Елордалық өрт сөндірушілердің күшімен "Астықжан" сауда үйінде болған өрт сөндірілді. Өрттің ауданы алдын ала болжам бойынша 7 000 шаршы метрді құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 2 қазанда сағат 09:42-де Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері әл-Фараби даңғылы, 28 мекенжайы бойынша өрт туралы келіп түскен хабарлама бойынша жолға шықты."Өрт сөндірушілер 6 минуттан кейін шақыру орнына келген соң, "Астықжан" сауда орталығының үшінші қабатында жиһаз салоны жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндіру орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД күштері мен құралдары, 105 адам және 26 бірлік техника құрамында, сондай-ақ, коммуналдық қызметтің 8 суару-жуу машинасы жұмылдырылды", - делінген хабарламада.Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 2-қабаттың терезесінен 2001 жылы туған қыз бала өрттен өзін құтқару үшін секіріп кеткен. Ол - "Универсал" жиһаз цехының қызметкері. Қыз балаға жедел жәрдем қызметкерлері көмектесіп жатыр. Жағдайы орташа дәрежеде.