Бау-бақша жайы әңгіме өзегіне айналды
Бау-бақша жайы әңгіме өзегіне айналды

Аймақтағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқа­туға «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы да өз үлесін қосып келеді. Ол «Өз­герістер жолы: әр азамат­қа лайықты өмір!» атты сай­лауалды бағдарламасында жан-жақты қамтылған бола­тын. Соның ішінде, қоғам на­за­рындағы саяжай, бау-бақ­ша жайы күн тәртібінен түскен емес. Таяуда өткен партия фи­лиалы жанындағы «Өңірді дамыту» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы осы тақы­рыпқа арналды.

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасы бі­рінші орынбасарының Мейірім Қалауидың айтуынша, соңғы уа­қытта бау-бақша, саяжай аумақ­тарына заманауи зәулім үй салу белең алып барады. Оған ар­найы мемлекеттік орган рұқсат бер­ген­мен, инфрақұрылым тарту жайы толық шешімін таппай отыр. – Бұл жер учаскелеріне баспана тұрғызғаннан кейін тұрғындар газ, су, жол, жарық сұрайды. Олай болуы да заңды. Жұрт қоныстанған жерге міндетті түрде инфрақұ­ры­лым қажет. Бәріміздің жұмысымыз – халыққа қызмет көрсету болған­нан кейін осы мәселені аяқсыз қалдыр­мауымыз керек. Қазірдің өзінде екі адам проблемаларын жеткізіп отыр. Ал осындай жағдай­мен алдымызға мың адам келген кезде біз бәрібір шешім қабылдауға тиіспіз, – деді Мейірім Жола­ман­ұлы. Атырау қаласы әкімінің орын­басары Жұмабек Қаражанов шаһар басшысы бұл мәселеден хабардар екенін, бау-бақша қоғамдарына қатысты иелерімен жиын өткізге­нін де жеткізді. Оның айтуына қа­рағанда, облыс орталығында 45 бау-бақша қоғамы бар. Десек те, олардың қатарында игерілмей жатқандары да жоқ емес. Ал «Химик» бау-бақша қоға­мы­ның тұрғыны Бауыржан Пазы­лов пен «Рыбник» бау-бақша қо­ғамының басқарма төрағасы Абай Мұқашев қоқыс жайының әлі күнге дейін шешімін таппай ке­ле жатқанына қынжылыс білдір­ді. – 2019 жылдан бері тоқ жүргізу «жабулы қазан» күйінде тұр. Тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды тасы­мал­дау да бір жолға қойылмаған. Ол аумақтарға халық қоныстан­ғаннан кейін қоқыс-қалдық болатыны бесенеден белгілі ғой. Әсіресе, қалаға қарасты ауылдық жерлерде жағдай тіптен қиын, – дейді Бауыржан Пазылов. Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ануар Байқадамовтың сөзіне қарағанда, еліміздегі заңдылық­тарға сәйкес бау-бақша қоғамдары кейін жеке тұрғын үйлерге ауыса алады. Алайда олардың барлығы инфрақұрылым жүргізу талапта­рына сәйкес келмейді. Бірі қолай­сыз болса, бірінің жолы тар. Бұрын саяжайға нақты талаптар қойыл­ғанмен, бүгінде ешқандай пара­метр жоқ. – Сол себептен тұрғын өзінің жер теліміне нобайылық жобасы­мен келген кезде шектеу қоя ал­маймыз. Оған ешқандай заң жоқ, – деп атап өтті А.Байқадамов. Қалай болған күнде де, эколо­гиялық ахуалы сын көтермейтін аймақта қоқыс, қалдық мәселесін шешу – кезек күттірмейтін іс. Сол себепті жиын қорытындысында жоспарға сәйкес қоғамдық ба­қылау, мониторинг жүргізу және басқа да форматта өңір экология­сын тұрақтандыру бойынша жұ­мысты жандандыру туралы шешім шығарылды.

Әбілмансұр ЖАСАН