Онлайн үйлену оңай
Онлайн үйлену оңай
468
оқылды

Қазір некеге тұру да, оны бұзу да оңай. Әлем онлайн өмірге бейімделгесін мұның жүгі тіпті жеңілдеді. Арнайы шартқа сай келсеңіз, тиісті қаражатты төлесеңіз, жетіп жатыр. Сол үшін мамандар мұндай тенденцияға алаң­даушылық білдіреді. Бұған себеп те жоқ емес. Осы тұста ҚМДБ онлайн некеге қатысты пәтуасын жариялаған-ды. Ал қандай жағдайда онлайн рәсім­нің күші жоқ?

Неке қиюдың «машақаты»

Иә, некені тіркеуге онлайн өтініш беруге болады. Мәселен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ұсынған мәлімет бойынша,  биыл қаңтар-қыркүйек аралығында 152 874 жұп некені онлайн тіркеуге өтініш берген. Бірақ кез келген жұп  Egov порталы арқылы өтініш бере алмайды. Шарт бойынша алғаш рет некелескелі отырған азаматтар ғана онлайн қызметке жүгінеді. Себебі екінші немесе келесі некені тіркеуге портал арқылы өтініш беру мүмкін емес. Ал онлайн қызметке жүгінетіндер электронды үкімет порталында тіркелуі шарт. Бұрын тіркеуде болсаңыз, ЭЦК қолда­нып, авторизациядан өту керек. Экран алдындағы қызыл түспен белгіленген жолдарды толтыру арқылы өтініш бланкісін толтырасыз. Одан кейін 1 АЕК көлемінде мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Бұл «төлеу» пунктін белгілегеннен кейін жүзеге асады. Артынша «сұранысты жіберу» батырмасын басқаннан кейін төлем жасайсыз. Әрине, банк карточкасы арқылы төлем жасауға болады. Егер шарт­тың бәрін дұрыс орын­дасаңыз, электронды чек пен қызмет ақысы төленгені туралы хабарлама аласыз. Айта кетерлігі, онлайн өтініш 1 ай ішінде қаралады. Мәселен, 2 қыркүйек күні некені онлайн тіркеуге өтініш берсеңіз, 2 қазан күні неке куәлігін қолыңызға аласыз. Алайда негізгі кезең онлайн өтке­ні­мен, куәлікті алу үшін жергілікті АХАЖ бөліміне барасыз. Әрі барып кезек күтіп отырмай­тыныңыз тағы бар. Өйткені қай уақытқа келетініңізді портал арқылы белгілейсіз. Салыстырмалы түрде қара­саңыз, онлайн өтініш беру көптің жұмысын жеңілдетті. Өйткені некені тіркеуге оффлайн құжат тапсырсаңыз, өтініштен бастап некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтамаға дейін өткізесіз. Мұның өзі бас-аяғы  – 5-6 құжат. Ал онлайн рәсімде ЭЦК болса жетіп жатыр. Бірақ онлайн некеге тұру үшін кәмелет жасына толу керегін ұмытпаған жөн. Статис­тикалық мәліметке сүйенсек, жыл сайын некені тіркеуге онлайн өті­ніш беретіндер саны артып келеді. Мысалы,  онлайн өтініш саны 2020 жылы 2019 жылға қара­ғанда 70%-ға артқан. Биыл 150 мыңнан астам жұп осы мүмкіндікті қол­данып отыр.

Бір «тетікпен» біткен іс

Айталық, некені онлайн тіркеуге өтініш беру қалай оңай болса, ажырасуға өтініш берудің де жарасы жеңіл. Мұны электронды үкі­мет порталындағы «Неке бұзуды тіркеуге өтініш беру» қызметі арқылы жүзеге асырасыз. Онлайн режимде некені бұзуға кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келі­сімі керек. Әрі екеуара мүлікті бө­ліс­пейтін, ың-шыңсыз ажы­расқысы келетін адамдар осындай жолды таңдайды. Бірақ балалары бар-жоғынан бөлек, 2008 жылы 1 маусымнан кейін некеге отырған жұптар ғана онлайн ажыраса алады. Өйткені ақпараттық жүйеде тек осы уақыттан бастап қиылған некелер туралы дерек бар. Онлайн ажырасуға өтініш беру бертін келе қарқын алған. Маман­дардың айтуынша, 2016 жылдан бастап азаматтар осы қызметті жиі қолдана бастаған. Онлайн ажы­расуға өтініш беретіндердің ішінде Түркістан облысы, Шымкент, Алматы тұрғындары көш басында екен. Қызығы, аталған өңірлер үйленуге өтініш беру бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Алайда мұндай қадамға баратындарды ымыраға келтіру, қайта қосу қиын екен. Себебі ажырасуға өтініш беретіндердің дені – бір-бірін көргісі келмейтіндер. Ал іске интернет «кіріскенде» табыстыру үшін уақыт беру жағы қарастырыл­маған. Өтінішті онлайн толтырып, 2АЕК көлемінде БАЖ салығын төлесеңіз жетіп жатыр. Белгіленген мерзімге дейін күтесіз де, ажырасу туралы анықтаманы аласыз.

ҚМДБ бұған не дейді?

Қоғамда мұндай «тетіктердің» пайда болғаны дін қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Осыған орай Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа шығарды. Олар күйеу жігіт пен қалыңдық және куәгерлер бір жерде отырмаса немесе сөйлеген сөздері естілмесе неке қиюға рұқсат жоқ деп шешкен. Бірақ белгілі бір себептермен неке қиятын имам басқа жерде, ал қалғандары бір шаңырақ астында болса, рұқсат беріледі. Сондай-ақ кей өңірде мешітте некесін қидырып, заң алдындағы міндетін орындамайтындар кө­бей­ген-ді. Сол үшін мұсылман неке­сін қию кезінде ата-аналар­дың қатысуы, рұқсат алуы сұра­латын болды. Бірақ елімізде өзге ағымның жетегінде жүргендердің арасында «уақытша» некеге тұрып, талақ айтып ажырасатындар көбейген. Бұлардың нақты саны қанша екенін анықтай алмаса да, дін қызметкер­лерінің айтуынша, мешітке көмек сұрап келетін қаракөздер көп. Оған қоса қазір азаматтардың арасында неке шартын жасау белең алған. Шарт жасау «Неке және отбасы туралы» туралы заң бойынша дұрыс дегенімізбен, бұл жастар арасында сенімсіздік барын білдірмей ме?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