Биыл – Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы уақыт аралығында ұлттық спорт өнері де біршама дамыды. Соның бірі – құсбегілік өнер. Жақында Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы республикалық Құсбегілік федерациясына белгілі журналист, Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли тағайындалған болатын. Екі жылдан бері пандемия салдарынан қарығы ашылмай келе жатқан ұлттық өнердің бүгіні мен болашағы жайлы Берік Уәлимен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
– Берік мырза, әңгімемізге кіріспес бұрын шамалы лирикалық шегініс жасасақ. Жақында ғана сіздің Құсбегілік федерациясына президент болып сайланғаныңызды білеміз. Бұл ұсынысты қабылдауыңызға қандай да бір негіз бар шығар? – Құсбегілік – қазақтың үлкен мәдениетінің бір бөлігі, ата-баба дәстүрінің жарқын көрінісі. Қазақ халқы тұрмыс-салтының ажырамас бір бөлігі. Тіпті, философиялық тұрғыдан айтсақ, аспандағы құсты қолына қондырып, қолғанат қылып жұмсау кез келген халықтың қолынан келе бермейтін бекзат өнер. Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ағамыздың тарапынан осындай қоғамдық қызметке ұсыныс айтылғанда жылы қабылдап, бірден келісімімді бердім. Өйткені Алаш қайраткерлері сияқты ең алдымен қазақтың дәстүрін, мәдениетін, салтын дәріптеуге, соған шама-шарқымыз жеткенінше үлес қосуға тырысу міндетіміз деп білемін. Оған қоса, құсбегілік біздің әулетке де жат емес. Бала күнім ғана емес, қазірдің өзінде көзі қарақты ел ақсақалдарының аузынан «атасына тартқан» деген сөзді естігенде кеудемді мақтаныш кернейді. Атам Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қондырып салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділ «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенді үнемі айтып отыратын. Атамның қасқыр алатын үйдей қара бүркіті туралы хикая бала кезімнен құлағыма сіңген. Сол үйдей қара бүркіт достықтың куәсі екенін кейін білдім. Табиғаттың тілін біліп, аспанның серісі – қыранды қолына қондырған біздің халық адалдық пен ант түсінігіне де ерекше жауапкершілікпен және құрметпен қарағаны байқалады. Атамыз Құрманғали ақсақалдың өзімен жолдас болған бүркітімен арасындағы қимас хикаялар көп. Үй алдында тұғырда отырған томағалы бүркітке әлдебір қонақтың қасқыр алатын төбеті таңға жуық абайсызда шапса керек. Бүркіт оны бүріп өлтірген. Арпалыс кезінде ит топшысын шайнап жіберіпті. Енді аң алуға жарамайтын серігімен атам Құрманғали қимай қоштасыпты. Тарбағатайдың бір биік шыңына апарып, бір бағланды сойып алдына қойып, аяқбау, томағасын алып, еркіндікке жібереді. Саятшылықтың талай қызығын көрсеткен сол қыранымен қоштасуы атамыздың бүкіл қызығымен қоштасуындай болып, жанына батқанын атамыздың жанына ерген немере інісі Шайхсіләм ақсақал жырдай қылып айтып, сағынып отырушы еді. Жаңа жоғарыда бүркітшілік біздің әулетке де жат емес деуімнің бір себебі – осы. Аталған ұсынысқа қуана келісуім де Құрманғали атамнан қалған түз тағысына деген қызығушылығым, құрметімнің бір белгісі іспетті. – Жаңа бір сөзіңізде «құсбегілік өнерін қазақтай ұстанатын халық кемде-кем» дегенге саятын пікір айттыңыз. Құс ұстайтын басқа елдер де бар ғой? – Орынды сұрақ қойып отырсыз. Ол сөзді қазақты