Қарттар немере бағумен шектеле ме?
Қарттар немере бағумен шектеле ме?
518
оқылды

Ел арасында еңбекке қа­білетті азаматтардың саны азайған. Себебі зей­нет жа­сындағы халық үлесі 11%-ды көрсеткен. Яғни, Қазақ­стан халқы «қарта­йып» ба­ра­ды. Осы тұста «са­палы» қарт­тықты қам­тамасыз ете алып отырмыз ба? Зейнет­керлерге ар­нал­ған үйірме, оқыту курсы бар ма? Зей­нет­ақысы сая­хатқа жете ме, әл­де асынан артылмай ма?

 «Қартайып» барамыз

Иә, қарттардың саны артты. Со­ған сай жұмыс істеуге қабілетті азаматтардың үлесі айтарлықтай төмендеді. Мәселен, 2010 жылы 64% болса, 2020 жылы 58,3%-ға азай­ды. Қарттардың қатары көбей­геніне келсек, 2010 жылы зейнет жасындағылардың үлесі 9,9% болса, 2020 жылы 11%-ға жеткен. Соның әсерінен еңбекке қабілетті бір адамға түсетін де­мографиялық жүктеме өсіп жа­тыр. Мысалы, ел­дегі жұмыс істей алатын 1 000 адам­ға еңбек жасына толмаған және одан үлкен 692 адамнан келеді. Статистикаға қарасақ, өткен жылы 687 адамнан келсе, он жыл бұрын 555 адамнан келген екен. Қуантарлығы, 2021 жылы ел хал­қының саны 19 миллионнан ас­ты. 2020 жылдан бастап есепте­генде өмір сүру ұзақтығы – 71,37 жас. 2010 жылы бұл көрсеткіш 68,45 жасты, 2000 жылы 65,5 жас­ты көрсеткен. Қазақстан 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуді бастаған. Оған қоса, үлес­ті­руші үлгісіндегі зейнетақы жү­йе­сі де бар. Бірақ жаһандық тренд бірін­ші жүйені қолдайды. Мы­салы, 2019 жылы жинақтаушы тип 53%-ға, үлестіруші тип 47%-ға жеткен. Мұның қандай маңызы бар десеңіз, үлестіруші зейнетақы жүйесінде зейнеткерлерге төлем­дер жұмыс істейтіндердің табысы есебінен жүргізіледі. Ал жинақ­таушы жүйеде жұмыс істейтін­дердің жарналары қарт адамдарға төлеуге жұмсал­май­ды. Керісінше, жинақталып, ин­вес­тицияланады. Мәселен, 2021 жыл­дың 1 қыр­күйегіндегі мәлімет бо­йынша, елдегі зейнетақы жинағы 12,9 трил­лион теңгеге жеткен. Зей­нет­ақы жинағының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жар­налары есебінен қалыптасатыны белгілі. Бұл көрсеткіш бойынша қорда 12,6 трлн теңге бар.

 Мұның қоғамға әсері қандай?

Айталық, БҰҰ болжамы бо­йынша 2050 жылға қарай Қазақ­стан халқының саны 24 млн адам­ға же­теді. Соның әсерінен қарт­тардың үлес сал­мағы артады. Тек елімізде ғана емес, әлемдегі ахуал солай болмақ. Атал­ған ұйым 2050 жылға қарай 60 және одан жоғары жаста­­ғы халық саны 2 млрд адамға жете­ті­нін бол­­жап отыр. Әрі қарт адам­дардың 80%-ы та­быс­тың төмен және орта дең­­гейіндегі елдерде тұратын болады. қарттар Осы тұста демографиялық «шұң­қыр» дейтін мәселе бар. Қазір 15-24 жас аралығында­ғы жастардың үлес саны аз. Се­бебі 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туу көрсеткіші азайған. Ал мұның әсері 2050 жылға қарай білінеді. Өйткені аталған жастағы адамдар сол уақытта зейнет жасына шығады. Жұмысқа қабілеттілер азайып, зей­неткерлер көбейеді. Әлеуметтану­шылардың ай­туын­ша, қариялардың үлесінің көбеюі табиғи заңдылық емес. Бәрі туу көрсеткішіне тәуелді. Демек, елде қарттардың саны артса, туу саны мәз емес деген сөз. Мұның бәрі экономикалық потенциалды төмендетеді. Оған қоса, еліміздегі 60 жастан асқан қарттардың ден­саулығы дамыған елдердегі қа­рия­лардыкімен тең емес. Өмір сүру сапасы төмені білінеді. Соның сал­дарынан жұмыс күші азаяды. Эко­но­микаға салмақ түсірмеудің ама­лын зей­нет­ақы қорындағы ақшамен бай­ла­ныс­тырсақ та, шешім жалғыз бұл емес. Маңыздысы, туу көрсеткі­ші­нің жоғарылауы. Өйткені қазір жас отбасылар сәби сүюге асық­пайды. Кейбір мәліметке сүйен­сек, Қа­зақстандағы әйелдер орта­ша есеп­пен бірінші баласын 29-30 жас ара­лығында дүниеге әкеледі. Мә­селен, 90-жылдары қыз-ке­лін­­шек­тер 22-24 жасында ана атан­ған. Мұның себебі неде? Айналып кел­генде түйінді қаржы мәселесі, бас­пана, жұмыспен қам­тудан табасыз. Олар жағдайын толық жасап а­л­ғанда ғана аталған қадамға барады. Бірақ демогра­фиялық ахуал мен экономиканың бір орында тұрмай­тыны тағы бар.

