«Тараз» – дағдарыста
«Тараз» – дағдарыста
194
оқылды

«Тараз» футбол клубының тарихы тереңде екені белгілі. Алайда кейінгі жылдары клуб жүрісінен жаңылып, фут­бол­шылардың сүреңсіз ойыны жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртуде. Биылғы маусымда да команда турнир кесте­сін­де он бірінші орынға бір-ақ сырғыды. Бұған не себеп? Жер­гілікті ойыншылардан құралған команда шынында қау­қарсыз ба? Әлде бұған қаржылық қиындықтар әсер етті ме?

Бұлайша ой өруіміз тегін емес. Себебі мамыр айында «Тараз» футбол клубы ойыншыларына айлық жалақыларын төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап бо­лып жатыр» деген әңгіме әлеу­меттік желілерде желдей ескен болатын. Артынша клуб басшы­лығы жанкүйерлерге басу айтқан. «Тараз» футбол клубы бюджеті миллиардтаған қаржыдан тұрмай­ды. Былтырғыдай биыл да 1,2 мил­лиард теңге. Бұл премьер-ли­гадағы өзге клубтармен салыс­тырғанда ең аз көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Сондай-ақ бұл сома тек негізгі құрамға ғана бөлінген қаржы емес. Жасөс­пі­рімдер тәрбиеленіп жатқан фут­бол орталығы, қосалқы коман­да­лар, футбол орталығының жұмы­сы, стадион мен оқу-жаттығу ба­засын қамтамасыз ету, клуб қыз­меткерлерінің жалақысы секілді көптеген бағытқа арналған. Со­нымен қатар Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен бірінші лигада өнер көрсететін «Тараз-Қаратау» ко­мандасы құрылды. Бұл негізгі құ­рамға іліне алмаған футбол­шылар үшін ойын тәжірибесін жоғалт­пауға үлкен мүмкіндік береді. Дәл қазір клуб ойыншыларға да, басқа қызметкерлерге де жа­лақысын кешіктірмей келеді және ешкімге қарыз емес», – деп ресми ақпарат таратқан. Алайда араға екі ай салып, клубтың қаржылық мәселесі түрлі әлеуметтік желілерде тағы қылаң берді. Ол кезде клуб басшылығы ойыншылардың айлық жалақыла­ры кешіктірілетінін жасырмады. «Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Тараз» футбол клубы қар­жылық қиындықтарға тап болып, ойыншылар мен бапкерлерге жа­лақыны кешіктіруде деген қа­уесеттер таралып жатыр. Қазір клуб өз міндеттемелерін толық орындап жатқанын атап өтеміз. Жасөспірім командаларды, футбол орталығы және барлық жас ерекшелігіндегі балалар мен жасөспірімдердің өзге қалалар­дағы жарыстарға барып-қайтуына, басқа да көптеген қажеттіліктерге жұмсалып жатқан үлкен шығын­дар­ға қарамастан, клуб бапкерлер мен футболшыларға уақытылы жалақы төлеп келеді. Әрине, кей­де аз ғана мезгіл кешіктірілетін сәттер болып қалады, оны ойын­шылар түсіністікпен қабылдай­ды», – деген мәлімдеме клубтың ресми сайтында жарияланды. Бұдан кейін бұл мәселе басыл­ғандай болған. Алайда күні кеше «Тараз» футбол клубы дағдарысқа ұшыраудың алдында тұр» деген тағы бір ақпар тарап, жанкүйер­лердің ойын сан-саққа жүгіртті. Осыған орай «Тараз» клубының басшылығына тікелей хабар­ла­сып, мән-жайды анықтаған едік. – Жасыратыны жоқ, ойыншы­лардың тамыз бен қыркүйек айы­ның жалақыларын бере алмай отыр­мыз. Одан бөлек, 2 сыйақыға қарызбыз. