Екі ұстазымның еңбегіне ерекше бас иемін
Екі ұстазымның еңбегіне ерекше бас иемін
482
оқылды

Ұстаз деген осы бір ұлы сөзде қанша ұлылық,қанша жылылық бар екенін білсек қой, шіркін! Өзінің алтын уақытын аямаған, шәкіртінің бақытын аялаған мәртебелі мамандық иелері жер бетіндегі барлық құрмет атаулыға лайық деп білемін.

Барлық бала сияқты менің де бақытты балалық шағым ауылда өтті. Мен де ұлы да аяулы  ұстаздарға шәкірт болдым. Осындай  ұстаздарға шәкірт болғанымды мақтан тұтамын да. Әлі есімде. Көз алдымда. Алғашқы мектеп табалдырығын аттаған сәтімде  күлімдеп келіп,қолымнан жетелеп сыныпқа кіргізген ұстазым Алтынай  Шақпақова апай. Қолыма қалам ұстатып, әліппе бетін аштырып,балалық білімімді жоғары буынға сеніммен жетелеп жіберген Алтынай апайыма басымды иемін. Бар өмірін білім жолына арнаған Алтынай апайым бұл күнде бақилық болған. Иманы саламат болсын. Әліппемен қоштасып, ана тілімен қауышу сәтіміз де келді. Бесінші сыныптан бастап үлкен өмір мектебіне жол салып берген орыс тілі мен  әдебиеті пәнінің  білікті де білімді маманы әрі класс жетекшіміз, ақылшы да аяулы ұстазым – Гүлбадам Бекмамбетова. Ол кісі 1946 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. 1956 жылы мектеп табалдырығын аттап,1964 жылы бітіріп, арман арқалап  1966 жылы Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Оқуын тәмамдап, 1975 жылы Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиетінің маманы болып жұмысқа тұрады. Осы мектептен қаншама балапандардың қанатын қатайтып, ұясынан ұшырды. Келесі жылы бізге де мектеп бітіргенімізге – 30 жыл толмақ. Қаншама жыл өтсе де, ұмытылмақ емес, санамызда сайрап тұр.  Ол кісінің салмақты да, инабатты мінезі, дауыс көтермей жай сөзбен айтып түсіндіруі, дауыс ырғағы өте ерекше болатын.Сабақты да бар ынтамен түсіндіреді. Орыс тілін де, қазақ тілін де өте жетік меңгерген,әрбір сөзі санаңда жатталып қалатындай еді. Тәрбие сағатын өткенде де,өмірден көргені,түйгені көп жан екенін түсінесің. Әрдайым бізге дұрыс бағыт- бағдар беріп, өмірге деген құлшыныс, дұрыс көзқараспен пайымдап қарау сол кісінің еңбегі деп айтсам артық емес. Бүгінгі таңда ол кісінің  шәкірттері – өмірде өз орындарын тапқан, әр салада керемет маман  иелері.Осы күнде өзі – немере, шөбере көріп, аяулы ана, ардақты әже атанып отыр.

Міне, бүгін мен үшін осы құрметті ұстаздарым туралы еске түсірудің бақытты сәті туып отыр. Білім нәрімен сусындатып,бойындағы бар жылылығы мен махаббатын, өмірін болашақ ұрпаққа арнаған, бойындағы білім мен тәрбиені қатар алып жүрген аяулы ұстаздарыма басымды иемін! Бүгінгі таңда осындай дәрежеге жеткізген ұстаздарыма алғысым шексіз!

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ, Nur Otan партиясы  Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары