Түркістан облысында екі бірдей газ өлшеу стансасының құрылысы аяқталды.
«ҚазТрансГаз» ұлттық операторы салған еліміздегі бірегей жоба «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансалары деп аталады. Олар «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының құрылымына енгізілді. Енді Өзбекстаннан келетін газ өзімізде бақыланып, еліміздің барлық операторына таратылады. Бұл туралы салаға жауапты мамандар айтып өтті. «Бұрын мұндай шаралардың барлығы Өзбекстан мемлекетінде жүргізілетін. Енді заманауи құрылғылар Өзбекстан Республикасының аумағынан «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының магистральдық газ құбырлары жүйесіне түсетін газды есепке алуды өлшеу дәлдігін және газдың сапалы көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді. «Жетісай» және «Шардара» газ өлшеу стансалары газ шығынының көлемін өлшеу дәлдігіне қол жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ газ компонентінде құбыр металына кері әсер ететін химиялық элементтердің болуын уақытылы анықтауға мүмкіндік беретін аса заманауи және дәлдігі жоғары жабдықпен жабдықталған жоба біздің елімізде де бар», – деп атап өтті «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» филиалы директорының орынбасары Абай Байқұлов. Айта кетейік, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының құрылымына енгізілген нысанның бірі – «Жетісай» газ есептеуіш стансасы. Өнімділігі сағатына 834 мың текше метрді құрайды. Ауқымды нысан «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистральдық газ құбырының 372 шақырымында орналасқан. Ең соңғы заманауи жабдықтармен салынған стансаның басты нүктесі – газ өлшеу торабы. Мамандардың айтуынша, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес дүниежүзіндегі ең дәл есептеуіш. Ал дәл осындай екінші нысан «Шардара» газ өлшеу стансасы. Жобалық газ қысымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 000 м3 болатын «Газли-Шымкент» магистральдық газ құбырының 314 шақырымында орналасқан. Осынау станса елді мекендерден шалғай және өз аналогі бойынша іс жүзінде бірегей нысан екенін атап өткен жөн. Өйткені тіршілікті қамтамасыз ету және өндірістік процесс электр энергиясының және сумен жабдықтаудың сыртқы көздеріне қарамастан, дербес жүзеге асырылады.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы