Такси қымбат, ұшаққа әлі отырмағандар да көп
Такси қымбат,  ұшаққа әлі отырмағандар да көп
© коллаж: Елдар Қаба
197
оқылды

Көлік саласы тоқырауға ұшы­рағандай. Әуе көлігіндегі былықтар былтыр Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына, елдің аза тұтуына әкел­ді. Теміржол саласында вагондардың рельстен тайып, аударылуы әдетке айналды, пойызда адам зорланғанын естіп, ел жағасын ұстады. Айтқандай, «жүр­­гізуші зорлап өлтіруі, тонап кетуі мүмкін» деп кейбір адам таксиден де қорқады. Ал автобус парктеріндегі ереуілдер еңбеккерлер құқығы аяқасты бол­ғанын әлемге паш еткендей.

Көлік саласында не алаңдатады?

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейін­гі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайық­ты өмір!» атты сайлауалды бағдар­ламасында «көлік жұмысын жақсарту» мәселесіне мән берілген. Ал бұл жұмыстың қаншалықты ілгерілегенін білу үшін қазіргі жағдайды, сондай-ақ бұл салаға халықтың беретін бағасын айқындап алған жөн. Осы орайда Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқы­ғын қорғау комитеті көліктің әр түріне қатысты кең ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Оған барлық өңірден және ауылдар мен қалалардан 17 мыңдай адам қатысқан. Ауқымды сауалнама барысында азаматтарға «көлік тасымалы қызметін ұсыну саласында қандай жөнсіздіктерге кезіктіңіз?» деген сұрақ та қойылыпты. Нәтижесінде, бірінші кезекте «қоғамдық көліктің үнемі лық толып келетіні және ұдайы кешігетіні» жұртшылықтың көңілін қалдырғаны белгілі болды. Бұл жауапты респонденттердің 23,9%-ы таңдаған. Теміржол вокзалдарының және жолаушылар вагондарының ластығы, суықтығы және жайсыздығы 20,5%-ын алаңдатады. Халықтың ренішін туғызатын өзге мәселелер қатарында «көрсетілмеген қыз­мет үшін алып қойылған қаражаттың қай­тарылмауы» бар. Мысалы, «Яндекс.Такси», «Болт» секілді такси қызметін ұсы­натын сервистер таксиші күтпей, кетіп қал­са да, клиенттің шотынан ақшаны сыпырып алады. Бұған қоса, пойыз және ұшақ билеттері құнының басым бөлігінің қай­тарылмайтыны да тұтынушыны тығы­рыққа тірейді. Қазақстандықтарға «багажды тасымалдау ережелерінің бұзы­латы­ны», «санитарлық нормалардың сақ­тал­­майтыны», «жүргізушілердің, кондук­тор­лардың, жолсеріктердің дөрекі­лік танытуы» ұнамайды.

