Ойран болған отар
Ойран болған отар
151
оқылды
Қойшы қайтыс болды. «Енді күніміз не болмақ,бізді кім қамқорына алады?»-деп, бір отар қой жан-жаққа жамырады.Отарды бағуға қой терісін жамылып Қасқыр келді. Бастапқыда мал атаулы сенбей наразылық білдірді. Кейін реніштері су сепкендей басылды. Көкжалдың көмекшісі Түлкі қойларға келешек жұмыс жоспарын таныстырды. – Малдарым,болашақта шетелдің өрістеріне жайылып,әлемнің мөлдір бұлағынан су ішесіңдер! Қойлар қуанып маңырады. Қошқар: – Қасеке,саған сенеміз,бәәә... – Тыныш, бірақ,қазір әлемде қуаңшылық басталды.Індет тағы бар. Сондықтан бұрыңғыдай емін-еркін жайылым болмайды-деді Қасқыр. Қошқар: – Бәәә,көнеміз ғой. Әйтеуір,аштан өлмейтін шығармыз. Түлкі сөзін жалғастырды. – Отардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін,жиырма ет комбинаты және отыз кәуапхана ашамыз-деп құйрығын бұлғаңдатты. Қасқыр тілін салақтатып тісін шұқыды. – Мейлі,жағдаймыз түзелсе болды-деп, қойлар бастарын изеді. Қасқыр: – Бұдан былай сендерді ешкілер бастап жүреді-деді. Бір саулық қой маңырады. – Немене,өзімізде бас жоқ па? Бұл басыну ғой... Қошқар жақтырмай саулықты сүзіп жіберді. – Қасқыр мырзаның сөзін бөлме-деп зекіді. – Ешкі адал мал-деп,айбат шекті Қасқыр.Қойлар үнсіз қалды.Түлкі жиналысты аяқтады. Жаңа қойшы жұмысқа кірісті. Қазір, ашылған әр-бір ет комбинатында бір көк серкеден бар. Ешкілер қан сасыған өндірістен үркіп қашқан қойларды артына ертіп бастап кіреді де, жасырын есіктен сыртқа шығып кетеді. Ал, кәуапханадағы шоққа қақталған еттің иісі бұрқырып өзге елдің қасқырларын қызықтырып тұр. Отардың қазіргі күйі осы...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН