Министрліктің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Сергей Калякин және сол комитеттің Есіл аудандық аумақтық инспекциясының бастығы Таңатар Айхожаев кафеде шу шығарып, ыдыс-аяқ сындырған. Содан кейін дәмхананың даяшысы полиция шақыруға мәжбүр болған. Медициналық сараптамаға сәйкес, олардың орташа дәрежеде алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті. Белгілі болғандай, шенеуніктер ветеринарлық шараларды жүргізу үшін іссапарға жіберілген екен. Ақпарат көзі бойынша, әдеп жөніндегі кеңесте Сергей Калякиннің іс-әрекеті толық қаралмастан, жай ғана қызметінен босатылған. Сөйтіп, ол біраз уақыттан кейін қайтадан мемлекеттік қызметке орналаса алады. Ал Таңатар Айқожаевтың әрекеті кеңесте егжей-тегжейлі қаралған. Кеңесте көпшілік Айхожаевты ақтауға тырысқан. Оны жұмыстан шығармай, қатаң сөгіс берумен шектелуді ұсынғандар қарасы көп болды. Дегенмен, әдеп жөніндегі кеңес ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Есіл ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Таңатар Айхожаевты қызметінен босатуды ұсынды.