Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері елде құрылыс материалдары орташа алғанда 25%-ға қымбаттаған. Сол себепті бюджеттен қаржыландырылатын нысандардың құрылысын аяқтауға қаржы жетпей жатқан көрінеді. Қазір осындай 600-ден аса жобаның түпкілікті құнына түзету енгізу мәселесі көтеріліп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүліктің нарықтық құнына көп факторлар әсер етеді: ақшаның құнсыздануы, құрылыс материалдарының бағасы, тасымалдау тарифтері т.б. Дегенмен біздің жағдайда эконом класты тұрғынжайлардың өзіндік құнының 60%-ы – құрылыс материалдарының шығыны. Кейінгі бес жылда орташа алғанда құрылыс компанияларының тұрғын үй салуға кететін шығыны – 80%-ға, баспананың бағасы 22 %-ға өскен. Осы уақыт ішінде бетон (М350) – 53%-ға, жылу тұтқыш материал (П50) –57%-ға, газоблок – 52%-ға, цемент – 72 %-ға, арматура (АЗ д.14-32) 150 %-ға қымбаттаған. Осыған байланысты бюджеттік ғимараттарды салатын мердігерлердің қосымша қаржыны неге қажет етіп отырғанын түсінуге де болады. «Мердігер ұйымдар құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаражат жетпеуіне байланысты тапсырыс берушілерден қосымша қаржы бөлуді сұрайды. Нарықтың нарқы қымбаттап кеткендіктен ол үшін жергілікті бюджеттен, әйтпесе республикалық бюджеттен қажетті соманы тауып беру мүмкіндігін қарастыру керек», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов. Бүгінде жаңа тұрғын үйлер нарығында мемлекеттің үлесі үлкен. Ипотекалық баспаналардың түгелі дерлік кейінге дейін бюджеттен субсидия бөлу арқылы қаржыландырылып келді. Оның нарық заңына қаншалықты үйлесетіні, ол енді басқа мәселе. Ал біздің көтеріп отырған тақырыбымыз мемлекеттік бағдарламалар бойынша бой көтерген ғимараттардың сапасы жайында болмақ. Қазақстанның қай бұрышында да олардың атына айтылар сын аз емес.Сапасыз құрылыстар көбейіп кетті
Елімізде 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы арқылы үйлер тұрғызыла бастады, баспанаға мұқтаж қалың бұқара оған көп үміт артты. Бірақ «Нұрлы жер» халықты «нұрландырып» жарытпады. Бюджеттің ақшасына салынған арзан үйлердің аз уақыт өтпей кетеуі кетіп, қабырғасы сөгіле бастайтынына ендігі көзіміз үйреніп болған. Мәселен, Өскемен қаласында 2018 жылы салынған жаңа үй екі жыл өтпей қирай бастаған: қабырғасы жарылып, шатырынан су сорғалап, ғимараттың қасбеті қырылып түскен. 2021 жылы әлгі үйдің сырты сұрқы жүз жасаған кейуананың кейпіндей мылжа-жылжасы шыққан. Енді осы үйден «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алып, көп жылға несие рәсімдеген тұрғындар не істерін білмей дағдарып отыр. Тұрғындар үй сапасына наразы болып жергілікті жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арызданған. Құрылыс операторлары «Бәйтерек Девелопмент» АҚ осыдан үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген үйді жөндеп беруге уәде еткен. Сондай-ақ былтыр осы қаланың Ілияс Есенберлин көшесінде салынған бес қабатты үйдің қабырғасы қақырап, 10 сантиметрдей жарықшақ түскен. Сол бойынша 2021 жылдың тамызда тұрғындар мердігер DK PROEKT ЖШС компаниясының үстінен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арызданған. Ақтау қаласының 30 шағынауданда 2011 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға берілген үйдің қасбетін осы көктемде ұйытқып соққан жел жұлмалап кеткен. Әкімдік үйді, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарын өз бақылауына алатын болды. Ақтөбеде осыдан он жыл бұрын салынған үйдің шатыры «жантайып жатып алыпты». Тұрғындар оны ілдебайлап ағаш бағаналармен тіреп қойған көрінеді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төртқабатты үй құлаған. Сәуір айында Нұр-Сұлтанда тоғыз жыл бұрын салынған «бюджеттік» 12 қабатты үйдің сыртқы қабаты сыпырылып түскен. Құрылысқа жауапты лауазымды тұлғалар ғимаратқа бюджет есебінен тегін сараптаманы жүргізу үшін үйдің салынғанына кемі он жыл толуы керегін айтқан. Ал сараптамасыз жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды екен. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тек тұрғын үйлер ғана емес, әлеуметтік маңыздағы басқа да нысандар жеткілікті: аурухана, мектеп, балабақша т.б. Мәселен, Алматы облысына қарасты Қаратал ауылында 2014 жылы салынған мектептің төрт жылдан кейін (2018 ж) едені шіріп, қабырғасы мен төбесінде жарықшақтар пайда болған. Алматы облысының Мемлекеттік сәулет өнері және құрылысты бақылау басқармасы осы жайтқа байланысты құрылыс сараптамасы жүргізілгенін мәлімдеді. Оның техникалық қорытындысы бойынша ғимараттың бүлінуіне құрылыстың астына төселген топырақтың тиісінше тығыздалмауы және оның іргетасының шамадан тыс ылғалдануы себеп болған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, Тараз, Теміртау, Шымкент қалаларында да мемлекеттік бағдарлама бойынша бой түзеп, кейіннен ақауы шығып жатқан тұрғынжайлардың саны жетіп-артылады.Көп мәселе конверт арқылы шешіледі
«Бәйтерек» астана құрылысшылары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жамбыл Мелдебайдың айтуынша, бүгінде құрылыс сапасының төмендеп кетуіне көп факторлар әсер етіп отырғанын айтты. «Қазақстанда құрылыс мамандықтарын жіктеп, сала-салаға бөліп оқытатын оқу орындары тапшы. Біз бастапқы деңгейдегі құрылысшы мамандарды даярлайтын мектепті жоғалтып алдық. Бұрын құрылыс училищелері көп болатын, әр кәсіпорынның өз оқу комбинаты болатын еді. Олардан дайын құрылысшылар шығатын, қазір мұндай тәжірибе ұмытылған. Құрылысқа кездейсоқ адамдар келді. Тәуелсіздік жылдарында орта арнаулы техникалық білім құлдырап кетті. Қазір жаңа құрылыс материалдары шығып жатыр, сапаны көтеретін жаңа технологиялар бар. Алайда оны меңгерген маман тапшы», – деп қынжылады тәжірибелі құрылысшы. Оның айтуынша, бұрындары құрылыс кәсіпорында өндіріске қолданылатын материалды, сұйықтықтарды тексеретін зертхана болатын. Мұндай зертханалардың болуы тіпті міндеттелетін көрінеді, бірақ қазір ондай талап жоқ. Сәулетші Алмас Ордабаев құрылыс сапасының төмендеп кетуін оған құзырлы органдар тарапынан қадағалаудың дұрыс жүргізілмеуімен және бұл салада жемқорлық дертінің ерекше асқынып кетуімен байланыстырады. «Құрылыс жүргізілердің алдында әдетте арнайы геологиялық зерттеулер жасалады, жердің, топырақтың тығыздығы өлшенеді. Сол ауданның тиянақты картасы жасалады. Осы жұмыстардың бәрі тиісінше атқарылуы тиіс. Ал қазіргі жағдай дабыл қағатын деңгейге жетіп отыр. Құрылысты қадағалау жұмыстары көбіне моральдық мәдениеті күмәнді адамдарға жүктеледі. Олардың қолына конверт ұстатып, көзін «байлап тастау» оңай. Құрылыс саласын жемқорлық дендеп тұр. Әрине, басқа мемлекеттер де одан ада емес шығар, бірақ бұл кесел бізде тіпті ушығып кеткен»,– дейді А.Ордабаев. Оның үстіне құрылыс компанияларының қателігін дәлелдеп, істі сотқа жеткізудің, білікті мамандар жалдап, тәуелсіз сараптама жүргізудің машақаты да аз емес. Ол үшін көп уақыт пен қаржы да керек. Егер сот талқылауы ұзаққа созылып кететін болса, соны аяғына дейін қажымай, қайтпай жеткізу үшін қайрат та қажет. Сондай-ақ көп жағдайда тұрғындардың арасында өзара ауызбіршілігі жетпей жатады. Сөйте тұра біз сапасыз үй-жай салған құрылысшылардың қателігін түзету үшін салық төлеушілердің қалтасынан миллиардтаған қаржы шығындалатынын ескере бермейміз. Тағы да ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 1,1 миллиард теңге қолды болған. Бұл жария болғаны ғана, ал жария болмай жатқаны қанша? Сондықтан құрылыс саласындағы қылмыстың шынайы ауқымын дөп басып атау мүмкін емес. Мемлекет былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа жобасын іске қосты. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазынадан 5,2 триллион теңге бөлінбекші. Қыруар ақша, тек соның берекесін берсін дейік.Дәулет АСАУ