«Бәйтерек» кемесі неге сатылғалы жатыр?
Жақында «Қазатомпром» ҰАК» АҚ құрамына кіретін Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты «Бәйтерек» деп аталатын, қазіргі құны 1,9 миллиард теңгеге бағаланып отырған сәнді қызметтік теплоходты саудаға шығарып, тиісті лотты Электрондық сауда алаңына орналастырды. Нысанның сипаттамасында кеменің 4 бөліктен, 2 қабаттан тұратыны, 2018 жылы пайдалануға берілгені көрсетілген. «Корпусы негізінен темірден құралған. Оған жалпы қуаты 2110 аттың күшіне тең екі дизельді двигатель орнатылған. Параходтың ұзындығы – 48,37 метр, ені – 9,6 метр. 12 адамға арналған, пайдалануға толық дайын. Бастапқы баға – 1 962 410 280 теңге. Аукционда баға жоғарылатылады. Саудаласу уақытының басталуы 20 қазанға жоспарланған. Кепілдік жарнасы – 87,5 млн теңге» деп жазылған. «Мұндай қымбат бағадағы теплоход не үшін саудаға шығарылып, не үшін жеке тұлғаларға берілгелі жатыр? Бұған «Қазатомпромның», Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының не қатысы бар?» деп ғаламторға көз жүгірткенімізде, біршама мәліметті кездестірдік.Жәкішевтен қалған жоба
«Бәйтерек» кемесіне немесе ULBA жобасына (ресми мәліметтерде осылай аталады) қатысты әңгіме 2006 жылы «Қазатомпромды» Мұхтар Жәкішев басқарып тұрған кезде басталған екен. Ал қымбат бағалы яхтаны Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су айдынына жіберу кімнің идеясы екені белгісіз. Белгілісі – теплоход Ресейдің Томск облысының Самусь ауылындағы Самусь кеме құрастыру-жөндеу зауытында құрастырылған. Ал кеменің жобалаушысы – Украинаның «Пролайн» жобалық-дизайнерлік бюросы. «Бұл кемені Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінде жүргізу жоспарланған. Яхтаның негізгі қызметі Мемлекет басшысының іскерлік кездесулерін, ірі кәсіпорындардың халықаралық деңгейдегі іс-шараларын, ғылыми конференцияларды өткізуге бағытталған. Осы мақсатта яхта көлемі 200 шаршы метрден асатын бірнеше салондармен жабдықталған. Күнгейдегі палубада ашық бассейн, жоғары палубада тағы бір бассейн мен сауна, көпір палубасында жалпы көлемі 100 шаршы метрден асатын VIP апартаменттер орналасқан» деп жазылған жобалаушы бюроның сайтында. Ал Ресейде жарық көретін «Тарское Прииртишье» газетінің 2009 жылғы 22 шілдедегі санында «Президентская яхта на тарском рейде» деген шағын ақпарат жарияланыпты. Онда Тарыдағы өзен портына «Бәйтерек» яхтасы келіп тоқтағаны, кеменің Томсктегі зауыттан жөндеуден шыққаны, яхта әлі де қосымша жөндеу жұмыстарын (кемені бояу, палубаларды жабдықтау) қажет ететіні туралы айтылады. «Кемеге қанша қаражат жұмсалғаны туралы матростар жарытып ештеңе айтпады, бірақ сақтандыруға 360 миллион рубль кеткенін естіп қалдық» деп жазады Андрей Курников есімді автор.Мега яхтаға қанша миллиард жұмсалды?
Тұрғындар демекші, өңір тұрғындарының көпшілігі біле бермейтін деректерді осы тұста келтіре кетудің орайы түсіп тұрған секілді. Бұл кеменің алғашқы таныстырылымы, яғни суға түсірілу рәсімі 2009 жылы 30 мамырда Ресейдің Томск облысының Самусь ауылында өткен екен. Дәл осындай салтанатты рәсім 2012 жылдың 7 шілдесінде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы Прибрежный ауылында болып, «Бәйтерек» үш бауырлас елдің жобасы ретінде әспеттеліп, «Мұндай теплоходпен «Қазатомпром» компаниясы ғана емес, бүкіл Қазақстан мақтануы керек», «Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған мега жоба», «Мұндай кеме Қазақстанды, ТМД елдерін былай қойғанда, әлемнің көптеген мемлекеттерінде жоқ» деген секілді жалынды сөздер айтылған. Мұны «Пролайн» жобалық-дизайнерлік бюросының сайтындағы видеолардан анық көруге болады. Алайда 2014 жылы БАҚ беттерінде жарияланған материалдарда кемені қайта жөндеу тапсырылған «Сырдария Жоба Құрылысқа» қатысты дау шығып, компания Еуразия банкінің кепілдігімен жұмыс істегені, өз міндеттемелерін дұрыс орындамағаны, тіпті басшысының қашып кеткені, іздеуде жүргені туралы айтылады. Осы жылдың наурыз айында Қаржы полициясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «2014 жылғы 15 наурызда Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС-ның директоры Әлібеков Розматты ұстады. Ол «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бөлген 1,3 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқырды деп айыпталып жатыр», – делінген болатын. Ал кемеге не болды дейсіз ғой. Ratel.kz сайтында 2014 жылы жарияланған мақалада «Осы уақытқа дейін яхтаға 7,5 миллиард теңге жұмсалды» деген дерек келтірілген. «Бәйтерек» кемесіне қатысты тағы бір деректі айтпасқа болмайды. 2014 жылы теплоходқа жөндеу жұмыстарын жүргізген Өскемендегі «Машзауыт» ЖШС-ның екі қызметкері яхтадан суға құлап, бірін бірі құтқарамын деп, ақыр соңында екеуі де көз жұмған еді. «Теплоходқа кезекті жөндеу жұмыстары өткен жылдың ақпан айында басталған болатын. Сол кезде «Машзауыт» ЖШС өз бригадасын қатыстырған. Олар Ертіс өзенінің Аблакетка ауданы аумағында кемені қоюға арналған ангарды жасаған. Арнайы комиссияның қорытындысында 53 жастағы Николай Баржов пен тағы үш қызметкердің теплоходтың екінші палубасында жұмыс істегені көрсетілген» деп жазылған жергілікті Yk-news.kz cайтында 2015 жылы 7 наурызда жарияланған ақпаратта.ТҮЙІН:
Сөйтіп, мемлекеттің қаншама миллиард қаражаты шығындалған қымбат кеме аукционға қойылып, саудаға шығарылып жатыр. Қаншама қаражат жұмсалып, қаншама өңдеуден, жөндеуден өткен яхта енді жеке адамдарға сатылмақ. Осы орайда біз Үлбі металлургиялық зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкийға теплоходтың тарихын, бұған дейін қанша қаржы бөлінгенін, не үшін сатылғалы жатқанын білмек ниетпен сұрау хат жолдадық. Әзірге ешқандай жауап келмеді.Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы Фотолар gosreestr.kz сайтынан алынды