Түркістан туризмін дамыту үшін өңірде халықаралық турнирлерді өткізу тиімді болмақ. Бұл туралы Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Жетікөл» балық аулау аумағында жеті елден келген балықшылар арасында өткен «Turan fest» халықаралық турнирінде облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов айтты. Осы тұрғыда өңірде спорттық балық аулау фестивалін жыл сайын өткізу дәстүрге айналмақ.
ҚР «Спорттық балық аулау» Федерациясы мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қайықтан спиннингпен балық аулау бойынша «Turan Fest» халықаралық турнирі өтті. Сайысқа қатысушылар 22 келіден астам балық аулады. Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Жетікөл» балық аулау аумағында өткен халықаралық турнир мәресіне жетті. Балық аулаудан өткен ерекше сайыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелден келген 17 команданы жинады. Түркістан өңіріне Түркия, Әзербайжан, Ресей, Венгрия, Өзбекстан, және Тәжікстан елдерінен келген командалар бақ сынады.
Жеті елден жиналып, Жетікөлде бас қосқан жарыс үміткерлерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, экология және балық инспекциясы өкілдері қарсы алып, сәттілік тіледі.
Іс-шараны ашып берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов балық аулау туризмінің ұлттар мен мемлекеттердің бір-біріне деген достық қарым-қатынасының нығаюын, кәсіп көзі мен мәдени байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ, мұндай фестивальдердің өңірдің туризмін дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.
«Шежіре мен аңызға толы, табиғаты бай Түркістан облысына қош келдіңіздер! Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған шара туризмнің кең қанат жайып, спорт саласына соны серпін беретін ауқымды жоба болмақ. Біз өз тарапымыздан туризм мен спортты ұштастыра отырып, өңірдегі су туризмін дамытуды қолға алдық. Түркістанға зиярат етіп келетін туристер енді балық аулап, табиғат аясында да демалу мүмкіндігіне ие болады. Климаты ыстық Түркістанға су каналдарын кіргізу республика бойынша су спортынан бірінші орында келе жатқан облыстың спорт саласына үлкен серпін береді. Бүгінгі «Жетікөл» балық аулау аймағында өтіп жатқан жарыс Түркістан облысында туризмді дамытудың тағы бір бағыты болады деп сенемін. «Спорт – бейбітшілік елшісі» деген сөз бар. Халықаралық жарыс мемлекетаралық достыққа, спортшылар арасындағы жолдастыққа ұлассын. Бәріңізге сәттілік!», – деді Сәкен Қалқаманов.
Облыс әкімінің орынбасары кәсіби аңшылық пен балық аулау турларын ұйымдастырушылардың, яғни аутфитерлердің осындай жарысты маусым сайын ұйымдастыра отырып, туризм саласына ондаған миллиард доллар пайда түсіретінін тілге тиек етті. Сәкен Амангелдіұлы Түркістан облысында туризм мен спортты ұштастыра отырып, өңірдегі су туризмін дамыту қолға алынғанын айтып, осы бағыттағы жүйелі жоспарлармен бөлісті.
Ол үшін ең бірінші «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылғы дейінгі кешенді жоспары» аясында ірі су нысандары салынуда. Метеорологтардың мәлімдеуінше, кешенді шаралар нәтижесінде өңірде ауа ылғалдылығы артып, ауаның температурасы 1,5 градусқа дейін төмендеген.
«Түркістан магистралды каналы» күрделі жөндеуден өткізу арқылы 60 млн куб метр су үнемделеді. Түркістан аумағында 8 шақырым каналдың ұзындығы абаттандырылып, демалыс аймағы, веложолдар салынып жатыр. «Кеңсай – Қосқорған-2» суқоймасы жобасы жүзеге асса, 34 млн куб метр ағын су жеткізіледі. Қазір үлкен дамбаның биіктігі 27 метрге дейін көтеріліп, кіші дамба толықтай тұрғызылды. Бұл канал биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол бермей, 5 млн куб метр су жинауға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» суқоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар – Түркістан өңірін ағын сумен қамтамасыз ететін өте маңызды жұмыстар. Сонымен бірге, Түркістан облысында академиялық есу, байдарка және каноэда есу, желкен спорты, жүзу және триатлон спорт түрлерін қарқынды дамыту үшін былтырдан бері ескек есу каналы салынуда. Бұл кешеннің жалпы алаңы 100 гектарды құрайды. Халықаралық дәрежедегі ескек есу және байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақ үйлер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде су шаңғысы, жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрінен сайыстар өтеді. Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы түркістандық жас спортшылардың болашағы үшін жасалуда.
Балықшылар ереже бойынша спиннингте моторсыз қайықпен жүзіп жүріп, балық аулады.
Табиғат аясындағы турнир екі күнге жалғасты. Жеңімпаздар ауланған балықтың салмағы бойынша анықталды. Халықаралық сайыс қорытындысымен бас жүлдені қостанайлық Дмитрий Мисюк пен Сергей Деред жеңіп алды. Жеңімпаздар аулаған балықтың салмағы 6 келі 385 грамм болды. Екінші орынды Астанадан келген Данил Коротовский, Ренат Кошеков еншіледі. Үшінші орын қарағандылық Ольга мен Александр Коровяковтарға бұйырды. Ольга Коровякова – қатысушылардың ішіндегі жалғыз әйел адам және ол спорттық балық аулау бойынша спорт шеберлігіне кандидат екен. Оның бұл салада 25 жылдық тәжірибесі бар. Түркістан мен Қазақстанның басқа аймақтарында экологиялық туризмді одан әрі дамыту мақсатында «Turan Fest» халықаралық турнирін дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда. Түркістанда спорттық балық аулау фестивалін жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мұнда облыстық және республикалық жарыстар өткізу жоспары бар. Әрине, бұл дәстүр жалғасын табар болса, балық аулауды аңсап жүретіндердің тарихи жерлерді тамашалауына да үлкен мүмкіндік.
Айтса айтқандай, жарыс өтіп жатқан Жетікөлде «Көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аяқталған соң, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсартып, шағын-орта бизнесті және туризмді дамытуға жол ашылады, қосымша 300 млн куб метр су жиналады. Бұл жер ерекше қорғауға алынып, рекреациялық аймақ атанады. Ағаштар егіліп, орман алқаптары көбейеді. Микроклиматы жақсарып, халық демалатын орын болады.