ҚТЖ көмір өндірушілерге вагондарға тиеу нормасын сақтауды ұсынады

ҚТЖ көмір өндірушілерге вагондарға тиеу нормасын сақтауды ұсынады

Еліміздің солтүстік өңірлерінде жылыту маусымы басталып кеткені белгілі. Әдетте, орталықтандырылған жылу қазан айының 15-інен бастап берілетін еді. Әйтсе де, соңғы үш-төрт жылдан бері бұл шара алғашқы суық түскеннен-ақ қолға алынатын болып жүр. Мұндай игі бастама бұрын бір-екі аптаны жаураумен өткізетін халық үшін өте тиімді болып отыр. Осы ретте көмірмен қамту жұмыстарына өзгерістер еніп, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тасымал кестесін осы жаңашылдықпен үйлестірген болатын. Биыл да бұл жұмыстар ерекше бақылауда жүзеге асуда.

 

Солтүстік өңірлер толық қамтылды

Биылғы 9 айда көмірді жалпы тиеу көрсеткіші өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4% өсіп, 76,6 млн.тоннаны құраған. Соның ішінде қазақстандық тұтынушылар үшін 53,5 млн.тоннасы тасымалданған, бұл 2020 жылдың 9 айының деңгейінен 2% жоғары. Осының 47,4 млн. тоннасы негізгі Жылу-электр орталықтарына, 6,1 млн. тоннасы тұрғындарға жеткізілген. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында өткен брифинг барысында алдағы жылыту маусымына көмір тасымалдау туралы мәлімет берген «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов айтып берді. «Қазақстанның солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген. Бірінші кезекте ЖЭО мен тұрғындардың қажеттіліктерін толық өтеу мақсатында теміржол тасымалдары жүзеге асырылуда. Әйтсе де, жоспардан сәл артта қалуымыздың себебі, Қазақстанның оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді ғана өтінім бере бастағандығында. Өйткені елдің оңтүстігінде салыстырмалы күн кеш суытады», – дейді спикер. Қыркүйек айында темір жол көлігімен 8,8 млн.тонна тас көмір тасымалданған екен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 млн. тонна жөнелтілген. Ал ел ішіне 6,1 млн. тонна қатты отын тиелген. Бұл өткен жылға қарағанда 5,4%-ға артық. Соның 5 млн. тоннасы жылу электр орталықтарына жеткізілген, яки бұл көрсеткіш те 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 8,5%-ға жоғары. Ағымдағы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген.  

Ашық вагондардың тапшылығы жоқ

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасарының айтуынша, ЖЭО-ларға көмір тиеу жұмыстары тәулік бойы бақылауда. Жүкті уақытында жеткізу үшін айналма маршруттар ұйымдастырылған. Жүк вагондарымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде жүргізілуде. «Бүгінгі таңда еліміздің темір жол желісінде ашық вагондар паркі жеткілікті. Жүк жөнелтушілер жартылай вагондарды жалдау бойынша келісімшарттық жұмыстарды уақтылы жүзеге асыруда және көмір тасымалдау маусымын мерзімінен кешікпей бастады. Бұл атап өтуге тұрарлық оңды жайт. Бүгінде Қазақстан аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар болса, олардың 55%-ы қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «еншілесі» – «Қазтеміртранс» АҚ-ға тиесілі. Олардың 66%-ы көмір тасымалдауға жұмылдырылған», – деді Қ.Көбесов. Сондай-ақ, көмір тасымалдау тарифінде өсім болған жоқ, әрі мұндай өзгерістер жыл соңына дейін де жоспарланбаған. Бұл ретте, көмір тасымалдау тарифі қара металдарды тасымалдау ставкасынан бес есеге, орман жүктерінен 2,5 есеге төмен екенін атай кеткен абзал.  

Вагондардың кідіргені – «жоғалтылған пайда»

Ұлттық компания өкілі жүк жөнелтушілерді өз тұйықтарында көмір тиеу нормаларын сақтауға шақырады. Оның айтуынша, бұл шара «жоғалтылған пайданы» толтыруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Востокугольпром» ЖШС-нің кірме жолдарында норма 15,6 сағат болса, вагондар 18 сағаттап тұрып қалған. Бұл орташа есеппен тәулігіне 18 вагон немесе 1260 тонна көмір тиелмей қалады деген сөз. Сонда ай қорытындысы болғанда «жоғалтылған пайда» 38 мың тоннаны құрайды. «Сол сияқты «Шұбаркөл Көмір» АҚ бойынша да норма 24 сағат болса, вагондар тиеу жұмыстарын 36 сағаттан күтіп тұрады. Сонда тәулік сайын 68 вагон немесе 4760 тонна тиелмей қалады, яки, бір айдың қорытындысы бойынша 143 мың тонна «жоғалтылған пайдаға» саналады. Сондықтан да бұл жұмыстарды бірлесе шешуге шақырамын. Барлық темір жол қызметтері тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Біз диалогқа және туындаған барлық сұрақтарға жедел жауап беруге дайынбыз», - деп түйіндеді Қ.Көбесов. Жылыту маусымы қарсаңында дәстүр бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппаратында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб, жол бөлімшелерінде – жедел топтар жұмысын қайта бастады. Штаб отырыстары апта сайын көмір жөнелтушілердің қатысуымен өткізіледі. Штаб вагон айналымын бақылайды, вагондардың жүк операцияларында тұрып қалуын қысқарту жөніндегі шараларды қабылдайды. Сонымен қатар, биылғы жылы жол бөлімшелерінде мониторингтік топтар құрылды, олар көмір тұйықтарының кірме жолдарында көмірдің болуы туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады, проблемалық мәселелерді анықтайды және оларды бірлесіп шешеді.

Нұрлан ҚОСАЙ