Шымкент ауруханаларында дау көп
Шымкент ауруханаларында дау көп
© turkystan.kz
406
оқылды

Шымкент қаласы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша партияның Саяси кеңесі бюросында қалалық пар­тия филиалы жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылған-ды. Соның бірі – «Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі» өңірлік Қоғамдық кеңесі. Аталған өңірлік кеңеске Есенбек Серкебаев төрағалық етеді. Құра­мына праймериз жеңімпаздары, дәрігерлер, қалалық мәслихат депутаттары, партиялық кадр­лық резерв өкіл­­­де­рі, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері енген кеңес бү­гін­де белсенді жұмыс атқарып келеді. Біз қоғамдық кеңес төрағасы Есенбек Серкебаевпен тілдесіп, атқарылған жұмыстарды сұрағанбыз.

Сыннан қорытынды шыққан

«Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі» өңірлік Қоғамдық ке­­ңес мүшелерінің араласуымен ме­­­­­дицина саласындағы бірқатар тү­йт­кілді мәселенің шешімі табы­лып, кейбір кемшіліктер дер ке­зінде ретке кел­тірілді», – дейді кеңес төрағасы. Қоғамдық кеңес мүшелері ма­мыр айының соңында күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізген бір­қатар медицина мекемесіне барып, зерделеу жасаған. Бақылау барысында Шымкент қаласындағы №1 қалалық емхана мен «Ана мен бала» оңалту орта­лы­ғы және №2 қалалық аурухана­ларында жүргізілген күрделі жөн­деу жұмыстары барысында меди­циналық, техникалық жабдықта­луы­мен танысу кезінде бірқатар олқылық анықталған. «Ана мен бала» оңалту орталығына барғаны­мызда науқастар үшін екі жансақтау бөлмесі бар екеніне қарамастан, сырттан келетін медициналық газ­дың орналасқан жері мен тара­та­тын мыс түтікше құбырлары күр­делі жөндеуден өтпегеніне және қауіпсіздік талаптарына сай кел­мей­тініне көз жеткіздік. Бұл деге­німіз, медициналық газбен қамта­масыз ету күрделі жөндеуден өтпе­ген, яғни жоба-сметалық құжат­тамаға енгізілмеген деген сөз. Орталықтың бас дәрігері Бақытжан Шәкеновке аталған кемшілік ту­ралы ескерткенімізде басын изеу­ден басқа жауап бере алмады. Орталықта бейнекамералар саны да жеткіліксіз болып шықты. Алай­да осы ескертулерден соң 4 айдан кейін аталған орталыққа барып, кемшіліктердің орны толғанын кө­­ріп қуандық. Сыннан қоры­тын­ды шығарылып, медициналық газ құбырлары қоршалып, техникалық қауіпсіздік шаралары талапқа сай жасақталыпты. Ал №1 қалалық ем­хананы аралау барысында атал­ған емханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы ке­ңес мүшелерінің көңілінен шық­қанымен, екпе салатын бөлменің кіреберісіне қосымша бейнеба­қы­лау камераларын орнату жөнінде ұсыныс айтылды», – дейді Есенбек Серкебаев.

Күрделі жөндеуге 3,8 млрд теңге бөлінген

Ал үшінші мегаполистегі ең үл­­­­кен және стратегиялық меди­цина­лық нысан болып саналатын­дық­тан, №2 қалалық аурухананың құ­ры­лысы (фосфор ауруханасы ата­лып кеткен) кеңес мүшелерінің жіті бақылауына алыныпты. Кеңес төр­ағасының айтуынша, күрделі жөн­деу жұмыстары үшін қыруар қаржы бөлінген №2 қалалық ауру­хананың құрылысында кемшілік көп. «Ауруханада күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілгеніне қара­мастан, нысанның айналасы толық абаттандырылмаған және көгал­дандырылмаған. Жалпы, мекеме ғи­мараттары мен айналасын ви­зуалды қарау барысында сапасыз және толық емес жұмыстар жасал­ғаны байқалып тұрды. Медицина мекемесінің сыртқы қоршаулары және кейбір ғимараттары да толық күрделі жөндеу көрмеген. Ауру­ха­наның аумағында орналасқан трансформатор желісі де кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Негізгі қақпадан кіреберістегі мо­дуль ғимараты мүлде күрделі жөн­деу көрмеген десе де болады. Ал кір жуу ғимараты жөнделгенімен, мұнда қажетті өндірістік маши­на­ларды көрмедік. Соған қарағанда жоба-сметалық құжаттаманың дұрыс дайындалмағаны байқалды. Сонымен қатар аурухананың жаңа келген науқастарды қабылдау бөлімінде және емхананың екпе салу бөлмелерінің маңында ба­қылау бейнекамералары тіптен жоқ. Бас дәрігердің уақытша мін­детін атқарушы Қанат Тумановтың аталған кемшіліктер жөнінде ха­барсыз екені байқалды. Себебі ол кеңес мүшелері қойған сұрақтарға мардымды жауап бере алмай қатты қиналды», –дейді кеңес төрағасы. Жалпы, осынау ауруханада жыл басынан бері түсініксіз жайт­тар болғаны рас. Аталған ауру­ха­наны күрделі жөндеу үшін бюд­жет­тен 3,8 млрд теңге қаралыпты. Мамандар бұл қаржыға типтік үлгідегі 2 ауру­хана салуға бола­ты­нын меңзеп отыр. Одан бөлек, күр­делі жөндеу жұмыстары аяқтал­ған соң бұрынғы бас дәрігер қа­был­дау актісіне қол қоймай жұ­мыс­тан шығып кетеді. Ал одан ке­йін келген Мыңжылқы Берді­қожаев құрылыстың басы-қасында болмаған соң қол қоюдан бас тарт­қан. Сөйтіп, ол құрылыс жұ­мыс­тарының мәселесі әбден біткенше бас дәрігерліктен шеттеле тұрғысы келеді. Әйтеуір, түсініксіз жайттар... Бұл туралы қоғамда үл­кен пікірталас тудырған мәселе бол­­ғанын да атап өтті кеңес төрағасы. №2 қалалық ауруханада «қос басшылық немесе екі бас дәрігер» деген төңіректе шу шыққан. Бұл жағдай бойынша шұғыл түрде «Nur Otan» партиясының қоғамдық кеңесінің кезектен тыс көшпелі отырысы өткізіліп, партия тара­пынан жіті бақылауға алынғанын да жеткізді. Одан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 7 сәуірде тараптар пайдалануға қабылдау актісіне қол қояды. Ал 14 сәуірде мердігер «Югстройсервис» ЖШС құрылыс компаниясы тарапынан тізімге сәйкес реттеу кепілдеме хаты жазылады және оның орын­далу мерзімі көрсетілмейді. Алайда бұл кепілдеме хатта аурухананың толық жөндеу көрмеген сыртқы қоршаулары, модуль ғимараты, транс­форматор желісі, ауруха­наның айналасын көгалдандыру және абаттандыру жайлы бірде-бір сөз жоқ болып шыққан. Жуырда кеңес мүшелері жоға­рыдағы айтылған кемшіліктердің орындалуын бақылау мақсатында №2 қалалық ауруханаға қайта бар­ды. Мұнда бірқатар сын-ес­керт­пе ретке келгенімен, нысан­ның айна­ласы толық абаттан­ды­рылмағаны, айнала қоршау­лары­ның да әлі ауыс­тырылмағаны бай­­қалған. Сонымен бірге кіре­бе­рістегі модуль ғимараты мүлде жөн­деу көрмепті. Кеңес төрағасы кемшіліктердің толық ретке кел­меуіне байланысты аталған мәселе енді Партиялық бақылау комис­сиясының қарауына ұсынылаты­нын атап өтті.

Дәрігерлердің базынасы бар

Қоғамдық кеңес қол жеткізген нәтиженің бірі, көшпелі отырыс кезінде екпе салу пункттерінде бақылау бейнекамераларының жоқтығы айтылып, сынға алынып, басқармаға ұсыныс жолданған болатын. Нәтижесінде, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов елімізде алғаш болып Шымкенттегі егу бекеттеріне бейнебақылау ка­мералары орнатылғаны туралы сүйінші хабар таратты. Сонымен қатар қоғамдық ке­ңес мүшелері ақ халаттылармен пікірлесу барысында олардың да мәселелері қордаланып қалғанына көз жеткізген. Жалпы ақпарат бе­ру­ден бастап, үгіттеуді, тұрғын­дардың үйін аралауды, мобильді топтарды көлікпен қамтамасыз етуді емханалардың өзіне жүктеп тастағанын жеткізген. Осындай келеңсіздіктерден соң кадрлардың жұмыстан бас тартуы белең алған. Емдейтін дәрігер үгіт жүргізіп кө­шеде жүреді де, одан қайтып келіп түн ортасына дейін қағаз тол­ты­ратындарын айтады. Медицина қызметкерлері қалада халыққа са­ламатты өмір салтын насихат­таумен айналысуы тиіс саламатты өмір салтын қалыптастыру орта­лығы дейтін мекеменің пандемия басталғалы бері үні шықпағанын айтып, күйінген. «Неге осы мекеме насихаттаумен айналыспайды? Тікелей жұмысы емес пе?» деген шағымдарын да жеткізген кеңес мүшелеріне. Осы мәселе бойынша басқармаға ұсыныс жолданыпты. Кеңес мүшелері денсаулық сақтау саласындағы барлық құ­ры­лым бүгінгідей сын сағатта үйле­сімді жұмыс атқаруы тиіс, денсау­лық күтімін сақтауда халық ара­сында нәтижелі түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізудің маңызы зор дейді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы