Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
«Павлодар облысында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олар мемлекеттік сатып алу және жалпы қамқорлық шарттары бойынша орындалған жұмыстың актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйымдардан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Қайсар Баржақсынов.Бұған дейін әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен оның қарамағындағы екі қызметкердің тұтқындалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Қала әкімінің баспасөз қызметі бұл жағдайды растады. Антикордың деректері бойынша тергеу жалғасуда, ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. Бауыржан Ахметов өткен жылдың қаңтар айында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол сондай-ақ коммуналдық сала мәселелеріне жетекшілік етті. Тағайындалғанға дейін Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде басқарма басшысы қызметін атқарды.