Қазақ радиосы 100-ге толды

Қазақ радиосы 100-ге толды

1 қазан күні елордада «Қазмедиа орталығының» Киноконцерт залында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шара тиісті карантин талаптарына сай және телетүсірілім форматында өрбіді. Жиында Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттық­тау хаты оқылды. Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақ радиосы құ­рылған 1 қазан «Радио күні» датасы ретінде белгіленіп, бүгін алғаш рет атап өтіліп жатыр. Қазақ радиосы ұжымын құт­тық­тау хатында  Елбасы халқымыз­дың талайлы тарихы мен шежіресі эфирде қамтылып,  аумалы-төк­пелі кезеңдерде ел өміріндегі маңызды оқиғалар жұртшылыққа жедел жеткізілгенін  ерекше атап өтті. «Бір ғасыр ішінде осы қара­шаңырақта еңбек еткен майталман журналистер мен көрнекті қайрат­керлер көпшіліктің ыстық ықы­ласына бөленіп, өшпес із қалдыр­ды. Әуе толқынында көптеген бағдарламалар төл мәдениетімізді насихаттауға, ана тілімізді дәріп­теуге, ұлт санасын жаңғыртуға өл­шеусіз үлес қосып, қазақ руха­нияты­ның алтын қорын қалыптас­тырды»  делінген Елбасы құттық­тауын­да. Құттықтауды Елбасы кеңесшісі – баспасөз хатшысы А.Үкібай оқып берді. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың құттық­тауын­да «Қазақ радиосының жылнамасы – халқымыздың 100 жыл­да жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Қазір де Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлттық құнды­лық­тарды жастардың санасына сіңіруге сүбелі үлес қосып жатыр. Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылдығына тұспа-тұс келген бүгінгі мерейтой­дың орны бөлек. Биылдан бастап 1 қазан «Радио күні» болып бекітілді. Мұның өзі бұл саланың ақпарат айдынындағы  рөлі ерекше екенін аңғартады»  делінген. Мемлекет басшысының құттықтауын вице-премьер Е.Тоғжанов оқып берді. Сондай-ақ  жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева Қазақ радиосын мерейтойымен құттықтай келе, оның таралым аумағын кеңейту мақса­тын­да шекара маңындағы аумақ­тарда радиохабар таратудың мемлекеттік желісін дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, конкурс негізінде Қазақ радиосына 107 радиожиілік спектрі бөлінгенін айтты. Оның нақты мысалы ретінде жиын барысында ШҚО, Тарбағатай ауданы, Көкжыра елді мекенінде жаңа радиожиілік іске қосылды. Іс-шара барысында Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларындағы Қазақ радиосының студияларынан сахнаға тікелей қосылым жасалды. Мерекелік кеште бейнематериалдар мен музыкалық нөмірлер қойыл­ды. Қазақ радиосының «Ал­тын қорында» сақталған Б.Мо­мышұлы, Қ.Қайсенов, М.Әуе­зов, А.Жұбановтың үнтас­паға жазылған сұхбаттарынан үзінділер берілді.

А.ЖОЛДАС