Жол апаты көбейді
Жол апаты көбейді

Биылғы 8 айда елде 8 307 жол-көлік апаты тіркелді, онда 12 205 адам зардап шекті. Жол-көлік оқиғалары (ЖКО) өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға өскен, ал зардап шеккендердің саны 11,2%-ға көбейді. ЖКО салдарынан 10 947 адам дене жарақатын алды (10,5%-ға артты) және 1 258 адам қайтыс болды (17,7%-ға көп). Жолдағы қайғылы оқиғаның көбеюіне жын ұрғандай айдайтын жүргізушілер «көп үлес қосады».

Тәртіп сақшыларын жолдағы апаттардың күрт артқаны алаңдатады. Енді оны азайту және алдын алу амалдары қарастырылып жатыр. Мысалы, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жазалау қолға алынуда. Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін атап өтеді. Бұл ережелерді жаяу жүргіншілердің де, жүргізушілердің де бірдей сақтауы маңызды. Мысалы, тек Павлодар облысында ғана жыл­дам­дықты асырып айдаған 41 мыңнан астам жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек, 7 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Көлік жүргізу және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі негізгі және өте маңызды ережелердің бірі – қауіпсіздік белдігін тағу. Соқтығысу кезінде белбеу бүйір әйнектерге соғылуға немесе салонның басқа бөлігіне ұшып кетуге, сондай-ақ көлік құралындағы басқа адамдарды зақымдауға жол бермейді. Белдікті бекіту үшін 5 секунд жұмсасаңыз сіз өз өміріңізді сақтай аласыз. Өкінішке қарай, мұны бәрі түсінбейді: біздің облыстың 8 мыңға жуық тұрғыны бұл ережені елемеді», – дейді павлодарлық полиция қызметкер­лері.

Елдос СЕНБАЙ