Адам саудасына қатысы бар 10 420 шетелдік сайт бұғатталды
Адам саудасына қатысы бар 10 420 шетелдік сайт бұғатталды
© azattyq-ruhy.kz
230
оқылды
Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 200 қылмыстық іс қозғалды. Олардың 40%-ы сотқа жолданды, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айыптау үкімін 26 адам алған. Қалған істер бойынша тергеу жалғасуда.
«Қылмыстық кодексте адам ағзасын алуға мәжбүрлеу, адам ұрлау, адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке тарту, кәмелетке толмағандардың саудасы, жезөкшелікпен айналысуға тарту, сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, жеңгетайлық баптары бойынша жауапкершілік көзделген. Адам саудасының алдын алуда әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Соның арқасында жыл басынан бері 10 420 шетелдік интернет ресурсы анықталды. Бұл теріс пиғылмен құрылған ресурстар. Олардың ішінде тек адам саудасына ғана қатысты емес, жалпы бүкіл құқыққа қайшы контент бар», – дейді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Тергеу департаменті ұйымдастыру-әдістемелік басқарма бастығы, полиция подполковнигі Ермек Шүлден.
Белгілі болғандай, шетелдік сайттар порнографиялық материалдар жариялау, экстремизмге үндеу, ғаламтор казинолары, есірткі қылмыстарын жасау сынды қылмыс түрлерімен айналысқан. Осындай 3 427 сайтқа тосқауыл қойылып, интернет ресурстары бұғатталады.