Жазира Жаппарқұл: «Спорттан кетпедім, мені кетірді»
Жазира Жаппарқұл: «Спорттан кетпедім, мені кетірді»
196
оқылды
– Рио Олимпиадасының күміс медалін еншілеген, қазақ қыздары­ның арасында тұңғыш жүлдегер атанған Жазира Жаппарқұл қазір қайда жүр? – Бірі білер, бірі білмес, үлкен спорттан 2019 жылғы мамыр айын­да кеттім. Оған белімнен алған жарақат себеп болды. Аны­ғын айтқанда, 2016 жылы Рио Олимпиадасының алдында жара­қатым сыр бере бастады. Яғни, бе­лімдегі «грыжа» еркін жатты­ғуы­ма кедергі келтірді. Соған қара­мастан төртжылдықтың басты додасына дайындығымды жалғастыра бердім. Салдарынан аяққа көп күш түсіріп алдым. Ең өкініштісі, Ауыр атлетика феде­рациясының тарапынан емделуге ешқандай жағдай жасалмады. Сондықтан жарақаттан тезірек айығып кете алмадым. Сол жылы мен Олимпиадаға аттандым. Күміс жүлдегер атандым. Бразилиядан келгеннен кейін үш-төрт ай көлемінде сый-құрметке бө­лен­дім. Елбасымен кездесіп, ол кісінің қолынан «Парасат» орденін алдым. Арқадан үлкен жүк түсіп, елге жүлделі оралғаннан кейін қайтадан жарақа­тымды емдеуге кірістім. Сол уақытта федера­циядағылардан, облыстық Спорт басқар­масынан жәрдем сұрадым. Өтінішіме ешкім құлақ ас­паған соң, кейін тағы да қалтам­нан ақша шығарып, емделу керек болды. 2019 жылы мамыр айында федерациядағылар мені құрама сапынан шығарып, айлығымды тоқ­тату үшін арнайы хат жіберді. Негізі басшылық мұндай хабарларды бір ай бұрын айтып, ескертулері керек. Бірақ олар олай жасамады. Мені құрамадан жаттығу базасынан жиі ке­тіп қалатынымды айтып аластатты. Мен ол жақтан бостан-босқа кеткен жоқпын. Жара­қатым сыр берген соң емделу үшін бірер күнге сұранатынмын. Бірақ олар маған түсіністікпен қарамады. Керісінше, «базадан қашып кетті» деген сылтаумен құрамадан шеттетті. Менің спорт­тан бұлайша кеткім келмеді. Бірақ сондай шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Сол уақыттарда мен үлкен күйзелісті бастан кештім. Ата-анам жұбатып, аяққа тұрып кетуіме себепші болды. Кейін спорттан кеткенімді анық сезінген соң, жұмыс іздей бастадым. Басшылықтан бірнеше рет қыз­мет сұрадым. Жарытып жұмыс та таба алмадым. Осы ретте айта кетейін, мен құрамада жүр­ген кезде ауыр атлеттерге ешқандай жағ­дай жасалмады. Сборда жаттығу кезінде бір жерімізді жарақаттап алсақ жал­ғыз массажист қана көмекке келетін. Қан қысымын тексеретін де, витамині бар дәруменімізді беретін де, психологіміз де сол кісі болды. Басшы­лық­тан спортшы­ларға лайықты деңгейде жағ­дай жасауын сұрайтынбыз. Оған да құлақ ас­пады. Ал жарақат алсаң ешкімге керексіз болып қаласың. Осылардың барлығы менің үлкен спорттан кетуіме себепкер болды. Өз­дері де кетуге мәжбүрледі. Одан бері бастан түрлі қиындық өтті. Қайсыбірін айтайын. Алла­ға шү­кір, қазан айынан бастап Шымкент қала­сындағы ауыр атлетика мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Әзірге қуанышты жаңалығым – осы. – Құтты қызмет болғай! Жуырда белгілі ауыр атлет Альберт Лин­дер­дің қазасынан соң ауыр атлет­ика­дағы бірқатар былықтың беті ашылып жатыр. Көптеген зілтеміршілер басшылықтағыларға наразы­лықтарын білдіруде. Жалпы, Лин­дердің қазасына қатысты, құрама­дағы былық туралы не айтасыз? – Құрамадағы үздік ауыр атлет­тердің бірі Альберт Линдерді жоғалтып алғанымыз