Бір теплоходтың хикаясы
Бір теплоходтың хикаясы

«Бәйтерек» кемесі неге сатылғалы жатыр?

Жақында «Қазатомпром» ҰАК» АҚ құрамына кіретін Өске­мендегі Үлбі металлургия зауыты «Бәйтерек» деп аталатын, қазіргі құны 1,9 миллиард теңгеге баға­ла­нып отырған сәнді қызметтік теп­лоходты саудаға шығарып, тиісті лотты Электрондық сауда алаңына орналастырды. Нысанның сипат­та­масында кеменің 4 бөліктен, 2 қа­баттан тұратыны, 2018 жылы пайдалануға берілгені көрсетілген. «Корпусы негізінен темірден құ­ралған. Оған жалпы қуаты 2110 аттың күшіне тең екі дизельді дви­гатель орнатылған. Параходтың ұзындығы – 48,37 метр, ені – 9,6 метр. 12 адамға арналған, пайда­лануға толық дайын. Бастапқы баға – 1 962 410 280 теңге. Аук­ционда баға жоғарылатылады. Саудаласу уақытының басталуы 20 қазанға жоспарланған. Кепілдік жарнасы – 87,5 млн теңге» деп жазылған. «Мұндай қымбат бағадағы теп­лоход не үшін саудаға шығарылып, не үшін жеке тұлғаларға берілгелі жатыр? Бұған «Қазатомпромның», Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының не қатысы бар?» деп ғаламторға көз жүгірткенімізде, біршама мәліметті кездестірдік.

Жәкішевтен қалған жоба

«Бәйтерек» кемесіне немесе ULBA жобасына (ресми мәлімет­терде осылай аталады) қатысты әңгіме 2006 жылы «Қазатом­пром­ды» Мұхтар Жәкішев басқарып тұрған кезде басталған екен. Ал қымбат бағалы яхтаны Шығыс Қа­зақстандағы Бұқтырма су айды­нына жіберу кімнің идеясы екені белгісіз. Белгілісі – теплоход Ре­сейдің Томск облысының Самусь ауылындағы Самусь кеме құрас­тыру-жөндеу зауытында құрас­тырылған. Ал кеменің жобалау­шысы – Украинаның «Пролайн» жобалық-дизайнерлік бюросы. «Бұл кемені Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінде жүргізу жос­парланған. Яхтаның негізгі қыз­меті Мемлекет басшысының іс­керлік кездесулерін, ірі кәсіп­орын­дардың халықаралық дең­гейдегі іс-шараларын, ғылыми конференцияларды өткізуге ба­ғыт­талған. Осы мақсатта яхта көлемі 200 шаршы метрден асатын бірнеше салондармен жабдық­талған. Күнгейдегі палубада ашық бассейн, жоғары палубада тағы бір бассейн мен сауна, көпір палу­басында жалпы көлемі 100 шаршы метрден асатын VIP апартаменттер орналасқан» деп жазылған жо­балаушы бюроның сайтында. Ал Ресейде жарық көретін «Тарское Прииртишье» газетінің 2009 жылғы 22 шілдедегі санында «Президентская яхта на тарском рейде» деген шағын ақпарат жа­рияланыпты. Онда Тарыдағы өзен портына «Бәйтерек» яхтасы келіп тоқтағаны, кеменің Томсктегі за­уыттан жөндеуден шыққаны, яхта әлі де қосымша жөндеу жұмыс­тарын (кемені бояу, палубаларды жабдықтау) қажет ететіні туралы айтылады. «Кемеге қанша қаражат жұмсалғаны туралы матростар жарытып ештеңе айтпады, бірақ сақтандыруға 360 миллион рубль кеткенін естіп қалдық» деп жазады Андрей Курников есімді автор. Бәйтерек кемесі Кейін отандық БАҚ беттерінде яхтаны құрастыруға сол уақытта (2006-2009 жылдары) шамамен 2,5 миллиард теңге, сол кездегі доллар курсымен есептесек, 21 миллион­дай қаражат жұмсалғаны жайында айтылған-ды. Ашық дерек көзде­рінде жазылғандай, ресейліктер VIP кеменің құрылысымен үш жыл шұғылданған. 2009 жылы құры­лысы толық аяқталмаған кеме Ертіс өзені арқылы әуелі Павлодар қаласына, бір жыл Керекуде қыс­тағаннан кейін Өскеменге жеткі­зіледі. Мұндай кемелер қыста тек жылы, арнайы жабдықталған орын­дарда тұруы керек екен. Біз­дікілер мұны білмеген, бәлкім, білсе де ескермеген, ал кеме 40 гра­дустан асып жығылған қатты аяздарда сыртта тұрған. Тұрған соң ақаулар пайда болған. Бұл кезде «Қазатомпромға» басшылыққа Владимир Школьник келеді. Жаңа басшы кемені қалайда іске қосуды тапсырады. Бұл жұмысты «Қаз­атом­пром» ҰАК» АҚ қарасты «Қазатомпром-Демеу» ЖШС-іне жүктейді. Яғни, тапсырыс беруші қылады. Ал «ТТК-Шығыс» ЖШС мердігер ретінде танылады. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер арасында түсінбестік туып, кеме Өскемендегі айлақта біраз уақыт тұрып қалып, тағы да бүліне түседі. Міне, осы тұста ULBA жобасына жағдайды ретке келтіру үшін Валерий Шевелев бейресми түрде жетекшілікке тағайындалады. «Бәйтерек» кемесі Алтай ауда­нының Прибрежный ауылындағы бұрынғы кеме жөндеу зауытына жіберіледі. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Сырдария Жоба Құры­лыс» құрылыс компаниясы бекі­тіледі. Бұған қосымша қанша қа­ражат бөлінгені белгісіз. Содан не керек, 2013 жылдың жазының со­ңына қарай яхта өңделіп, жөн­деліп, біршама ретке келтіріледі. Осы кезде Владимир Школьниктің өзі Бұқтырмаға арнайы келіп, ке­мені өз көзімен көріп кетеді. Теп­лоходта түскен фотолары да сақ­талған. Басқа-басқа емес, «Қаз­атомпром» басшысының өзінің арнайы келуіне қарағанда, жо­баның болашағынан үлкен үміт күткен секілді. Алайда кеменің «жыры» мұнымен таусылмады. Келесі жылы «Қазатомпромнан» кетіп, Энергетика министрі болған Владимир Школьник 2014 жылы берген сұхбаттарының бірінде: «Бұл яхтаның жобасы 2006 жылы жасалған болатын. Әртүрлі себеп­терге байланысты жоба 2009 жылы жүзеге асырылмады. Кеме қазір құрастырылып жатыр. Бәрі дұрыс болса, келесі жылы жүреді. Бұл ға­­жайып су көлігі Шығыс Қазақ­стан тұрғындары мен қонақтарына қызмет ететін болады» депті. Алай­да өңір тұрғындары бұл кемеге отырып серуендемек түгілі, көп­шілігі мұндай яхтаның бар екенін де білмейтіні анық. https://youtu.be/iKv7YiYOmLk