Қанатын кең жаһанға керді ұшақ

Сауалнама барысында сұрау салынған азаматтардың 41,8%-ы әуе көлігі саласында көрсетілетін қызметтерге қанағаттана­тынын мәлімдеген. Сонда қалғаны тегіс қанағаттанбайтын болғаны ма? Олай емес сияқты. Себебі Қазақстан халқының 34,4%-ы ұшақпен ұшпайтын болып шық­ты, тиісінше оның қызметіне баға бере ал­маған. Ал азаматтардың 23,8%-ы осы саладағы қызметтерді сынға алған. Жалпы, әуе көлігі пандемиядан ең көп зардап шеккен салалардың бірі. Былтыр ТЖ кезінде ішкі және халықаралық жолаушылар тасымалы толық тоқтатылды. Биыл да сала толық қалпына келген жоқ: тұрақты халықаралық рейстер саны біртіндеп ұлғайтылып жатыр. 2021 жылғы қыркүйектің аяғындағы жағдай бойынша 16 елмен арада әуе қатынасы жолға қойылып, аптасына 114 рейс орындалады. Биылғы 7 айда отандық әуекомпания­лары тасымалдаған жолаушылар саны 2 есеге артты: жыл басынан бері ұшақ қыз­метін азаматтар 5,1 млн рет пайдаланған. Бұл былтырғы 7 айдан 96%-ға көп. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылғы ұқсас кезеңде бар-жоғы 2,6 млн адам тасы­малданған. Қазір ұшу бағыттарының шектеулі екеніне қарамастан биылғы көрсеткіш тіпті пандемияға дейінгі кезеңнен де көп: 2019 жылғы 7 айдағы көрсеткіш 4,6 млн жолаушы болған. Соған қарағанда, азаматтар аспанда самғауды сағынып қалса керек. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны былтырғы сәйкес кезең­дегіден 58% артып, 8,1 млн адам болды. Дегенмен сала қымбатшылыққа ұрынды. Әуежайлар тарифі, әуебилеттер бағасы көтеріліп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, сала өткір кадр тапшылығын бастан өткеріп жатыр: «Эйр Астана, СКАТ секілді жетекші әуекәсіпорындары, «Қазаэронавигация» РМК өз бетінше жұмыскерлерін оқытуға, біліктілігін арттыруға тырысуда. Ал елімізде авиация мамандарын даярлайтын жалғыз бейінді ЖОО – Азаматтық авиация академиясы қазір заман талабына сай маман даярлауын доғарды. Жағдайды жақсарту үшін біз академияны дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеудеміз. Ол ЖОО-ны озық әлемдік стандарттарға сай сертификаттаудан өткізуді қарастырады», – деді ведомство.

Жердегі көлік көңілді жабырқатады

ТЖ және қатаң карантин шектеулері теміржол көлігін айналып өтпеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2021 жылдың төрт айында теміржолмен 4,4 миллион жолаушы тасымалданған. Көрсет­кіштердің төмен болуына карантин шектеулері ықпал еткен. Пандемияға байланысты 41 пойыз (соның ішінде 21 халық­аралық қатынас бағыты) тоқтатылған. Министрдің мәліметінше, теміржол көлігі ел экономикасының дамуында ерекше рөл атқарады. Салада 135 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның 125 мыңы – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ында, тағы 10 мыңдайы – жеке теміржол компанияларында. Рес­публикадағы теміржолдардың эксплу­атациялық ұзындығы – 16 мың шақырым. Жыл сайын шамамен 600 шақырым магистральді желі күрделі жөндеуден өтеді. Тұтынушылар құқығын қорғау коми­тетінің әлеуметтік зерттеуі барысында «темір­жол көлігіндегі қызмет сапасына қана­ғаттанасыз ба?» деген сауалға азамат­тардың 46,1%-ы «Иә» деп жауап беріпті. Бұл әуе көлігіне оң баға берген (41,8%) респонденттер санынан артық. Сонымен қатар теміржолды сынаған жолаушылар үлесі де теріс баға берген ұшақ жолаушыларына (23,8%) қарағанда екі еседей жоғары: сұрау салынғандардың 43,2%-ы вокзалдарда, пойыздарда көр­сетілетін қызметтен көңілі қалғанын айтыпты. 10,7%-ы теміржол қызметін пайдаланбаған соң бұл сұраққа жауап бере алмайтынын мәлімдеген. Қазақстан нарығын ен жайлаған ресейлік Индрайвер, Яндекс.Такси, Uber, қытайлық DiDi секілді сервистер бір жағынан, такси қызметі саласының дамуына серпін берді. Бұлар болмаған кезеңде такси қызметіне қоңырау шалып, тапсырыс берген тұтынушы ол көліктің келуін кейде сағаттап күтетін. Шағым айтса, оператор таксилердің бос емесін айтып, қош айтыса салатын. Енді әлгі сервистердің біріне тапсырыс берген клиент бірден бірнеше көліктің алдына ұсынылғанын көріп, марқаяды, қалаған автомобиль маркасын таңдай алады. Екінші жағынан, халықаралық осы сервистермен бәсеке­лестікте оңбай ұтылған отандық таксо­мотор­лық парктер елдің тапсырысы мен сұранысынан айырылды. Таксиге төленген ақшаның үлкен бөлігі Ресей мен Қытайға кетіп жатыр. Бірақ пандемияны пайдаланып, таксишілер тарифті көтере қойды. Халық наразылығын тудыратыны – такси бағасының қымбаттығы. Әйтсе де, қалааралық және қалаішілік такси қызметінің сапасына респон­денттердің 48,6%-ы қанағаттанатын болып шықты. Бұл ұшақтан және пойыздан жоғары көрсеткіш. Такси қызметін сынға алған азаматтар үлесі де көп: 42%. Яғни, жұрт жақтаушылар мен жақтырмаушылар болып екіге бөлінген. 9,4%-ы такси қызметіне жүгінбейтінін айтқан.

