«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында биыл Ақмола облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 335 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 69 миллион 521 мың теңге бөлінді. Бүгінде жоспар 64%-ға орындалды. Яғни, 213 нысан толық бейімделген. Жылдың аяқталуына 3 ай уақыт қалды, сондықтан Қоғамдық кеңес отырысында қалған нысандардың сапалы әрі уақытылы бейімделуі тілге тиек етілді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Алтын Ақбарованың айтуынша, бейімдеуден өткен 213 нысанның тек 167-сі ғана арнайы ақпараттық порталдың интерактивті картасына енгізілген. Мәселен, Көкшетау қаласын алып қарайтын болсақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына бейімделген 37 нысанның тек 28-і интерактивті картаға енгізілген. Есіл ауданы бойынша бейімделген нысандар туралы мәліметтер де бұл картаға салынбаған. Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының жүзеге асырылу мәселесі партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен Саяси кеңес бюросының отырысында қаралып, жыл аяғына жоспарланған нысандарды бейімдеуді жылдамдату, яғни жұмыстарды қарашаның 1-іне дейін аяқтауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, бейімдеу жұмыстарын жыл аяғына жоспарлаған Бурабай, Аршалы мен Целиноград аудандарының басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды қарашаның біріне дейін аяқтауға сөз берді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов бұл тапсырманы Шортанды ауданының басшылығы да орындауы тиіс екенін айтты. Сөйтіп, Шортандыда желтоқсан айында бейімделеді деп жоспарланған 4 нысандағы жұмыстар да 1 қарашаға дейін аяқталуы қажет. Ғалым Бекмағамбетов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруы үшін бейімделген нысандардың жыл санап азаймай, қайта артып келе жатқанына күмәнмен қарады. Яғни, жылда бір мекемені бейімдеуді қайта қолға алу дұрыс емес екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы жүргізуге, атқарылған жұмыстарға сараптама жасауды тапсырды. Ал жиынға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру бойынша Қоғамдық кеңес отырысына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелерін де шақыру туралы ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар алдағы уақытта салынатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлегенде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделгенін де ескерілуін жоспарлау қажет екені айтылды.Әбілмансұр ЖАСАН