Алматыда жеке сот орындаушы боксшы Жанқош Тұраровтан таяқ жеді ме?
Алматыда жеке сот орындаушы боксшы Жанқош Тұраровтан таяқ жеді ме?
©А.Ахметқазы

Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы Алматыда сот орындаушыны ұрған адам боксшы Жанқош Тұраровты шақырғанын айтты, – деп жазады Tengrinews.kz.

Жеке сот орындаушылар палатасының хабарлауынша, сот орындаушы А.А.Ермековке шабуыл Бостандық ауданындағы ғимаратты бұзуға барған кезде болған. Күш көрсеткен адам сот орындаушысын буындырып, ғимаратты бұзуды тоқтатуды талап етіп, қабырға мен өкпе тұсынан ұрған. «Соққы полиция қызметкерлерінің көз алдында болған. Жедел жәрдем дәрігері соққының денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтіргенін айтты. Оқиға кезінде полиция қызметкерлері қашып кетіп, оқиға орнында болмаған. Сот орындаушысы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазып, таяқ жегеннен кейін көшеге жүгіріп шыққан учаскелік полицияға берді. Полиция қызметкерлері бұл жағдайда үнсіз қалған, әлімжеттік көрсеткен адамды ұстамаған. Сот орындаушының М.Н.Ысқақовты ұстау туралы өтінішіне полиция қызметкерлері әрекет етпеген. М.Н. Ысқақовқа қатысты оқиға кезінде сот орындаушыға және басқа адамдарға қысым жасау мақсатында боксшы Тұраров Жанқош Жасұланұлы оқиға орнына шақырылған. Оқиға орнына келгеннен кейін сот орындаушыдан М.Н.Ысқақовқа қатысты арызын полициядан алуды талап еткен» делінген  ресми хабарламада. Жанқош Тұраров  ғимаратты бұзуды заңсыздық деп санап, сол үшін қорқытқан. «Содан кейін М.Н. Ысқақов пен Ж.Ж. Тұраров А.А.Ермековке қарсы күш көрсетіп, қорқыта бастаған. Тікелей қысым көрсетіліп, сот актісінің талаптарын орындаудан бас тартқызуға мәжбүрлеген» делінген жауапта. Сот орындаушысы жұмысын аяқтай алмаған.

Бұған дейін боксшы Жанқош Тұраров жабайы аңдардың тұлыбы мен терісінің жанында Қайрат Зәкірияновпен түскен фотосын әлеуметтік желіде жариялаған соң сирек кездесетін жануарларды қорғау мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Кейіннен фотоға қатысты «Арыстанды Африкада өзім ауладым», – деп академия президенті Қайрат Зәкіриянов пікір білдірген еді.