Тайынша ауданы Димитровка ауылының 31 жастағы тұрғынын полицейлер орманда тұрып жатқан жерінен тапты.
Ер адам аман-есен. Ол 29 қыркүйектен бері Есіл ауданы Торанғұл ауылының маңындағы орманда тұрған. Жоғалған ауыл тұрғынын іздестіруге өтініш Тайынша ауданының полиция бөліміне 30 қыркүйекте түскен.Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Сейілхан Жұмағұловтың айтуынша, іздеуге Тайынша, Есіл, Қызылжар, сондай-ақ облыстық полиция аппаратының қызметкерлері атсалысты. Жан-жақты іздеу нәтижесінде ер адам орманнан табылды. Ол 29 қыркүйектен бастап 2 қазанға дейін орманда шұңқыр қазып, жеркепеде алма жеп күнелткен.Анасы ұлының 29 қыркүйек күні кешке ВАЗ-21120 автокөлігімен белгісіз бағытқа кетіп, қайта оралмағанын айтқан.
Полиция 31 жастағы ер адамның үйінен не үшін кетіп қалғанын анықтап жатыр.