Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 22,9 миллион теңге ұрлаған күдікті сотталды.
Облыстық соттың мәліметінше, 24 жастағы Ш. Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша аса ірі мөлшердегі бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қарақшылық жасағаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот жәбірленушінің пайдасына 500 000 теңге моральдық зиянның өтемін өндіріп алды.Сотта Ш. өз кінәсін мойындады.«Ш. 2020 жылғы 23 қазанда түнгі сағат 03:00 шамасында Көкшетау қаласында «Алтын Раушан» ЖШС-ның аумағына бетперде тағып кірген. Күзетшіні темір монтировкамен қорқытып, аяқ-қолын байлаған. Одан кейін терезені бұзып, қызметтік үй-жайға түскен, онда сейфті бұзып ашып, 22 900 000 теңге ұрлаған» делінген ресми мәліметте.
Бұған дейін ойыншық тапаншамен мекемені тонаған ұры туралы жазған болатынбыз.