«Өнер мектебінде жұмыс істейді» – Атырауда жаңа туған сәбиін дәретханаға тастап кеткен әйел ұсталды
«Өнер мектебінде жұмыс істейді» – Атырауда жаңа туған сәбиін дәретханаға тастап кеткен әйел ұсталды
Фото: 360tv.ru
234
оқылды

Ол даладағы дәретханада босанып, шақалақты сол жерге тастап кеткен. Жантүршігерлік жағдай Индер ауданының орталығы Индербор кентінде болды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

31 жастағы әйел үйінде босанып, сәбиін әжетханаға лақтырған. Шақалақтың іңгәлаған дауысын көршісі естіп қалып, жедел жәрдем шақырған. Жаңа туған сәби дін аман.

Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет: «Индер ауданында 3 қазан күні сағат 12:00 шамасында 102-ге әжетханада шақалақ жатқаны туралы хабарлады. Шақалақ табылды. Күдіктіні де таптық. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деді.

Туған баласынан жеріген әйел – 1990 жылы туған Индербор кентінің тұрғыны. Аудан орталығындағы Өнер мектебінде еден жуушы болып жұмыс істейді. Алайда әріптестері «оның аяғы ауыр екенін осы күнге дейін білмедік» деп отыр. Өзі де жүктілігін толғағы келгенше туыстарынан жасырып келген. Бұрын тұрмыс құрмаған күдіктінің 10 жастағы қызы бар. Ал әжетханада дүние есігін ашқан ұл бала қазір дәрігерлердің бақылауында. Индер аудандық ауруханасының директоры Анар Доспаева: «Бала дәретхананың қақ ортасына түскенде батып кетер ме еді?! Шетке қарай түскен. Екі акушер шұңқырға түсіп, сәбиді алып шыққан. Баланы жуындырып, жайлап-жайлап жылыттық. Әйтпесе болмайды», – деді.

Бұған дейін туған баласын 38 жерден пышақтаған әйел туралы жазған болатынбыз.