Былтыр Қазақстанда қанша жаңа көлік сатылды?
Былтыр Қазақстанда қанша жаңа көлік сатылды?
Фото: Интернеттен алынды
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының хабарлауынша, 2019 жылы ресми дилерлер 71 мыңнан астам жаңа көлік сатты. «2019 жылдың қорытындысы бойынша ресми дилерлер 71 417 көлікті сатты, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23,3 пайызға жоғары. Есепті кезеңде қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 654,3 млрд теңге жұмсап, 2018 жылғы деңгейден 31,8 пайызға артық болды» делінген ресми хабарламада. Оның ішінде, 42 205 адам (59,1 пайызы) отандық зауыттарда құрастырылған көліктерді сатып алған.
Былтырғы 12 айда сатылған 29 212 автомобиль (40,9 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр. Осы уақыт аралығында елімізде сұранысы жоғары брендтердің арасында Lada көш бастап тұр.
Республика аумағында ресейлік марканың 15 366 көлігі өткізілген. Сатылған Hyundai модельдерінің саны – 14 853. Үшінші орынға саудаланған 14 197 көлігімен Toyota шығып отыр. Сондай-ақ бұл бестікке KIA (3 758 автокөлік) және Ravon (3 651) брендтері енді.