Шымкентте есірткі жарнамалауға рұқсат па?
Шымкентте есірткі жарнамалауға рұқсат па?

Жуырда әлеуметтік желілерде «Шымкентте есірткінің жарнамасы жарып тұр» деген ақпарат тарады. Шымкент қаласының тұрғыны, адвокат Евгений Яво қала көшелерінде «жоғары жалақы береміз, аптасына 300 мың табасың» деген жарнамаларды оқып, хабарласып көрген. Сонда жұмыс ұсынушы есірткі тасымалдаумен айналысатыны туралы ашық айтады. Белгіленген жерден бумаға оралған есірткіні алып, оны айтылған орындарға жеткізіп отыру керек екен. Есесіне жоғары көлемде табыс табатынын айтып, қызықтырып та қояды. Адвокат мұндай көлемдегі табысқа оң-солын танып үлгермеген, енді жетіліп келе жатқан жасөскіннің тез арбалып қалатынын айтып дабыл қақты. Себебі «Шымкентте мұндай жоғары жалақыны жастар жарты жылдап зорға табады», – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, әлгі жарнамада берілетін ақша тең­гемен емес, рубльмен көрсетілгені және телефон нөмірі шетелдік болғаны бірден күдік туғызған. Одан бөлек, табыс көзі де тіптен көп көрінген. Сондықтан әдейі сы­намақ ниетпен хабарласыпты. Есесіне осындай күмәнді ақпа­рат­қа кезіккен. Евгений Яво осын­дай жәйттерге жол беріп отырған құқық қорғаушылардың жұмы­сына наразы.

Олар үйлерге, ғимараттарға белгі қояды

Шымкент қаласы Полиция де­­партаменті бастығының орын­ба­сары, полиция полковнигі Ар­ман Бейсенбаев қазір синтети­ка­лық есірткі заттарын жарнамалау мен интернет арқылы сату жағ­да­йы алаңдаушылық туғызып отыр­ға­нын жасырмады. «Бүгінде қыл­мыс­керлер есірткіні жарна­малап сатудың түрлі амалдарын қол­да­нады. Оның ішінде, әлеу­меттік же­лілер, мессенджерлер мен ин­тер­нет сайттарын кеңінен пайда­ланады. Полиция тарапынан есірт­кі құралдары насихатталған 49 ин­тернет сайттар мен каналдар, әлеуметтік желі парақшалары анық­талды. Қазір оларды бұғаттау мақсатында мәліметтер Ішкі істер ми­нистрлігіне жолданды. Одан бө­лек, есірткі сайттарын үйлер мен ғимараттардың қабырға­ла­ры­на граффити-сурет салу арқы­лы жар­намалау деректері де кезігіп жа­тыр», – дейді полиция полковнигі. Бүгінде учаскелік полицейлер күн сайын өздерінің әкімшілік аумақтарында үйлер мен аула ара­ларын қарап, граффити-сурет­терді анықтап, жою жұмыстарын жүр­гізіп жатқан. Бұл жұмыстарға тәр­тіп сақшыларынан бөлек, қала әкімдігіне қарасты «Жастар ре­сурстық орталығының» қызмет­кер­лері мен волонтерлық ұйым өкіл­дері жұмылдырылыпты. 8 ай­да 724 есірткі сайттары жарна­ма­лан­ған мекенжайлар анықталған. Шымкент қаласында жыл басынан бері есірткіге қатысты 276 құқықбұзушылық табылған. Бұл дерек өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда бірне­ше есеге көбейіпті. Былтыр есірткі бизнесіне қатысты 167 дерек тір­келген болатын. Арман Бейсен­баев құқықбұзушылықтың басым бөлігі есірткіні өткізу мақсатысыз пайдалану екенін айтады. Бұл жағ­дай бойынша былтыр 133 де­рек анықталса, биыл оның саны 208-ге жеткен. «Республика көле­мінде есірткіге қатысты құқық­бұ­зушылықтарды анықтау мақса­тын­да «Дәрмек» және «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-ша­ралары өткізіліп тұрады. «Дәрмек» іс-шарасы құрамында есірткі заты бар дәрілерді рецептсіз сату де­ректерін анықтау мақсатында жүр­гізіліп, нәтижесінде есірткі зат­тарымен жұмыс істеу қағи­да­ларын бұзудың 5 дерегі белгілі болды. Ал құрамында психотропты белсенділігі бар дәрілерді сатқан 10 дәріхана қызметкеріне заң аясында шара көру үшін жинақ­талған іс-құжаттар Шымкент қа­ласы Дәрілердің сапасын ба­қы­лап-қадағалау департаментіне жолданды. Сонымен қатар дәл қазір 1 маусымнан бері 30 қазанға дейін «Қарасора» профилак­тика­лық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Операция барысында есірткі өсірудің 14 дерегі тіркеліп, заңсыз айналымнан жалпы 265 келі «қа­расора» есірткі өсімдігі тәркі­лен­ді», – дейді полиция полковнигі.

