Мақтааралдықтар алғыс айтты
Мақтааралдықтар алғыс айтты
174
оқылды

Өткен жылы табиғат апаты салдарынан аса қиын жағдайды бастан өткерген мақтааралдықтардың тіршілігі бүгінде қалпына қайта түсті. Негізгі тіршілігі ауылшаруашылық саласы, әсіресе мақта өсіру шаруашылығымен тікелей байланысты ауданда ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің мақтааралдықтармен жүздесіп, бүгінгі жағдайды көзбен көру үшін Өзбекстан Республикасынан арнайы келген министрлермен кездесіп, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыру барысында белгілі болды.

Оңтүстік өңірге арнайы келген Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, Президент кеңесшісі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруа­шылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған делегация облыс­тағы ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкелген өзгерістерге куә болып, мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті.  Қонақтар еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серік­қали Брекешов және облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге мақта­аралдықтардың бүгінгі тыныс - тіршілігімен танысты. Айта кетейік, былтыр Мақта­арал ауданындағы су басқан 7 500 гектар егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстарына көрші елден қолдау көрсетілді. Көрші елден 40 арнайы техника мен 250 тонна мақта шиті жеткізіліп, суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмек­тесіп, мақта дақылын қайта егіп берген еді. Мырзашөл топырағына егіл­ген өзбекстандық «Сұлтан» мақта сұрпы жоғары сапалы өнім берді. Арнайы делегация «Алмат» шаруа қожалығының мақта терім алқабында болып, диқандармен жүздесті. Қуаңшылыққа қарамас­тан ағын суды артығымен пайда­ланған шаруалар биыл мол өнім алуды көздеп отыр. Өңірде мақта бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Түркістан облысында 18 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеттері арқылы 1 тонна шитті мақта 300 мың теңгеге қабылданып жатыр. Жоспарланған егіс көлемінің 33 мың гектары теріліп, 70 мың тоннадан астам өнім жиналды. Айтайық, соңғы 30 жылда алғаш рет оңтүстік өңірінің шаруалары егістікке кедергісіз ағын су ала бастады. Нәтижесінде, мақта терімі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл жетістіктер – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстардың нығая түсуінің нәтижесі. «Күндіз - түні тынбай еңбек еткеннің арқасында биыл мақта бітік шықты. Баға да көтерілді. Қазір келісін 300-320 теңгеден сатып жатырмыз. Көрші Өзбек­стан елімен келісімге келіп, ағын суды артығымен алдық. Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, көрші елмен орнаған достық қатынастың арқасында жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Мемлекет қолдауымен ты­ңайт­­қыш пен жанар - жағармай жеткілікті. Ел риза. Диқандар табысын арттырып алатын болды», – дейді «Бағдат» шаруа қожа­лығының басшысы Дәулетбай Жорымбетов. Биыл жалпы 110 мың га жерден 280 мың тонна шитті мақта теру жоспарланған. Мақта тал­шығы Еуропаға экспортталады. Сонымен қатар жиын-терім жұ­мыс­тарына 43 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның бағасы литріне 172 теңгеден босатылып жатыр. Өткен жылы болған төтенше жағдайға қарсы табанды күрес, бүкілхалықтық ауқымды жұмыс­тар жүргізу және ағайын арасын­дағы ауызбіршіліктің арқасында аудан орталығы Мырзакентте жаңа қалашық бой көтерген болатын. Өзбекстаннан келген делегация Мырзакент жаңа шағын­ауданында салынған 1 200 орын­дық мектеп құрылысымен танысты. Жақын күндері ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Онда орнатылған заманауи қондырғылар мен мектепте ендірілген өңірде бұрын-соңды болмаған жаңа жобаның мүмкін­діктерін жоғары бағалады. «Өздеріңізбен қайта қауыш­қанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы болған төтенше жағдай бауырлас екі ел үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Өздеріңізге белгілі, жағдайды естіп, мақта­аралдықтардың тағдырына алаң­даған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен Мақтааралға мемлекеттік деңгей­де қолдау көр­сетілді. Бірде-бір адам қамқор­лықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Тасқын судың зардабын жоюға көрші Өзбекстан елінен көмек келіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Бауырлас өзбек халқымен жарқын кезеңдер мен сынақ сәттерде де біргеміз. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас ел­дігінің айқын дәлелі болды. Қиын сәттер артта қалып, әр отбасына тек бақытты күндер бұйыр­сын», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы. Жаңа мектепке жиналған мырзашөлдіктер Мақтааралдың жаңа кейіпке еніп, бұрыннан да ажарлана түскенін мақтанышпен жеткізіп жатты және бастан өткен қиын сәтте жұмыла  көмек қолын созған баршаға алғысын айтты. Сондай-ақ халықтың қиындық кезінде тыныш тұрмыс іздеп, басқа жаққа үдере көшпегенін де тілге тиек етті. «Қиындықтар ұмытылып, туған өлкеміз бұрынғыдан да гүлденіп келеді. Қаншама жаңа ғимараттар, емдеу мекемелері салынды. Айнала көкке оранып, ауданымыз ажарлана түсті. Өзбек­стан халқымен ғасырлар бойы бір­ге өсіп келеміз. Ол жақта аға­йын-туыс тұрады. Бір өзеннен су ішіп, бір ауамен тыныстанған туыс халықпыз. Қиындықта көмек бе­ріп, қуанышымызды да бөлісіп отыр», – дейді Мырзакент ауылы­ның тұрғыны Шахзада Құрбан­баева. Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан аймақтағы әрбір тұрғын, яғни 6 214 азаматқа республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат аударылды. Қаржылай көмек беруге отандық және өзбекстандық кәсіпкерлер де атсалысты.  Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айырылған азаматтарға мал шығыны толы­ғымен төленді. Оларға «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы өтемақы ұсынылды. Ал су басқан көптеген ауыл тұрғындарының үйлері сол елді мекенде қайта қалпына келтірілді. Бүгінде олар өздері қалаған жобамен заманауи үлгідегі үйлерін салып алды. Өңірге бас-аяғы 3 айдың ішінде бұрын-соңды болмаған 30 млрд теңгеден астам инвестиция құйыл­ды. Бүгінде жаңарған Мақтаарал тұрғындарының бұрынғы тіршілігі қалпына түсіп қана қоймай, тұрмыстық жағдайдың бұрынғы­дан жақсара түсуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Келесі кезекте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзбекстандық ар­найы делегацияны Жетісай қаласындағы «Қыдыр ата» жекеменшік емханасының жұмысымен таныстырды. Заманауи жабдық­талған медициналық мекемеде 120 емделушіге дейін ем қабылдай алады. Клиника дәрігерлері 100 шақырым жерде орналасқан ташкенттік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы