және т.б. көрнекті қазақ ақындары аударған таңдаулы нұсқалары енген. Жиын соңында мәртебелі қонаққа Дархан Қы­дырәлі академия басып шығарған бағалы еңбектерді тарту етті. Айта кету керек, биыл Әзербайжан Рес­публи­ка­сының президенті Ильхам Әлиев 2021 жылды «Ни­зами Гәнжауи жы­­лы» деп жариялаған болатын. Әзер­байжан халқының классик ақыны, түркі әлем­нің ойшылы Низами Гәнжауидің «Хамса» («Бес дастан топтамасы»), оған «Сырлар қазынасы», «Хұсрау-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті ару» және «Ес­кен­дірнама» атты бес дастаны кірген. Ақын­ның жауһар туындылары Шы­ғыс пен Батыс поэзиясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді.

Тельман БЕЙСЕН