Мәжілісмендер «Астана LRT» ісі бойынша шетелге қашып кеткендерге халықаралық іздеу жарияланғанына күмән келтірді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оларды бір жылдан бері Интерпол іздеп жатыр деген еді. Телеарнаның мәліметінше, интерпол іздеп жатқандардың тізімінде екеуі де жоқ екен. Қомақты ақшаны қалтаға басып, елден қашқандар қала әкімінің бұрынғы орынбасары мен «Астана LRT» компаниясының экс-басшысы болатын. Мәжілісмендер Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның Интерпол тізімінде жоқтығына аң-таң. Қазақстан Интерполға жыл сайын 12 миллион теңгедей жарна төлейді. Сондықтан оларды не себепті таба алмай жатқанын білмейді. Өйткені интернетте олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте алаңсыз өмір сүріп жатқанын көрсетіп, қалай дұрыс тамақтану керектігі туралы жиі жазба жариялап жүр. Депутаттар халық арасында «Жемқорлық ескерткіші» аталып кеткен «Астана LRT» жобасына 120 миллиард теңге жұмсалғанын айтты. Бүгінде ЛРТ құрылысына жауапты жеті шенеунік темірторда отыр. Жақында олар аштық жариялаған еді. Халық қалаулылары Бас прокуратурадан халықаралық ұйымға қашқындарды іздеу туралы тапсырыс қашан және қалай берілгенін түсіндіруді талап етті.Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов: «Сонда қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсағанын күтіп отырған сияқты. Сосын тағы бір маңызды мәселені ескеру керек. Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, ол – Қазақстан халқының ақшасы», – деді.