басқалардан артық қойғаннан айтып отырғаным жоқ. Расында, солай. Әрине, көптеген халықтарда құс ұстау дәстүрі бар. Бірақ қазақ сияқты өнер деңгейіне көтеріп, құстың түр-түрін ұстап, қаршыға, сұңқар, қыран баптап, оны әлеуметтік байланыстың, дәстүрдің, тіпті дипломатияның айырылмас бөлшегіне айналдырған ел жоққа тән. Дәстүрлі қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардың, билер мен байлардың «құсхана» аталатын қыран құстарды баптайтын арнайы шаруашылығы болған. Кейбір хандарда, тіпті 80-ге дейін құс болғанын тарихтан өзіңіз де оқыған боларсыз. Қазақтың бекзат азаматтарының құсқа құштарлығы жылқыға деген сүйіспеншілігінен кем болмаған. Құстың сыны да аттың сыны сияқты фольклорымызда елеулі орын алады. Ақан серінің «Қараторғай», «Көкжендет» әндері өзінің сырласындай болып кеткен қырандарына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Аты шыққан құсын үйірлі жылқыға бермейтін заман болды. Сондықтан басқа халықтарда құс ұстау болғанымен, біздің жұртымыздай ұлттық дәстүрдің айырылмас бөлігіне айналып, әлеуметтік қатынастарға әсер етіп, өнер деңгейіне көтерілмеген. Сондықтан мен құсбегілік қазақтың ғана өнері деп айта аламын. Сөз орайында бір тарихи әңгіме есіме түсіп отыр. Марқұм Таласбек ағамыздың «Талтүс» романынан оқып едім. 45 жас қана өмір сүріп, қазақ күй өнерін өлшеусіз биікке шығарып кеткен Тәттімбет Қазанғапұлын жақсы білесіз ғой. Көзі тірісінде-ақ «Жақсы Тәттімбет» аталған. Сол Тәттекеңнің ауылына тірлік қамыты әбден жауыр еткен Тоқтамыс атты бір кедей жігіт қонаққа келіпті. Өзі жаз бойы кіре тартып жан бағады екен. Қазақы дәстүрмен қонағасына қойын сойып, қолын қусырып, қанша күтсе де қонақтың қабағы ашылмапты. Сонда Тәттімбет: «Әй, Тоқтамыс, азамат деген атың бар емес пе. Көтер еңсеңді. Сен, өзің болған жігітсің» депті. «Иә, сәт! Тәттекеңнен құт тамса, жаман болмаспын» ырымдаған кедейге ертесі бір жақсы атты көлденең тартып, аттың артына құшақ толар қасқыр ішікті өңгертіпті. Ол аз болғандай алты қанат ақ ордадай құсханасына ертіп барып, бір жас қаршығаны өзі томағалап қолына қондырып, «осы құс саған құт болады» деп шығарып салыпты. «Сөйтіп, итшілеп кіреден таба алмаған сөлкебайды, жұдырықтай құс аспаннан алып берді» дейді. Келесі жылы жазда Тәттекең бәленше деген баймен баяғы Тоқтамыстың үйіне қонаққа барыпты. Алдына келген табақ-табақ құстың етін жеп, құс жастыққа көміліп жатқан байдың қабағы бір ашылмапты. Бірде желдеп далаға шыққанында «Ей, қу кедей, құс жастық сенің не теңің. Құсыңды көрсет» дейтін көрінеді. Сонда Тоқтамыс «Көрсете алмаймын, көзіңіз тиеді байеке» депті. Күзге қарай әлгі бай бір айғыр үйір жылқы беріп, қоярда-қоймай құсты қалап алып кетіпті. Бұл хабарды естіген Тәттекең енді осы жылқыны шашау шығармаңдар, үш жылғы соғым мен сауын менен болсын» депті. Сол құс құмар байдан келген бір үйір жылқы 5 жылда 300 жүз қысырақ болып, 10 жылда кедей Тоқтамыс мыңды айдаған бай болыпты. Көрдіңіз бе? Аталарымыз қандай ірі мінезді, шалқар көңілді, аспан пейілді болған. Құстың құдіреті, қазақ әлеуметіндегі орны осыдан анық көрінбей ме? – Құсбегілік – халқымыздың атакәсібі. Қазір азаматтар дәстүр сабақтастығы мен саятшылықты ұштастырып, көне дәстүрден қол үзбес үшін ұстанып