Ауа райының бұзылуына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК. 1 қазан күндіз Солтүстік Қазақстан облысында батыстан, солтүстік-батыстан күшті жел соғады, екпіні - 15-20 м/с. Облыстың оңтүстік-шығысында жел қарқыны 23 м/с жетеді. Осы күні Петропавл қаласында батыстан және солтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20 м/с шамасында болады. 1 қазан түнде Қарағанды облысының солтүстігінде және шығысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. 1 қазан түнде және таңертең Қарағанды қаласында тұман түседі. 1 қазан түнде және таңертең Ақмола облысының оңтүстік жартысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде және шығысында солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. 1-3 қазан аралығында түнде Қызылорда облысының солтүстігінде 3 градус үсік жүреді. 1-3 қазан түнде Маңғыстау облысының солтүстігінде 3 градусқа дейін үсік болады. 1 қазанда Алматы облысының оңтүстігінде және шығысында батыстан жел соғады. Жел қарқыны 17-22 м/с жетеді. 1 қазан күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с шамасында болады. 2-3 қазан аралығында Түркістан облысының таулы аудандарында жауын-шашын жауады, тауда жаңбыр қарға ұласады. Солтүстік-шығыстан жел соғады. Таулы аудандарда және облыстың солтүстігінде жел жылдамдығы - 15-20 м/с. 2-4 қазан түнде облыстың солтүстігінде, таулы аудандарда және Түркістан қаласында 2 градус үсік жүреді. Осы күндері Шымкент қаласында да топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі. 1-3 қазан аралығында түнде Атырау облысының солтүстігінде 3 градусқа дейін үсік жүреді.