ШҚО-да үйінен қашып кеткен оқушы қыз Алматыда сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен
ШҚО-да үйінен қашып кеткен оқушы қыз Алматыда сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен
Сурет: pixabay.com
234
оқылды
Семей қаласының Полиция басқармасына 49 жастағы әйелден өтініш келіп түсті. Ол 12 қыркүйек күні кешке сағат 18:00 шамасында үйден қашып, қайтып оралмаған 14 жастағы қызын іздеуге көмек көрсетуді сұрады, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. Қабылданған шаралар нәтижесінде 15 қыркүйекте ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері Семей қаласы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, үйінен қашқан кәмелетке толмаған қызды Павлодар қаласынан тапқан. Белгілі болғандай, қыз «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы көрші қалада тұратын жігітпен танысып, онымен кездесу үшін үйінен кетуге шешім қабылдаған. Жасөспірім тәртіп сақшыларына үйден өз еркімен кеткенін айтқан, себебі ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтін болып шықты. Оқушы қыз Семей қаласына жеткізілгеннен кейін жедел уәкілдер оны туыстарына тапсырды. Осыған ұқсас оқиға Өскеменде болды, 48 жастағы әйел 1 қыркүйекте қалалық Полиция басқармасына хабарласып, кәмелетке толмаған қызының жоғалғанын айтқан. Оның 8-сыныпта оқитын қызы маусым айының соңында үйден кетіп қалған. Анасы баласын Алматыдан тауып алып, үйіне алып келмек болған. Қаладан шығар алдында жанармай бекетіне тоқтаған сәтте қызы қайтадан қашып кеткен. 19 қыркүйекте жедел іздестіру іс-шаралары барысында ШҚО ПД Криминалдық полиция қызметкерлері оны Алматыдан тапты. Онымен сөйлескен жедел уәкілдер оның үйден өз еркімен кеткенін анықтаған, ол Алматыда өмір сүргісі келіп, сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен. Тәртіп сақшылары оны ата-анасының үйіне қайтарды. Осы қыркүйекте полиция тағы бір кәмелетке толмаған адамды тапты. Тамыз айында Семей қаласының Полиция басқармасына 20 жастағы жас жігіт 17 жастағы қарындасы 17 тамыз күні таңертең үйден шығып, содан кейін оралмағанын айтып шағымданған. Қыздың қалтасындағы ұялы телефон сөндірулі болған. 20 қыркүйек күні Криминалдық полиция қызметкерлері оны Нұр-Сұлтан қаласында жұмысқа орналасып жатқан кезде тауып алған. Әңгіме барысында ол алдымен Түркістанға келіп, әлеуметтік желіде бұрын танысқан жігітімен елордаға келгені белгілі болды. Полиция кәмелетке толмаған баланы туыстарына қайтарды. Жоғарыда аталған қыздардың барлығы арнайы қосымшалар арқылы басқа қалаларға таксимен жетіп отырған.