Жолдан да, малдан да көрдік қауіпті
Жолдан да,  малдан да көрдік қауіпті

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары апаты салдары­нан болатын өлім мен жара­қат алу азаймай отыр.

Бүгінде автокөліктердің бір-бірімен ғана емес, тасжолдардан әрлі-берлі өтетін ірі қара мал­мен түйісіп, жол-көлік оқиғасына се­беп болуы жиіледі. Елімізде үй жануарларының қа­тысуымен болған жол-көлік оқиғалары жылдан-жылға көбейіп барады. Тек былтырдың өзінде мал қағу деректері бойынша жүзден аса оқиға тіркеліп, салдарынан қы­рық­қа жуық адам қаза тапқан. Жал­пы, мал соғылып, жылына не­ше апат болатыны белгісіз. Се­бебі көлік пен малдың соқтығысуы салдарынан адам­дар зардап шеккенде ғана құ­зырлы органдарда оқиға тіркеледі. Малдың қатысуымен бола­тын жол-көлік оқиғаларының дені Батыс Қазақстан мен Атырау об­лыстарының тасжолдарында көбі­рек болады. Тұрғындарға «Малды қазір қол­ға ұстаңдар. Бағыңдар» де­ген­мен жайылым жерлердің топы­раққа айналғаны малшыларды да, азын-ауық малмен күн көріп отыр­ған тұрғындарды да алаңдатып отыр. Атырау өңірінде ірі қара малы бар тұрғындарға жарық шағы­лыс­тырғыш ленталар таратылып бе­рілді. Бұл іс-шара өткен жылдан бе­рі қолға алынды. Биыл сол іс-шаралар жалғасып, мал иелеріне жарық шағы­лыс­тыр­ғыш таспа-ленталар мен спрейлер таратылуда. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақта­нуына малға тағылған жарық ша­ғылыстырғыштың көмегі көп. Атырау облысы Полиция де­партаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас­шысы Мейірім Ердәулеттің ай­туынша, малға тағылатын жарық шағылыстырғыш жабдықтар Аты­рау – Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңыздағы авто­көлік жолының Жылыой ауданы тұсындағы, автокөлік жолына жа­қын орналасқан және үй ж­а­нуарларының жолға шығу қаупі бар деген 4 шаруа қожалығы ие­леріне табыс етілген. Бұдан басқа Атырауда респуб­ликалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда автоматты жыл­дам­дық өлшегіштер жұмыс істейді.
– Атырауда облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы республикалық Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Атырау – Орал және облыстық маңызы бар Атырау–Индер тасжолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылды. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті – жылдамдықты шамадан тыс арт­тырған көліктерді анықтап, сол ар­қылы жүргізушілерді заңда көз­делген әкімшілік жауапкершілікке тарту – деді, Атырау облысы По­лиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Айта кетейік, Атырау облысы аумағында Патрульдік полиция ро­тасының қызметкерлері респуб­ликалық маңызы бар тасжолдарда жыл басынан бері жылдамдық асырған 11905 фактіні анықтап, жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды.

Жол апаты үшін аудан әкіміне сөгіс берілді

Батыс Қазақстан мен Атырау облысы аралығындағы тасжолдың жай-күйі жұртшылыққа ғана емес, осы өңірлерге сапарлаған жолау­шыларға да мәлім. Сондықтан да болар, Атырау мен Орал қалаларынан шыққан жолаушылар мен көлік жүргі­зу­шілер жандарының амандығы үшін Жаратушыға жалбарынып оты­­рады. Биыл жазда бір шаңы­рақ­тағы үш адам қаза тапты апат­тан соң, тіп­ті үрей күшейе түсті. Орал – Аты­рау тасжолында жеңіл көлік екі жылқымен түйісіп, бір үйдің атасы, әкесі, баласы қаза тапты. Екі адам жарақат алды. Жылқы иесінің анық­талмауы Ба­тыс Қазақстан өңірінде малды таң­балау, жол жие­гіне шығармау жұмысының жолға қойылмағанын көрсетті. Сол се­бепті облыс әкімі аудан әкімі мен об­лыстық Вете­ри­нария басқарма­сының басшысын сынға алды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев ел назарын ау­дарған жантүршігерлік оқиғаға байланысты Ақжайық ауданының әкіміне сөгіс берген болатын. Содан бері де көрші өңірде мал­ды таңбалау, сырға салу жұ­мыстары баяу жүріп жатқанға ұқ­сайды. Жуырда ғана өңір басшы­сының қатысуымен өткен жиында осы мәселеге ерекше назар ауда­рылған. Батысқазақстандық әріп­тестер берген мәліметке сүйенсек, жиында сөз алған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ж.Жаншиннің айтуынша, жол бойында қараусыз жүрген 666 бас мал уақытша мал қамайтын орын­ған қамалған, 2 715 мал иесіне айыппұл салынған. Десек де, Атырау мен Оралдың ортасында жолаушылар таситын жүргізуші Есет Жұмекеновтің ай­туынша, жол сапасының азабына қараусыз малдың тасжолға шығып, көлікке қарсы жүруі қосылып, қауіпті еселетіп жіберген.
– Жол-көлік оқиғалары көп. Жол апаттары мәселесінің шешілуі алдымен көлік жүргізушілер мен малы бар тұрғындарға қатысты. Бірі жылдамдықты асырмай, жолда мәдениетті жүруді үйренсе, екін­шісі малының қайда жүргеніне назар салса, жол-көлік апаттары сирер еді. Адам өлсе, өкініші кет­пейді, мал өлсе отбасы азықсыз, қаржысыз қалады. Мүгедектіктің азабынан сақтасын. Мұны терең­нен ойлайтын уақыт келді емес пе? – дейді жолда болған оқиғаларды жиі қадағалап жүрген Есет аға.
Ірі қара малдың иесі Алдан Ра­хымның айтуынша, алдымен жол­дың шетіне металл қоршаулар ор­натып немесе төмпешік етіп топы­рақ үйген дұрыс. Мал иелері жыл­қылардың үстіне көлік жарығына шағылысатын арнайы матадан жабынды тігіп, кигізу керек. Әркім өз малының амандығы үшін осы­лай жасағаны жөн. Аймақтар арасындағы жолдар тегіс, жүргізушілердің көлік жүр­гізу мәдениеті болмаса, жол-көлік оқиғалары азаймайды. Оған ірі қара малдың қатысуымен болатын оқиғаларды қосыңыз. Жарыққа көзі шағылысатын жылқы малы­ның аяқтары мен үстеріне жарық түскенде жарқырайтын матаны орап, сиырлардың мойнына қо­ңырау, құлақтарына сырға салма­йынша, жол-көлік оқиғаларына жауапты тұлғаларды табу мүмкін емес. Бұл мәселеде жауапты адам анықталмаса, мәселені зерделеп шешу де қиын.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы