Жамбыл облысында заңсыз аң аулаған әкім ұсталды. Браконьер «болыс» Талас ауданы Бөлтірік шешен ауылы маңында аңшылық жасап жүрген жерінен құрықталған. Заң бұзушыларды «Сапсан» жедел жасағы ұстаған. Олар күдікті көлікті байқап, ізіне түседі. Браконьерлер қашуға әрекет етіп, атып алған қырғауылдары мен мылтықтарын шеңгелдің арасына жасырған. Алайда айналаны тінту барысында 12-ші калибрлі 2 мылтық пен 13 оқ табылған. Тергеу барысында ұсталғандардың бірі Кеңес ауылдық округінің әкімі екенін мойындаған. Мемлекеттік қызметкерге айыппұл салынып отыр. Ал Әдеп кодексі бойынша ол қандай жазаға тартылары белгісіз. «Сапсан» жедел қызметінің басшысы Абай Кенжебектің айтуынша, ұсталған әкім 1990 жылы туылған азамат екен. Браконьер «болысқа» қатысты бұдан басқа ақпарат әзірге белгісіз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы