Теріскейде газ тапшы
Теріскейде газ тапшы

Солтүстік Қазақстан облысына газ жетпей жатыр. Қазір кей жанармай құю бекеттерінде автогаз талонмен беріледі. Оның үстіне, литрі 110 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Ал тұрғындар биліктен мәселені шешуді сұрап отыр.

Көлігі көгілдір отынмен жүретін тұрғындар жанармай құю бекеттерін жағалап жүр. Бірақ көбі газ таппай әлек, бар болса да талонмен беріледі екен. Өңір халқы осы кезге дейін газдан еш қиындық көрмегенін айтады. Әуелі газ тапшы бола бастаған, көп ұзамай баға бірден 30 теңгеге қымбаттаған. Осыған қарап жағдай қолдан жасалған ба деген күмән бар. Негізі, кәсіпкерлер көгілдір отынды электронды аукционнан сатып алады екен. Қазір Солтүс­тік Қазақстан, Қарағанды, Ақ­мола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы бір жүйеге енгізілген. «Ашық сатылым күн­де өтеді. Газды кім бірінші болса, сол алады», – дейді шенеуніктер. – Қазір 8 аккредиттелген ұйым­ның төртеуінде газ еркін сатылымда. Орташа бағалары 85-95 теңге аралығында. Қалған­дары талонмен босатып жатыр. Бұл көгілдір отынды электронды аукционнан ала алмай қалған ком­паниялар. Газдың бағасы элек­тронды аукционда да қым­баттады. Соңғы рет тоннасы 102 мың теңгеге сатылды. Бұрын 69 мыңнан болған. Қазір облыста 500 тонна ғана газ қалды, – дейді Энергетика және ТҮКШ бас­қар­масының бөлім басшысы Ерлан Қайырбеков. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері Энергетика министрлігінен кәсіпкерлер сатып алғаннан бөлек қосымша 1,5 мың тонна көгілдір отынға тапсырыс беріп отырғанға ұқсайды.

 М.ТӨЛЕУ