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, биыл бірінші лигада өнер көрсетіп жатқан «Тараз-Қаратау» командасы құрылды. Одан бөлек екінші лигада да ойнайтын жас­тарымыз бар. «Футбол орталығы» сынды тағы бір базамыз жұмыс істейді. Осылардың барлығына клуб­тың ортақ қазынасынан қар­жы бөлініп жатқандықтан жо­ғар­ғы лигадаға командаға жетпей қа­лып жатыр. Биылғы маусымда бізге 1 миллиард 200 миллион тең­ге берілді. Үстінен түскен қосым­ша қаржымен біз ойыншылардың өткен жылдан қалған еңбек дема­лыстары мен өзге де берешекте­рімізді төледік. Осы таңға дейін «Тараз» фут­бол клубында бірде-бір демеуші болған емес. Ойыншылардың жей­десінің өзін 150 миллион тең­геге қарызға тіктірдік. Енді келер жылғы маусымға «Қазфосфат» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі сәтті болса, серіктестік қарыздарымызды өтеп беріп, өзге де қаржылай қолдаулар көрсетеді деп жоспарланды, – дейді клуб директоры Талғат Тұрлыбайұлы. Клуб басшылығы ойыншы­ларда қанағаттың жоғын да алға тартады. Оның сөзіне сүйенсек, футболшылар клубтың қиын жағ­дайын түсініп, айлық жалақысын барынша үнемдеп жұмсауына болатын көрінеді. – Клубтағы ойыншылар орта есеппен 2 000 000 теңге жалақы алады. Осы қаржыны клубтың қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанын түсініп, үнемдеп жұм­саса болады ғой. Ал футболшылар көп айлық алған сайын көп жұм­сауды үйренген. Оған қоса соңғы ойындарды көрсеңіз, футбол­шылар өз деңгейінде ойнамай жүр. Оған бірден-бір себеп – жалақының кешіктірілуі. Әлеуметтік желілерде клубтың қаржылық қиындыққа тап болға­нына мені кінәлап жатыр. Тіпті, «ақ­шаны жымқырып жатыр» деген айып та тағылып жатыр. Алайда мен облыс әкіміне де, өзге де құ­зыр­лы органдарға қай кезде болса да келіп тексеруіне болаты­нын айт­тым. Бюджеттен бөлінген соң­ғы тиынға дейін санап бере аламын. Егер ашып айтатын болсам, клуб ақшасының 4\1 бөлігі салық­қа кетеді. 350 миллион теңге жас футболшыларды тәрбиелеуге, 100 миллион 1-ші лига командасына, 200 миллион теңге 2-ші лига ко­мандасына жұмсалады. 100 мил­лион теңгеден аса қаржы орталық стадионның коммуналдық төлемі және техникалық қызметкерлердің жалақысына бағытталады. Мұн­дай шығыннан кейін өздеріңіз есептеп көріңіздерші, премьер-лига командасы үшін қанша ақша қалады? – дейді клуб директоры. Осындай сәтте «Егер клуб жо­ғарғы лига командасының өзін қаржыландыруға қауқарсыз бол­са, бірінші лигада ойнайтын «Тараз-Қаратау» командасын құру қаншалықты қажет болды?» деген орынды сұрақ туады. – Бұл шешімге біз облыс әкі­мінің тапсырмасынан кейін бар­дық. Аймақ басшысы бірінші лига командасы үшін бөлек қаржы бөліп беретінін айтқан. Алайда ол бөлінбеді. Бірінші лига командасы құ­рыл­ғаннан кейін қосымша 40 адам жұмыспен қамтылды. Бүгін­гідей қиын жағдайда бұл бұқара үшін жақсы дүние. Бірақ қаржы­лық тұрғыдан тиімсіз екенін көрсетті. Мен жас таланттарды тәрбие­леп, танытуға қарсы емеспін. Алайда соған сай қаржылай қол­дау болса екен деймін. Келер жы­лы «Қазфосфат» ЖШС демеушілік ететін болса, клубтың жейделерін сататын дүңгіршек ашсақ деп отыр­мыз. Одан бөлек әлемдік пан­демия басылып, жанкүйерлер стадионға қайта көптеп ағылса, бұл да клубқа үлкен көмек болар еді, – дейді Т.Тұрлыбайұлы. Осылайша, «Тараз» футбол клу­бының директоры сырын айта­мын деп, шынын айтты. Ал ко­манда капитаны Мақсат Әмір­хановтың айтуынша, ойыншылар арасында әзірге жағдай қалыпты екен. Алайда футболшылар «жа­лақы бүгін-ертең болады» деген құр уәдеден шаршағанын айтады. Алда премьер-лига ойында­рының үш туры мен кубоктық кез­десулер келе жатқанын ескер­сек, футболшылардың мұндай көңіл күйі жақсылыққа апармай­тыны анық. Сондықтан облыс әкімі бұл мәселені жіті бақылауына алып, қаржылық тығырықтан шы­ғатын жолды табады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы