Биыл «Алматы марафонның» өтетін уақыты бірнеше рет ауыстырылғанымен, қазақстандықтар сүйікті жарысына 26 қыркүйек күні қатысу мүмкіндігіне ие болды. Дәл осы жарыс үшін Алматыға басқа қалалардың тұрғындары да келді. Жарыс кезіндегі жарқын сәттер, жеңімпаздар, адамдардың жүзіндегі күлкі, қуаныш – Айқынның репортажында.
Жексенбі күні таңғы алты болмастан Алматының барлық бұрышынан марафон қатысушылары мен қонақтары Республика алаңына ағылды. Таңғы ұйқыны қию, көшелердің жабық болуы да спорттық шараға қатысушыларды тоқтата алмады. Барлық жерден музыка мен күлкі естіліп, Алматыда нағыз мерекелік көңіл күй сезілді.
Спортсүйер қауымға жарыс жолына қайта шығып, нағыз адреналинді сезінуі үшін екі жарым жыл күтуге тура келді. Өткен жылы пандемияға байланысты «Алматы марафон» өтпеді. Ал биыл қауіпсіздік үшін Ashyq-тағы статустың жасыл болуы міндетті болды. Қатысушылар жарыс жолында бетпердені шешкенімен, мәреге жеткен соң қайта тағуға міндеттелді.
Биыл «Алматы марафон» 10-шы рет өтті. Биылғы спорт мерекесін салауатты өмір салтының барлық ауруды жеңуінің символы ретінде қарастыруға болады. Бұл күні ауа райы да керемет болды, күн ашық, аспан таза, ыстық та емес. Бұл спортшыларға күш пен қашықтықты жеңіл бағындыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар жарыс жолына бірнеше кезеңмен: алдымен 42,2 шақырым, кейін 21,1 шақырым шығып, соңында скандинавиялық жүрісті ұнататындар 10 шақырым жүріп өтті.
Жолда желаяқтарды музыкалық топтар, оркестр, чирлидерлер мен барабаншылар қолдап отырды. Марафон нағыз денсаулық пен қозғалыс, тамаша әсерлер мен рухтың, жақсы көңіл күйдің мерекесі болды.
Марафонға тұтас командалар да қатысты. Олардың бірі – Kaspi-дің экиден командасы. Биыл оның құрамына алғаш рет Инна Ли кірді. Әдетте ерлер қауымы жылдам жүгіреді деп саналады. Алайда нәзік жанды ару ерлерден қалыспай, тамаша нәтиже көрсетті. Kaspi.kz осымен бесінші жыл қатарынан «Алматы марафонның» бас серіктесі болып келеді. Компания тек шараның демеушісі ғана емес. Қызметкерлерінің көпшілігі де жарыс жолына құлшына шығатын кәсіби марафоншы-
лар.
Бұл күнді есте сақтап қалғысы келіп, өзін, туыстарын суретке түсіргендер көп болды.
Қуаныштарын жасыра алмаған адам көп болды, ал кейбірі сахнада қатысушылардың бірі сүйіктісіне ұсыныс жасағанда көзіне жас алды. Осылайша, марафонда тағы бір отбасы пайда болды.
Қолдау мен көмек – кез келген спортта маңызды. Марафонда адамдардың бір-бірін қолдап, уайымдағанын көрдік. Тіпті, бір-бірінің қолынан ұстап жүгіргендер көп.
Дәстүрлі жарыста шектеу жоқ. Денсаулығында кінәраты бар балалардың жарысқа қатысуы, ата-аналары мен жаттықтырушыларының жанұшыра қолдауы ерекше әсерге бөлейді.
Ерекше қолдауды қажет ететін спортшылар да марафонға белсенді қатысты. Олардың күш-жігері таңғалдырады және бұл басқа қатысушыларды жаңа жетістіктерге шабыттандыратыны анық.
«Марафон – 2021-ге» паралимпиада чемпионы, қызылордалық Мейіржан Мақшат та қатысты. 10 шақырым қашықтықта ол алғашқылардың бірі болып келді.
42,2 шақырым қашықтықта ең үздік марафоншы Ислам Аманғос (2 сағат 41 минутта жүгіріп өтті) пен алматылық Дана Гусарова болды.
Қатысушылардан түскен жарнаның бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Спортсүйерқауым мен серіктестердің арқасында өткен жылдары Алматы қаласы мен облысында 22 қайырымдылық жобасы жүзеге асқан. 2021 жылғы марафоннан кейін Алматыда жүгірушілер үшін спорт базасы салынды, енді Алматы мен Шелек қаласында балаларға арналған екі спорт алаңы салынады.
А.СҰЛТАН