Бимен тарихты бейнеледі
Бимен тарихты бейнеледі
221
оқылды

Қай заманда да өнердің барлық түрін және қыр-сы­рын меңгерген қазақ ұлты би арқылы да бар дүниені жет­кізе білген. Түркістан қала­сында би өнерінің саңлақ­тары рухани тәрбиелік мәні бар «Ұлы дала мұрасы» туын­дысын сахналады. Атап айт­қанда, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясын­да «Астана Балет» театры­ның ұжымы гастрольдік са­пары барысында ұлы да­ла­мызда болған түрлі оқиға­ларды би тілімен баяндауды жөн көріпті.

Астаналық балет бишілері заманауи «Конгресс Холл» ғимаратында Қазақ­­стан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің «Ұлы Дала мұ­расы» атты туындысын сахналады. Қо­йы­лымға Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев пен өнерсүйер қауым қатысты. Түркістан төрінде сахналанған бағдар­лама Еуропа мен Американың ірі қала­ларында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей­тойы аясында, Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің, Түркістан облысы әкімді­гінің қолдауымен өтіп отыр. Балет театры ұжымы ұлы даламызда болған түрлі оқи­ғаларды би тілімен баяндауды жөн көріпті. «Қазақ халқының ұлттық биінің та­мыры тереңде. Мұнда біз халқымыздың талай ғасырдан бері жалғасып жатқан көркемдік ұстанымдарын, дүниетанымын тани аламыз. Театрымызда біз осы күнге дейін сақталып келген бай мұрамызға сүйене отырып, ұлттық пластика тілін байыта түсудің тың жолдарын да іздестіруге күш салып келеміз. Менің бір байқағаным, қай биді орындасақ та, адамның тәні әлдебір ұлттық кодты сақтап тұратын қасиетке ие. Мұны сөзбен айтып жеткізу, түсіндіру мүмкін емес. Бұл табиғи түрде көрініс табатын дүние. Соның арқасында кез келген қарапайым қимылдың өзіндік, бірегей сипаты көрініп тұрады», — дейді авторлардың бірі Айгүл Тәти. Қазақ халқының болмыс-бітімін паш еткен қойылымда мың бұралған бишілер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен өткен кеш жұртшылыққа асқақ рух, эстетикалық ләззат сыйлады.  Түркістандықтарға ыстық ықыласын білдіріп, «Түркі әлемінің рухани астана­сына гастрольдік сапарымыз Тәуелсіз­ді­гіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отырғанына көңіл аударғым келеді», деген балет театрының көркемдік жетек­шісі Нұрлан Канетов «Көрермен қауым – ұлы даланың асыл мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы қадамымызға оң бағасын берер деген сенімдеміз», — деп, Түркістанның бүгінгі тіршілігіне көңілі толатынын жеткізді.  

Т.БЕЙСЕН