Мега яхтаға қанша миллиард жұмсалды?

Тұрғындар демекші, өңір тұр­ғындарының көпшілігі біле бер­мейтін деректерді осы тұста келтіре кетудің орайы түсіп тұрған секілді. Бұл кеменің алғашқы танысты­рылымы, яғни суға түсірілу рәсімі 2009 жылы 30 мамырда Ресейдің Томск облысының Самусь ауы­лында өткен екен. Дәл осындай салтанатты рәсім 2012 жылдың 7 шілдесінде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы Прибрежный ауылында болып, «Бәйтерек» үш бауырлас елдің жобасы ретінде әспеттеліп, «Мұндай теплоходпен «Қазатомпром» компаниясы ғана емес, бүкіл Қазақстан мақтануы керек», «Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған мега жоба», «Мұн­дай кеме Қазақстанды, ТМД ел­дерін былай қойғанда, әлемнің көптеген мемлекеттерінде жоқ» деген секілді жалынды сөздер ай­тылған. Мұны «Пролайн» жоба­лық-дизайнерлік бюросының сайтындағы видеолардан анық көруге болады. Алайда 2014 жылы БАҚ бетте­рінде жарияланған материалдарда кемені қайта жөндеу тапсырылған «Сырдария Жоба Құрылысқа» қатысты дау шығып, компания Еуразия банкінің кепілдігімен жұмыс істегені, өз міндеттемелерін дұрыс орындамағаны, тіпті бас­шысының қашып кеткені, іздеуде жүргені туралы айтылады. Осы жылдың наурыз айында Қаржы полициясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «2014 жыл­ғы 15 наурызда Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері «Сыр­дария-жоба Құрылыс» ЖШС-ның директоры Әлібеков Розматты ұстады. Ол «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бөлген 1,3 миллиард теңгеден астам қа­ра­жатын жымқырды деп айып­талып жатыр», – делінген болатын. Ал кемеге не болды дейсіз ғой. Ratel.kz сайтында 2014 жылы жа­рияланған мақалада «Осы уақытқа дейін яхтаға 7,5 миллиард теңге жұмсалды» деген дерек келтірілген. «Бәйтерек» кемесіне қатысты тағы бір деректі айтпасқа бол­майды. 2014 жылы теплоходқа жөн­деу жұмыстарын жүргізген Өскемендегі «Машзауыт» ЖШС-ның екі қызметкері яхтадан суға құлап, бірін бірі құтқарамын деп, ақыр соңында екеуі де көз жұмған еді. «Теплоходқа кезекті жөндеу жұмыстары өткен жылдың ақпан айында басталған болатын. Сол кезде «Машзауыт» ЖШС өз бри­гадасын қатыстырған. Олар Ертіс өзенінің Аблакетка ауданы аума­ғында кемені қоюға арналған ан­гарды жасаған. Арнайы комиссия­ның қорытындысында 53 жастағы Николай Баржов пен тағы үш қызметкердің теплоходтың екінші палубасында жұмыс істегені көр­сетілген» деп жазылған жергілікті Yk-news.kz cайтында 2015 жылы 7 наурызда жарияланған ақпаратта.

ТҮЙІН:

Сөйтіп, мемлекеттің қаншама миллиард қаражаты шығындалған қымбат кеме аукционға қойылып, саудаға шығарылып жатыр. Қан­шама қаражат жұмсалып, қаншама өңдеуден, жөндеуден өткен яхта енді жеке адамдарға сатылмақ. Осы орайда біз Үлбі металлургиялық за­уытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкийға теплоходтың тарихын, бұған дейін қанша қаржы бөлінгенін, не үшін сатылғалы жатқанын білмек ниетпен сұрау хат жолдадық. Әзірге ешқандай жауап келмеді.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы Фотолар gosreestr.kz сайтынан алынды