өкі­нішті. Альберт көп қиындықты басынан өткерді. Қажет кезде оған  ешкім қолдау көр­сетпеді. Оқу-жаттығу уақытында ауыр ат­леттердің айлығын алып қойған сәттер көп болған. Жиі қысым көрсетілген. Тіпті, кейбір зілтеміршілер таяқ жеген. Ол туралы кейін Линдермен бірге жаттыққан спортшы­лардың өздері айтты. Осының бәрі ауыр атлеттерге психология­лық соққы болып тиері анық. Негізінде федерациядағы бас­шы­лықты, жаттықтырушылық құрам­ды да қайта жасақ­таған жөн деп ойлаймын. Линдердің өлімі жабулы қазан күйінде қалар болса, мұндай жағдай алдағы уақытта тағы да қайталануы мүмкін. Сон­дық­тан бұл іске бейжай қарамаған дұрыс. – Құрамада атлеттерге қысым көрсетіледі деп отырсыз. Спортшы­лардың жеке өміріне қатысты шек­теу қойыла ма? – Жоқ, спортшының жеке басы­на қа­тыс­ты шектеу жоқ. Егер олай жасайтын болса, ауыр атлетикада ешкім қалмайтын еді. Ауыр атлеттер бір жыл сайын келісім­шарт жасасып отырады. Келісімшартта да адамның жеке басына қатысты ешқандай шектеу болмайды. – 2016 жылы сізбен бірге жат­тық­қан атлеттер қазір қайда? Ай­та­лық, Анна Нұрмахам­бетова. – Ол кездегі спортшылардың көпшілігі спорт­тан кетіп қалды. Танымалдарынан Карина Горичева ғана жүр. Ал Анна қазір басқа салада нәпақасын тауып жүр. Жал­пы, фе­де­ра­циядағылар ауыр ат­летикаға еңбегі сіңген, 5-10 жыл­дай спортпен айналысқан атлеттерді жаттықтырушылыққа шақырса дейсің. Өйткені олар осы спорт түрінен түрлі қиын­дық­тан өткен, еңбегі сіңген адамдар. Жастарды тәрбиелеуде көп көмегі тиер еді. Бірақ бізде олай емес. Спорттан кеткен соң көпші­лігі елеусіз қалып қояды. Мысалы, қазір ке­зін­дегі болашағынан зор үміт күттірген атлеттер фитнес залдарда жаттықтырушы болып жүр. Мысалы, өмірін спортқа арнаған ауыр атлет Татьяна Хромова ешқандай жерде қыз­метте емес. Ол кісі туралы сұрастырып білге­нім­де, оның спорттық дәру­мен­дерді сатып жүр­генін естідім. Міне, біздегі белгілі спорт­шы­лардың жағдайы осындай күйге түскен. – Бір сұхбатыңызда ауыр атлетика және бас­қа да спорт үйірме­лерін ашқым келеді депсіз. Сол ойыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба? – Қазір осы жұмыстарды ақырын­дап қол­ға алып жатырмын. Ол үшін алдымен үлкен қаражат керек. Өйткені жаттығуға арналған жабдықтар арзан емес. Ал оларсыз жаттығу жасай алмай­сың. Сондықтан біртіндеп іске асыруға кірісіп кеттім. Алдымен мектептерде түрлі үйірме ашу ісін қола алдым. Үйірмелерге пауэр­ли́фтинг, армрестлинг секілді спорт түрлерін енгізудемін. 2021 жылдың басында федерацияға хат жолдадым. Онда спорттық үйір­ме­лер ашып жатқанымды айтып, жаб­дықтар сатып алуға ақшалай қолдау көрсетуін сұрадым. Федерациядан келесі жылы көмек көрсете аламыз деген жауап алдым. Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы әкімдігінің қол­дауымен 129 мектепте спорттық үйірме ашуды жоспарлап отырмын. – Оң болсын дейміз. Сонда енді­гі кезекте жаттықтырушылыққа бет бұрып, шәкірт тәрбиелеуді қол­ға алмақшысыз ба? – Иә, алдағы мақсат-жоспа­рым – кейінгі өсіп келе жатқан жастарды спортқа баулу, оларға қолдау көрсету. Елімізде спортқа бейім небір талантты жастар бар. Соларға дұрыс ба­ғыт-бағдар сілтеп, жол көрсете алсам, спорт­тағы ен­дігі жеңісім, жетістігім сол бол­мақ. – Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