Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және Тараз қаласының даму перспективалары туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады.
Бердібек Сапарбаев Президентке «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. Облыс әкімінің есебін тыңдаған Президент өңірді дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына қарасты QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытының қызметімен танысудан басталды. Институттың бас директоры Күнсұлу Закария Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамыту жоспары туралы баяндады. Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлы дерматитке және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығаратын болады. Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық вакцинаның коронавирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын күшейтуге зор үлес қосатынына сенім білдірді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Гвардейский кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арнап салынған тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев отандық және шетелдік ғылыми мамандарға арналған 180 пәтерлік үш тұрғын үй құрылысының аяқталғаны туралы баяндады. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа жиһаздармен толық жабдықталған жаңа пәтерлер көрсетілді. Үйлерді салуға республикалық бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бірінші үйдің құрылысы биыл мамыр айында аяқталды. Көпқабатты үйлердің құрылысы толық бітіп, барлық инженерлік желілер тартылған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Гвардейский кентіндегі жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Президентке спорт нысанында екі ауысымда 120 адам жаттыға алатыны жөнінде айтылды. Спорт кешенінде волейбол, футбол, күрес, бокс, таэквондо және каратэ залдары бар. Мемлекет басшысы жас спортшыларға табыс тілеп, оларға тренажер жабдықтарын сыйға тартты.