Алматы облысында ауылда уақытша тұрып жатқан туыстар ұсталды

Павлодар
© informburo.kz

Алматы облысында жасырын есірткі зертханасы анықталды, – деп хабарлады Polisia.kz.

22 қыркүйекте полицейлер Талғар ауданында арнайы операция жүргізіп, синтетикалық есірткі өндіретін  жасырын зертхананы анықтады. Тереңқара ауылында жекеменшік үйлердің бірінде жасырын зертхана жұмыс істеген. Бұл факті ҚР ҚК 297-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Үйге тінту жүргізіліп, ұнтақ түріндегі қою жасыл түсті, иісі бар зат табылды. Сондай-ақ сұйықтық құйылған ыдыстар мен синтетикалық есірткі дайындайтын өзге де құралдар тәркіленді.

Сараптамаға сәйкес, салмағы 615,87 грамм зат Қазақстан аумағында тыйым салынған психотроптық зат екені анықталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында осы зертханаға тікелей қатысы бар екі адам ұсталды. 21 жастағы жігіт пен 24 жастағы қыз Жамбыл облысының тумалары, туыс екені белгілі болды. Екеуі Талғар ауданының Тереңқара ауылында уақытша тұрған.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1,3-тармақтары бойынша жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.