Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Энергетикалық Жібек жолы: Орталық Азиядағы мұнай-газ ынтымақтастығының нәтижелері мен перспективалары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Бұл конференция ұлттық экономиканың тұрақты дамуында мұнай-газ секторының ерекше маңыздылығын, сондай-ақ біздің еліміздің Еуразияда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолдайтын маңызды өңірлік хаб ретінде қалыптасуын көрсетеді. Ғылыми конференцияның серіктестері қазақстандық Қытайды зерттеу орталығы және Қазақстандағы Интернационал ҚҰМК болды. Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанның көрнекті саяси қайраткерлері, ғалымдары мен сарапшылары, мемлекеттік органдардың, зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Конференцияда мұнай-газ секторын дамытудың қазіргі нәтижелері және оның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі, Орталық Азия елдерінің шетелдік инвесторлармен серіктестігі, Батыс пен Шығыс бағытындағы құбыр байланысының маңызы, сондай-ақ XXI ғасырдағы энергетикалық Жібек жолын қалыптастырудың перспективалары талқыланды.
– Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде еліміздің серпінді дамуын қамтамасыз еткен мұнай-газ саласы болды. Әлемдегі ең ірі мұнай және газ қоры Орталық Азияда екені баршаға белгілі. Бұл оның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерекше рөлін, әлемдік қоғамдастықтың біздің аймаққа деген қызығушылығын арттырып, оның жоғары инвестициялық тартымдылығын айқындайды. Соңғы үш онжылдықта АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Ресей, Үндістан, Қытайдан келген энергетикалық корпорациялар Орталық Азия аймағының стратегиялық инвесторларына айналды. Қазақстанға тоқталатын болсақ, Елбасының мақсатты әрі сарабдал саясатының арқасында біздің еліміз 30 жыл ішінде мұнай-газ саласына 114 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Бұл капитал қазақстандық экономика өсімінің негізгі драйверіне әрі қоғамның тұрақты дамуының кепіліне айналды. Ал энергия ресурстарының артып келе жатқан экспортынан түсетін табыс Тұңғыш Президенттің шешімі бойынша Ұлттық қорға аударылады. Қазақстан шетелдік серіктестермен ынтымақтаса отырып, Батыс және Шығыс елдеріне құбыр жолдарының желісін салды. Осылайша, бұған дейін Қытай бастамашы болған «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасы шеңберінде энергетикалық Жібек жолын дамытуға өз үлесін қосты», – деп атап өтті конференцияны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. – Қазақстанның энергетикалық секторын дамытудағы Елбасының рөлі ерекше. Ол саланың дамуына елеулі серпін беріп, ел экономикасына тартылатын тікелей инвестициялар үлесін арттырды.... Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан экономикасын ескере келе, сондай-ақ аймақтың даму перспективаларын зерттей отырып, көршілерімізбен бірге Қытайға шикізат экспорттау үшін өндірістік әлеует пен энергия ресурстарын арттыру туралы ортақ шешімге келдік. Осылайша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев біздің стратегиялық серіктесіміз – Қытай Халық Республикасымен өзара тиімді және тығыз ынтымақтастық құрған заманауи энергетикалық Жібек жолын дамытудың негізін қалыптастыра білді. Тәуелсіздік жылдары энергия ресурстарын тасымалдау үшін Жібек жолының барлық елдерін өзара байланыстыратын қос маңызды құбыр салынды. Олар – 2006 жылы салынған «Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры, екіншісі 2009 жылы «Қазақстан-Қытай» газ құбыры. Құбырлар пайдалануға берілгеннен бастап Қытайға шамамен 147 миллиард тонна мұнай мен 44 миллиард текше метр газ тасымалданды. Бұл сандар энергетикалық Жібек жолының өңірде ғана емес, жалпы әлемдік аренадағы маңыздылығын көрсетеді, – деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов. – Бұл конференция Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Бұл біріншіден, екіжақты әрі көпжақты энергетикалық ынтымақтастықты қорытындылауға, екіншіден, болашаққа жоспар құруға мүмкіндік беретін сәт. Осы серіктестікке біздің елдеріміздің саяси басшылығы басты назар аударып, қомақты қаржы жұмсалды. Бұл бізге көптеген пайда әкеледі, – деді ҚР-дағы ҚХР Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо. – ХХ ғасырдың соңынан бастап энергетика саласындағы мемлекеттердің өзара әрекеттестік мәселелері әлемнің көптеген мемлекеттерінің қызметінде өзекті болды. Энергияның жаһандық жағдайында энергияның өзара тәуелділігін күшейту әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттілігі елдердің сыртқы істер мекемелерінің белсенділігін арттырды. Энергия ресурстары жаһандық саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды, ал іс жүзінде энергетикалық дипломатия және энергетикалық қауіпсіздік сынды құндылықтар қалыптасты. Энергетикалық Жібек жолын тілге тиек еткенде, біз Қытаймен ынтымақтастыққа тоқталамыз. Қазақстан, Орталық Азия елдері және Қытай арасындағы мұнай және газ саласындағы серіктестік бойынша тарихи келісімдерге қол қойылған сәттен бастап ынтымақтастық дәуірі басталды. Егер шетелдік саяси сараптамаға көз жүгіртетін болсақ, онда Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мұнай-газ өзара әрекеттестік тақырыбы өте қызықты. Қытайдың біздің аймақпен ынтымақтастық мәселелері талқыланған кезде, көптеген адамдардың көкейінде бұл: геосаясат әлде экономика, тәуелділік немесе пайда деген сауалдар тұрады. Бұл сұраққа мен дипломатия мен прагматизм деп жауап берер едім, – деді ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев. – Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Орталық Азия елдері мен Қытай арасында мемлекетаралық қатынастар орнағаннан кейін өңірде ежелгі Жібек жолын заманауи жағдайда жаңғырту перспективалары ашылып, мұнай-газ ынтымақтастығы саласы да дамыды. Бүгінде Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы өзара тиімді негізде Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда бірқатар бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып отыр. Қытайда: «Мың қадамдық жол, бір адымнан басталады» дейді. Осыдан 24 жыл бұрын корпорацияның инвестициялық жолы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жобасынан бастау алды. Күрделі де жемісті бастамадан өткен жоба өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне, Орталық Азиядағы мұнай-газ жобаларының көшбасшысы мен локомотивіне айналды. АҚШ пен Еуропаның мұнай компаниялары үміт үзген компания «Кеңқияқ-тұз асты» кен орнында көмірсутек өндіруді екі есе арттырды. Инновацияны пайдалану арқылы «Жаңажол» кен орнында да жұмыс жемісті болды. Биыл корпорацияның қатысуымен 100 миллион тоннадан астам қоры бар «Солтүстік Трува» кен орнын игерудің 15 жылдығы атап өтіледі, – деді CNODC Қытай Ұлттық корпорациясының Вице-президенті Чжан Чэн У.Сессия барысында TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, Қытай қоғамы ғылымы Академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (РШЕОАИ) директоры Сунь Чжуаньжи, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов, Фудань университеті халықаралық зерттеу институтының Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Фэн Юйцзюнь, ҚР Білім және ғылым министрлігі Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Еркін Байдаров, Central Law (Өзбекстан) компаниясының директоры Үміт Әріпжанов, Қытайды зерттеу орталығы директорының орынбасары Болат Үсенов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішева, CABAR.asia (Қырғызстан) порталының бас редакторы Наргиза Мұратәлиева, Қытай мұнай университеті Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығы директорының бірінші орынбасары Лю Цянь және басқалар баяндама жасады. Іс-шара қорытындысы бойынша конференция қатысушыларының баяндамалары жинақ болып басылады. Анықтама: Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық – көпвекторлы өзара әрекеттестіктің аясындағы энергетикалық Жібек жолын қалыптастырудың стратегиялық бағыттарының бірі. Өткен ғасырдың 1990-шы жылдарының соңында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Қытаймен кен орындарын игеру және энергия ресурстарын тасымалдауға арналған құбыржолдар салу туралы шарттарға қол қоюы өңірдің мұнай-газ саласын дамытуды әртараптандырудағы нақты қадам болды. Осы жобалардың арқасында Қазақстанның өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі рөлі асқақтай түсті. 2000 жылдары Қазақстан мен Ресейден Шығысқа көмірсутектер экспорттайтын «Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры салынды. Бұдан әрі Қазақстан аумағында «Орталық Азия-Қытай» магистральдық газ құбырының желілері тартыла бастады. Бұл желілер аймақтық бірнеше елдің басын біріктіріп, Түрікменстаннан Қытай нарығына «көгілдір отын» жібереді. 2021-2022 жылдар – Қазақстан, Орталық Азия елдері және Қытай арасындағы мұнай-газ инфрақұрылымдық жобалар үшін маңызды кезең. Алғашқы желісі 2005 жылғы желтоқсанда басталған Қазақстан-Қытай мұнай құбыры 15 жылдық кезеңді басып озды. «Атасу-Алашанькоу» және «Кеңқияқ-Құмкөл» желілерінің инфрақұрылымы Қазақстанның мұнай экспортының әртараптандырылуын кеңейтіп, әлемде жылдам дамып келе жатқан әрі ауқымды энергия ресурстарын тұтыну нарығына ие ҚХР-ға мұнайды тұрақты жеткізу мүмкіндігіне қол жеткізді. «Қазақстан-Қытай» магистральдық құбыр жүйесінің өңірлік энергетикалық ынтымақтастық үшін стратегиялық маңызы зор. Атасу мұнай терминалындағы Омбы (Ресей)-Павлодар (Қазақстан)-Шымкент-Түркменабад (Түрікменстан) мұнай құбырымен жалғау арқылы Батыс Сібірден мұнайды Ресеймен тасымалдау үшін де пайдаланылады. Екінші он жылдықта 2009 жылы «Орталық Азия-Қытай» газ құбыры іске қосылды. Газ құбыры жұмыс істеген жылдар ішінде Орталық Азиядағы ең ауқымды газ беру жүйесіне айналып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті. Газ құбырының Орталық Азия үшін де, Қытай үшін де стратегиялық маңызы бар. Ол Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанды біріктірген өңірдегі алғашқы инфрақұрылымдық жоба болды. Бұдан соң олар газ құбырының төртінші тармағы аяқталғаннан кейін кооперацияға қосылады.