келеді. Жалпы, ел көлемінде қанша құсбегі бар? – Қазір кең жайлауда мамырлап, көлден-көлге қонып, жаз қызығын жайлауда көретін баяғы заман емес. Заманның ықпалымен халқымыздың да өмір салты өзгерді. Енді бұл өнерді сақтап қалудың жалғыз жолы – спорттық жол. Демек, қазір елімізде құсбегілікпен айналысатын азаматтарымыз ата-баба дәстүрін жалғап қана отырған жоқ, сонымен қатар құсбегілікті спорт ретінде дамытуға үлкен үлес қосуда. Жалпы алғанда, елімізде жүзден аса құсбегіні айтуға болады. Олар құсбегі ғана емес, өздерін осы өнерде спортшы ретінде танытып жүрген азаматтар. Ал жалпы қолына құс қондырып, бірақ жарыстарға қатыспайтын, өзі үшін ауыл-ауылда, елді мекендерде салт-дәстүрін сақтап отырған азаматтар бұдан да көп екеніне сенімдімін.Әлемде құсбегілік спорты бойынша біздің елімізде ғана бірегей жағдай қалыптасқан. Мемлекеттік деңгейде қолдау бар. Олимпиадалық спорт секілді жарыста топ жарған жеңімпаз спортшыларымыз атақ-дәрежеге ие болады. Ұлттық спорт қауымдастығы ұйытқы болуымен елшілік жарыстар ғана емес, халықаралық іс-шаралар да өтіп келеді. 2013 жылы әлемнің құсбегілерін Ақмолада жиып, бүркітшілердің халықаралық фестивалін өткізумен басталған үрдіс жалғасын тауып жатыр. 2018 жылы Алматыда өткен ашық Азия чемпионатына 9 мемлекеттің 80-нен астам құсбегілері қатысқан еді. Кеше ғана ауыл-аймақ арасындағы өнеріміз әлемдік дәрежеге танылып жатыр. Бұл жетістіктердің барлығы бір күнде болған жоқ. Бұл ретте осы шаруаның тізгінін ұстап, елімізде дәстүрлі ойындарымыздың насихаты мен кең таралуына үлес қосып келе жатқан Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы, президенті Бекболат Тілеухан ағаларымыздың еңбегін атап өту керек. Федерация жетекшісі ретінде басталған істі әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. – Саятшылық деген үлкен өнер екенін өзіңіз айтып отырсыз. Өткен жылы Ұлттық спорт қауымдастығы ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу бойынша бастама көтеріп, оны Мемлекет басшысы қолдап, заң қабылдаған болатын. Қазір қанша өңірде саятшылық мектептері бар? – Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту – ең маңызды басымдық екенін үнемі айтып келеді. Бұқаралық спорт дегенде біз қазақтың көп шоғырланған ауылдық жерлерді, ауылдық елді мекендерді де қамтитынын түсінеміз. Сондықтан былтыр заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, ұлттық спорт түрлерін қолдау мен дамыту мақсатында олар мектеп бағдарламасына енді. Қазір алғашқы кезеңде бағдарламаға «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» және «Қазақ күресі» бірінші лекпен енгізілуде. Бұдан кейін ұлттық спорттың басқа да түрлері кезең-кезеңімен факультативті түрде, балама пән ретінде енгізіледі деп жоспарланған. Құсбегілік еліміздің барлық өңірінде толықтай мектеп бағдарламасына кіреді деп айта қою қиын. Дегенмен Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен тізімде бұл спорт түрі бар. Тиісінше, құсбегілер көп шоғырланған, бүркітшілік кең дамыған облыстарда, жекелеген бір аудандарда, жекелеген мектептерде құсбегілікті таңдаулы пән ретінде бағдарламаға қосуға мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Қазір барлық облыста дерлік ұлттық спорт мектептерінің жанында саятшылық бөлімдері ашылған. Болашақта Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ашамыз деген жоспар бар. Осы шаруаны сеніп тапсырып, сеніммен қолға алған соң, бұл істің де алға жылжуына барынша үлес қосамыз. Бұйыртса, 8 қазанда Ұлттық кітапханада Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт түрі – құсбегілікті Қазақстан Республикасында және халықаралық деңгейде дамыту мәселелері туралы алқа мәжілісі» өтеді. Сол алқалы жиында көп мәселелер талқыланып, алдағы даму жоспарымыз бен бағытымыз айқындалады деп ойлаймын. – Пандемия салдарынан екі жылдан бері жоспарланған біраз сайыс кейінге қалып жатыр. Биыл да құсбегіліктен әлем чемпионаты өтетіні жайлы Ұлттық спорт қауымдастығының күнтізбелік жоспарына енген болатын. Алайда жағдай күрделі. Жалпы, осы саланы дамыту бойынша атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайлы айтсаңыз. – Иә, пандемия өміріміздің көптеген саласына өз әсерін тигізді. Оның ішінде спорттық шаралар бойынша да көптеген шектеу болды, жарыстар кейінге қалды. Тіпті, Токиодағы Олимпиаданың өзі бір жылға шегеріліп өткенін көзіміз көрді. Еуропа, Азия, әлем чемпионаттарының уақыттары өзгерді. Қауымдастықтың құсбегілікке байланысты жоспарлаған шараларының біразы кейінге қалды, біразының уақыты өзгерді. Дегенмен қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Осыған сәйкес, ішкі және халықаралық деңгейдегі жарыстарымызды жүйелі әрі уақытылы өткізуге тырысамыз. – Мынау қазақтың дәстүрлі ән мектебі секілді, құсбегіліктің де елімізде қалыптасқан бірнеше мектебі бар. Сонау Жалайыр Шорадан бері орныққан Жетісу мектебі, Тарбағатай-Сауыр-Сайхан, Арқаның дала қырандары, Оралдың орауызы дегендей. Қазір елімізде алдыңғы қатарда дамып келе жатқан қай өңір? – Бізде жалпы барлық өнер түрлерін осылай бөліп қарастыру етек алып кеткен. Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазынамыз. Оны мектептерге бөлу дегенді өз басым қабылдай алмаймын. Алтайдан Атырауға дейінгі ежелгі құсбегілердің қолданған кәсіби атаулары да, құсбегілікке байланысты кәсіби құралдар да бірдей. Бұл – біртекті өнер. Мына өңір мықты деп ат қойып, айдар таға қою қиын. Мысалы, соңғы жылдары елімізде ғана емес, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген атыраулық Арман Қошқаровты айтсаң, мына шығыстағы Тәттімбет Кәпұлы бастаған дәстүрлі саятшыларымызды қалай атамай кетесің. Болмаса Жетісудағы Жалайыр Шора салған сара жолды жалғастырып, ұрпақ сабақтастығын үзбей отырған бүркітшілерімізді осал дей алмаймыз ғой. Әйтпесе, жылда халықаралық деңгейде саятшылық чемпионатын өткізіп келе жатқан Көкшедегі Мәсіп Батырханұлының ұрпақтарын немесе осы Ақмолада, Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде бүркітін шаңқылдатып отырған Күнтуған Тоқтыбайұлының ұрпақтарын текке қарап жүр деп айта алмасымыз анық. Дегенмен бүркіт ұстап, саятшылық құруға жердің, ауа райының мүмкіндік бермейтін өңірлері бар. Мысалы, Шымкентте, Түркістан облысында қыста қар болмай қалатын кездер болады. Ол жаққа сендер құсбегілікпен айналыспадыңдар, бүркіт баптамадыңдар деп қалай айтасың? Ал осы саятшылыққа таптырмас табиғаты, аса қолайлы ауа райы болса да бүркіт ұстап, аң қақпайтын өңірлеріміз де