Синтетикалық есірткі дерегі көбейген

Жалпы, жыл басынан бері заң­сыз айналымнан 342 келі 192 гр есірткі заттары тәркіленген. Оның басым бөлігі 265 келі болатын «қарасора» өсімдігі, былтыр дәл осы уақытта 6 келі «қарасора» тәр­кіленген екен. Сонымен бірге, биыл марихуана 74 келі 87 грамм табылса, өткен жылы 13 келі ма­рихуана тәркіленген екен. Синте­тикалық есірткі заттарының да биыл көлемі көбейіп тұр. Өткен жылы бар-жоғы 78,90 грамм та­былған осынау есірткі заты биыл 2 келі 350 грамға көбейіп отыр. Осынау цифрлардан көріп тұрға­нымыздай, биыл өңірімізде есірткі бизнесі шектен тыс көбейген бе, әлде тәртіп сақшылары жұмысын ширатқан ба, деген ой келеді екен. Әрине, бұл жағы бізге бұлыңғыр, дегенмен анықталған деректердің бір жылдың ішінде бірнеше есеге көбейгені күмән туғызатыны рас. Департамент берген мәлімет­терге сүйенсек, есірткі бизнесі бо­йынша ең көп кезігетіні жоға­рыда айтып өткендей есірткі зат­тарын өткізу мақсатынсыз пайда­лану болса, одан кейінгі орында 39 дерекпен есірткі саудасы қызып тұр. Сонымен қатар Шымкентте жыл басынан бері есірткі өсімдігін өсірген 14 дерек белгілі болса, заң­сыз жарнамалап, насихаттаған 8 қылмыстық іс тіркелген. Жар­намалау бойынша өткен жылы бір­де-бір дерек анықталмапты. Соған қарағанда ашық жарнамалау енді белең алып келе жатқанға ұқ­сайды. Демек, мұның ертерек ал­дын алмасақ, адвокат дабыл қа­ғып отырғандай, жастарымызды оңай улап алуымыз мүмкін.

Сотты болғандардың 80 пайызы – жастар

Адвокат жарнамаға сеніп есірткі тасығандарды ғана емес, оны кім және қандай көлемде әкеліп жатыр, осыған мән беріп, ұйымдастырушыларды құрықтау керек деп дабыл қағады. Еске сала кетейік, жыл басында Шымкентте бұрын-соңды болмаған сот про­цесі өтіп, елдің жағасын ұстатқан-ды. 17 жасқа қадам басқан қыз 7 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Бойжеткен дәл осындай әлеуметтік желі арқылы тапқан жұ­мысы есірткі тасымалы үшін сот­талды. Ол тауарды жұмыс беру­ші қалдырған орыннан алып, тағы бір жерге тығып кететін. Ал тап­сы­рыс беруші белгі бойынша алып кетеді. Қолма-қол жасал­май­­тын, оңай жұмыс үшін үш күнде 50 мың теңге тауып, оңай олжаға батып қалған қыз жұмысқа белсене кіріседі. Кейін біртіндеп тауарды таразымен өлшеп, бөл­шектеп тиісті орынға қалдыруды дағдыға айналдырды. Қалтасы қомпиып көлік аламын деп отыр­ғанда ол құқық қорғаушылардың құрығына ілінді. Мұндай қылмыс­тың жаза­сы 10 жылдан 15 жылға дейін еке­нін естіген бойжеткен қатты өкі­ніп, полицейлерге жұ­мыс беру­ші­ні ұстап беруге көмек­теседі. Әри­не, қаншама жанды есірт­кімен улағаны үшін бой­жет­кен жазасыз қалған жоқ, бәрібір 7 жылға түр­меге қамалды. Өкінішті-ақ... Соңғы кездері есірткі тасы­малымен айналысып жүрген сту­денттердің ұсталып жатқанын жиі еститін болдық. Тіпті, Шымкент қаласы прокуратурасының өкіл­дері таратқан ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы есірткі бизнесіне қатысты сотты болғандардың 80 пайызы 17 жастан 25 жасқа дейінгі жас буын өкілдері екен. Ендеше дабыл қағатындай-ақ мәселе!

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы