Қазақстандықтардың шетелдегі мүлкі анықталды
Қазақстандықтардың шетелдегі мүлкі анықталды
163
оқылды

Жарты мыңға жуық Қазақ­стан азаматы жүздеген миллиард қаражатын шетелдегі есепшоттарда сақтайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев хабарлады. Оның мәліметін­ше, биыл декларация тапсыр­ған 497 мың жеке тұлғаның 440-ы әлемдегі 58 елдегі банк­те төл шотына ие екен. Сол шоттардағы ақшаның жал­­пы сомасы 691 миллиард теңгені құрады.

Қазақстандықтар ең көп банк есепшотын Ресейде, АҚШ-та және Швейцарияда ашқан. Сонымен қатар 494 жеке тұлға 26 елдегі 666 жылжымайтын мүлік нысанын декларациялапты. Оның көбі – 436-сы Ресейде, 44-і – БАӘ-де, 38-і – Түркияда. 1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте жекеменшігінде 1 198 көлігі барын салықшыларға жария еткен. Оның да көбі – 292-сі Ресейде. 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі – Германияда тіркелген. 47 азамат елден тыс жерде – Ресейде, Кипрде, БАӘ-де 57 заңды тұлғада үлес еншілеген. 1 585 жеке тұлға жалпы саны 11 елде 1 603, соның ішінде Қазақстан­да 1 568 жылжымайтын мүлік құры­­­лысын­да үлесі барын көрсет­кен. Бұдан бөлек, 116 адам – декларацияларында инвестициялық алтынға, 918 адам – 25 елде құнды қағаздарға, 608 адам 635 пайлық инвестициялық қорда пайға ие екенін жазыпты. 212 адам зияткерлік меншіктің, авторлық құқықтың 218 нысанына иелік етеді. 355 адамның дебитор­лық қарызы, 578 адамның креди­тор­лық берешегі бар. 1 704 қазақ­стандық 2 327 объектіні сенімді басқаруға табыстаған. Еске сала кетсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жауапты лауазымдағы тұлғалар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкі­леттік берілген және соларға теңес­тірілген тұлғалар мен олардың жұбай­лары және басқалары кіріс­тері мен мүліктері туралы декларация тапсырды.

Елдос СЕНБАЙ