баршылық. Мысалы, СҚО, Қостанай, Ақтөбе облыстары нағыз алты ай қыста алтайы қызыл түлкіні бұлаңдататын өңір, алайда құсбегілік кенжелеп келеді. Сол үшін де жоғарыда айтқанымдай, осы өңірлерде құсбегілік мектептерін ашуды көздеп отырмыз. – «Ұша берсем қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр шора алады» деген түз тағысын қолға қондырып, «Тінейдің сары құсы», «Қанайдың Қаракері», «Тулақтың шолағы», «Мәтімұсаның 13 құйрығы», «Жабайдың қара шегірі» деп аты аңызға айналғанын білеміз. Сол аңызға айналған қырандардың бүгінгі жайы қалай? Қазақстан өңірінде құсбегілікке баулуға жарайтын қанша бүркіт бар? – Бұл істе Тарбағатай-Үржар, Атырау-Үстірт, Арқа-Жетісу жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Әсіресе, шығыста балапан алу немесе түз құсын ырғаққа отырғызу арқылы баулу біршама ілгерілеген. Ертедегі аталарымыздан қалған, балапан алатын не тормен дала құсын ұстайтын әр өңірдің өзіне белгілі мекендері бар. Сондықтан мына жердің бүркіті алғыр, мына жердің құсы құр далбақтап ұшады деу артық. Арқаның дала қырандары шығыс пен Жетісудың тауларында тартынып қалуы мүмкін. Немесе Атыраудың адырлы жеріне үйренген бүркіт Арқаның жалпақ жазығынан сескенуі мүмкін дегендей. Шығыстың орманынан, Жетісудың жоталарынан қасқыр қаққан қырандар Сарыарқада қарсақ ала алмай сандалуы әбден мүмкін. Әр жердің өз ерекшелігі бар. Сол ерекшелігінің арқасында жаңағы айтқан құсбегілер жақсы нәтиже көрсетіп, халықаралық жарыстарда жүлдегер болып жүр. – Құсбегілердің мәселелеріне тоқталсаңыз. Мысалы, бір жерге сайысқа бару үшін бүркітті тасымалдау мәселесі қиын. Пойызда не ұшақта алып жүруге рұқсат жоқ. Осы мәселенің шешімін табуға бола ма? – Федерацияның басшылық қызметін, жауапкершілігін алып отырғаннан кейін құсбегілерге қатысты сұрақтармен, олардың маңызды мәселесімен таныспын. Оның ішінде өзің айтып отырған бүркіттерді сайысқа апарудағы тасымал мәселесі бар. Осыған дейін бұл мәселе бір рет қауымдастықпен көтеріліп, жоғары деңгейде шешімін тапқан еді. Соңғы жылдары осы сұраққа қайта оралуға тура келіп тұр. Бұл бойынша жұмыстарды бастап та кеттік. Бұйыртса, осыған жауап беретін теміржол, әуекомпанияларымен бірлесіп оң шешімін табамыз деп сенеміз. Қазір тиісті органдарға хат жолданды. Сонымен бірге бұл саланың негізгі мәселелерінің бірі – зерттеу ісінің кенжелігі. Құсбегіліктің тарихы, кәсіби атаулары, саятшылық құру, салбурын салудың әдептері мен мезгілдері, құстың түрлері және оны алу, үйрету, баптау мәселелері, бұл ерекше өнердің қыр-сырлары туралы толыққанды зерттеу еңбегі қажет-ақ. Бекболат Тілеухан ағамыздың қауымдастық президенті ретінде алдымызға қойып отырған межесі – осы шаруаның ғылыми негіздеріне ден қою. Ақсақалдар азайған сайын біз қаншама қазынадан айырылып жатқанымызды айтудың өзі қиын. Бүгінде балдақ пен тұғырдың айырмашылығын білмейтін құсбегілер өсіп келеді. Біз бұл мәселелермен кешенді түрде айналысуымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазынамыз. Оны мектептерге бөлу дегенді өз басым қабылдай алмаймын. Алтайдан Атырауға дейінгі ежелгі құсбегілердің қолданған кәсіби атаулары да, құсбегілікке байланысты кәсіби құралдар да бірдей. Бұл – біртекті өнер.
Әңгімелескен Әлихан ИСМАН