«Сапалы» қарттық дегеніміз не?

«Сапалы» қарттық сөзін әдемі қар­таюмен үйлестірсек болады. Бұған денсаулық, психологиялық күй, өмір сүру сапасы себеп. Әсі­ресе, денсаулық саласында қарт­тарға демеу көрсетіп, түрлі бағ­дар­л­ама түзген абзал. Дәрігерлер қарт­тарға көбірек табиғат аясына шы­ғуды, қимыл-қозғалысты көбейтіп, тынығуды міндеттейді. Мәселен, психологтер қария­ларды «қар­тай­дым» деп айтпауға шақырады. Кері­сінше, аула клубына қосылып, таң­­ғы жаттығу жасап, мүмкін­ді­гін­ше күнді сер­гек өткізуге кеңес бе­ре­ді. Мы­салы, Қытайда қарт­тар­­дың сая­хаттауға жиі шығатынын байқай­мыз. Олар бір-бірін байла­нысқа ша­қырып, бірге саяхаттай­ды. Ұлы­бри­тания мен АҚШ-та та­ңер­тең­гі­лік газетті сатып алуға барып, күнін спортпен байланыс­тыратын қарттар көп. Ал елімізде зейнет­кер­лер көбіне немере ба­ғып, үй қарап қалады. Ал зей­нетақы жағы бөлек әңгіме.

Айталық, БҰҰ болжамы бо­йынша 2050 жылға қарай Қазақ­стан халқының саны 24 млн адам­ға же­теді. Соның әсерінен қарт­тардың үлес сал­мағы артады. Тек елімізде ғана емес, әлемдегі ахуал солай болмақ.

«Өзім 70 мың теңге зейнетақы аламын. Көбіне тамақ пен той-то­малақтан артылмайды. Қолым­нан келгенінше балаларыма көмектес­кім келеді. Сондықтан әр зейнетақы сайын 20 мың теңгені айналымға саламын. 10 әйел біріксек, кезегім келгенде 180 мың теңге аламын де­ген сөз. Бірақ осынша ақша алсам да, демалыс орнына бармаппын. Әй­теуір, бір керекке жарап жатыр. Иә, біз өзімізді екінші орынға қоя­ты­нымыз рас. Өзіміз үшін әдемі қар­таю немерені бағып жү­румен бай­ланысты емес пе?», – дейді зей­неткер Рысхан Дүйсен­бекқызы. Дегенмен спортпен айна­лы­сып, саяхаттап жүретін қариялар ілу де бір бар. Олардың санын арттыру үшін үйірмелер мен клубтар ашу жойға қойылған. Мәселен, Еңбек министрлігі 2025 жылға дейінгі «Бел­сенді ұзақ өмір сүру» іс-ша­ралар жоспарын бекіт­кен. Жос­пар­да 9 бағыт бойынша іске асырылуы керек 36 іс-шара бар. Мысалы, ма­­те­риалдық жағ­дайды жақсарту, аға буын азамат­тарының жұмыспен қам­тылуын арттыру, денсаулық сақ­тау жүйе­сін жетілдіру, әлеуметтік қыз­мет көрсету деңгейін арттыру, бос уа­қытты ұйымдастыру үшін жағ­дай жасау және тағы басқа­лары бар. Осыған орай Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында аула клубтары жұмыс істеп, әкімдік жанынан қарт­тардың өмір сүруге құлшы­ны­сын арттыру жобалары іске асады. Психологтер өзінің қоғам­ға керек екенін сезіну, екінші тынысын ашу қарттарға да пай­далы екенін ай­тады. Әсіресе, күн­ді өнімді өткізу, ден­саулыққа қарау таптырмас кө­мек. Өйткені ауылдан қалаға көшіп келген зейнеткерлердің көбі көп­қабатты үйде қамалып отырғандай күй кешіп, қамығады екен. Осын­дай қариялардың аула клубына барып, түрлі үйірмеге жазылғаны жөн. Бірақ мұндай клубтар бар­лық қалада бар деп тағы айта ал­май­мыз. Бар болған күннің өзінде тиісті жаб­дықтармен қамтамасыз етілген­дері бірен-саран. Ел бо­йынша олар­ға арналған мәдени-бұқаралық ша­раның тек қарттар күнінде ұйым­дастырылатынын ескерсек, жауап­тыларды әлі талай жұмыс күтіп тұр.

Айбике ЖАНАСЫЛ