Кірмей қала ма деп қорқамын...

Қалалық қоғамдық көлікке қатысты жағдай аса күрделі. Қазақстанда жұмысына кешігуден қорыққан жұрттың таңертең жалғыз автобусқа лап қойғаны, оларды кондуктордың ішке итеріп, барынша нығыздап жатқаны, тіпті жолаушылардың қол-аяғы сыртта қалып, есігі жабылмаған автобустың қозғалып бара жатқаны бейнеленген қаншама видеожазба интернет арқылы жаһанды кезіп кетті. Ел арасында «Сығылып кіріп, сығылып шықтым» деген әзіл де дәл осы автобустарға қатысты. Бұл көлік халықтың үсті-басын, елдің беделін бүлдіруін жалғастырып жатыр. Сауалнамаға қатысқандар қоғамдық көліктің кешігіп келетініне, үскірік аяз, ақырған боран, нөсер жаңбырда оны ұзақ күтуге тура келетініне, автобустар жүру интервалын сақтамай, бір-бірімен жарысатынына, аялдамаға тоқтамай өтіп кететініне, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қарамастан, біразының салоны лас екеніне шағымданады. Тізе берсе, сынға тамызық болар мәселесі жетерлік. Тіпті, елорданың өзінде кондуктор жолай сынып қалған ескі автобустың жолаушыларын келесі келген автобусқа отырғызып жібермек болғанда, оның арты адамдар арасындағы жанжал-төбелеске дейін барған кездері болды. Нәтижесінде, «қалалық қоғамдық көлік қызметіне қанағаттанасыз ба?» деген сауалға сауалнамаға қатысушылардың небәрі 40,6%-ы ғана оң жауап қатқан. Бұл барлық көлік түрі арасындағы ең төменгі көрсеткіш. 35,7%-ы бұл саланы сынға алған. 23,7%-ы баға беруге қиналған. Мемлекет бұл мәселені шешуге күш салып жатыр. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдікті лизинг бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, осы арқылы автобус паркінің тозу деңгейін қысқарту үшін 2018-2020 жылдары республикалық бюджеттен 57,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыдан 2018 жылы – 10 млрд, 2019 жылы – 23,5 млрд, 2020 жылы 925 млн теңге жұмсалды. Соның арқасында 8 өңірде 1 618 автобус сатып алынған. Осы жылы 22 млрд теңге бағытталып отыр. 3 өңірде 383 жаңа автобус жолға шығуы тиіс. Бұл қаражат аясында отандық автобус парктеріне көлік 7 жылға 7% мөлшерлеме­мен лизингке беріледі. Бұл автобустарды 4 қазақстандық зауыт – «Сарыарқа­АвтоӨнеркәсіп» (Ankai, Yutong, Iveco моделдері), Hyundai Trans Auto (Hyundai, Golden Dragon), «Семей автомобиль зауыты» (Dong Feng) және Daewoo Bus Kazakhstan (Daewoo, ПАЗ, ГАЗ) жасайды. Қорыта айтқанда, ел бюджеті есебінен жүргізілетін мұндай әлеуметтік зерттеу­лердің қорытындылары қағаз жүзінде қал­май, елге пайда келтіргені, көлік саласын­дағы жаңа бағдарламалардың жасалуына септескені жөн. Себебі бұл саладағы ахуал тікелей халықтың көңіл күйіне әсер ететін факторлардың бірі болып отыр.

Елдос СЕНБАЙ